Accessibility links

"Ермегияевке қамқорлық жасаған" бұрынғы түрме басшылары сотталды


"Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ермегияев сотта қорғаушыларымен сөйлесіп отыр. Астана, 13 мамыр 2016 жыл.
"Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ермегияев сотта қорғаушыларымен сөйлесіп отыр. Астана, 13 мамыр 2016 жыл.

Астананың Байқоңыр аудандық №2 сотында сыбайлас жемқорлық айыбымен сотталған Талғат Ермегияевке қамқорлық жасау ісі бойынша сотталушыларға үкім оқылды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, судья Айжан Көлбаева ЕЦ-166/10 түзеу мекемесінің бұрынғы бастығы Нұрлан Әбенді үш жылға, оның бұрынғы орынбасары Талғат Мұсаевты екі жылға соттау туралы үкім шығарды. Сотталушылар түрмеде жазасын өтеп жатқан Талғат Ермегияевке қолайлы жағдай жасап, өкілеті мен қызмет бабын асыра пайдаланды деп айыпталды.

Судья сонымен қатар сотталушыларды шенінен айыру туралы ұсыныс жасауға қаулы шығарды.

Тергеу ұйғарымынша, түрме басшылығы Талғат Ермегияев Астанадағы қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеп жатқан кезінде оған заңсыз кездесулер ұйымдастырып, шектен тыс сәлемдеме бергізген.

Бұл іс бойынша сот отырысы жабық өтті, оған БАҚ өкілдерін қатыстырмады.

Талғат Ермегияев 2016 жылы 9 маусымда "Астана ЭКСПО-2017" компаниясындағы қаржы жымқыру ісі бойынша "аса ірі көлемде пара алды" және "өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иеленді" деген айыптармен 14 жылға сотталған. Ермегияев өзіне тағылған айыптармен келіспейді. Іс бойынша 23 адам сотқа тартылған. Тергеу деректері бойынша,"Астана ЭКСПО-2017" компаниясынан барлығы 10,2 миллиард теңге ақша жымқырылған.

Биыл маусымда Алматының экс-прокуроры Ғабит Миразов "сотталушы Талғат Ермегияевпен заңсыз байланыс орнатқаны және оны қорғаштағаны үшін" прокурор қызметінен босатылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG