Accessibility links

CNN: Ресей ядролық бункерлерін жаңартқан


Ресейдің С-400 зенит-зымыран кешендері (Көрнекі сурет).
Ресейдің С-400 зенит-зымыран кешендері (Көрнекі сурет).

Ресей Калининград облысындағы ядролық қару қоймаларын модернизациялады. Бұл туралы CNN ImageSat International жекеменшік компаниясының спутниктен түсірілген бейнелеріне сілтеме жасап хабарлады.

CNN 19 шілде мен 1 қазан аралығында түсірілді делінген суреттерді жариялады. Ол суреттерден Приморск қаласы маңындағы 40 бункерде жаңалау жұмыстары жүргізілгенін байқауға болады. Мұнда Ресейдің Балтық теңізіндегі үлкендігі жөнінен екінші ірі порты орналасқан.

Телеарна журналистері Калининградтан солтүстікке қарай орналасқан "Чкаловск" әскери базасында да құрылыс жұмыстары жүргізілгенін айтады. Таяуда мұнда Балтық флоты әскери авиациясының ұшақтары жеткізілген. Олар Черняховск қаласында уақытша орналасқан. CNN мәліметінше, ресейлік әскерилер Черняховскіге "Искандер" зымыран кешенін жөнелткен.

АҚШ-тың Еуропа мен Африкадағы әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы Джеймс Фогго CNN-мен әңгімесінде Ресейдің Калининград облысындағы әскери әлеуетін күшейтуі НАТО-ға тежеу бола алмайтынын мәлімдеді. Ресей жағы телеарна таратқан ақпараттарға әзірге комментарий берген жоқ.

НАТО былтыр Литва, Лавтия, Эстония және Польшаға жедел әрекет ететін төрт мың сарбазын ротациямен орналастырған. Ресеймен қақтығыс бола қалған жағдайда бұл жедел әрекет ету күштері негізгі әскер келіп жеткенге дейін жауға тойтарыс бере тұрады.

Ресей 2014 жылы Қырымды аннексиялап алған соң НАТО Шығыс Еуропадағы әскери әлеуетін біршама күшейткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG