Accessibility links

"Діни алауыздық тудырған" Шымкент тұрғыны сотталды


Шымкент қаласының Абай аудандық соты. 4 қазан 2018 жыл.
Шымкент қаласының Абай аудандық соты. 4 қазан 2018 жыл.

17 қазанда Шымкенттегі Абай аудандық соты “діни алауыздық тудырды" деген күдікке ілінген 29 жастағы Имран Музаффаровты екі жарым жылға түрмеге қамау туралы үкім етті.

Судья Эленора Бакирова Имран Музаффаровты Қылмыстық кодекстің 174-бабымен ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру") айыпты деп танып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сотталушының адвокаты Закир Асадовтың Азаттыққа айтуынша, сотталушы тарап оқылған үкіммен келіспейді және апелляциялық шағым түсіреді.

3 қазанда іс бойынша жарыссөз өтіп, онда прокурор Фараби Әйтімбетов айыпталушының 2014 жылдан бері "әлеуметтік желі арқылы ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты тудыратын материалдарды таратқанын", сот отырысында мұның "дәлелденгенін" мәлімдеген. Прокурор айыпталушы өз айыбын толық мойындағанын ескеріп, оған үш жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған.

Адвокат Закир Асадов Имран Музаффаровты айыптайтын дәлелдер толық емес деп есептейді. Дегенмен, ол сотта айыпталушы айыбын толық мойындағанын және істеген ісіне өкінетінін, кәмелет жасқа толмаған екі баласы бар екенін ескеріп, соттан шартты жаза кесуін сұраған.

Имран Музаффаров бес айдан бері қамауда отырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG