Ауғанстанда бүгін парламенттің төменгі палатасына сайлауға дауыс беру басталды. Әу баста 2015 жылға жоспарланған бұл саяси шара сайлау реформасына байланысты айтыс-тартыс пен 2014 жылдың соңында НАТО күштері елдегі қауіпсіздік үшін жауапкершілікті ауған күштеріне өткізіп бергеннен кейінгі тұрақсыз жағдайға байланысты кейінге шегеріліп келген.
Ауғанстан үкіметі елде үкімет күштері мен содырлар арасында қақтығыстар жалғасып жатқанына қарамастан сайлауды қалыпты, ашық өткізуге тырысып жатыр.
Бұл жолғы сайлауда бүкіл ел көлемінде 19 мыңға жуық сайлау учаскесінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 50 мың полиция қызметкерлері және әскерилер жұмылдырылған.
Сайлауалды кезеңде «Талибан» радикалдық қозғалысы мен «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы ұйымдастырған шабуылдардар көп адам мерт болған. Соңғы үш аптаның ішінде парламент сайлауына түскен екі кандидат пен ондаған бейбіт тұрғын мерт болған.
Қазанның 17-сінде шабуылдан беделді әскери жетекші, Кандагар уәлаяты полициясының басшысы, генерал Абдул Раззак, Кандагар уәлаяты барлау қызметінің басшысы Абдул Момин мен бір ауған журналисі қаза тауып, үш америкалық азамат жараланған. Ауғанстан билігі Кандагар уәлаятында парламент сайлауын өткізуді кейінге қалдырған. Сол тәрізді, «Талибан» қозғалысы бақылауындағы 10 ауданда сенбіде сайлау өтпейді деп хабарланды.
ПІКІРЛЕР