Accessibility links

Интернетке "діни аудио жүктеген" Щучинск тұрғынының соты жалғасты


Дадаш Мәженов әйелі Юрана Исмағұлова сот залында отыр. Щучинск қаласы. 22 қазан 2018 жыл.
Дадаш Мәженов әйелі Юрана Исмағұлова сот залында отыр. Щучинск қаласы. 22 қазан 2018 жыл.

22 қазанда Ақмола облысының Бурабай аудандық сотында "терроризмді насихаттады" деп айыпталған 28 жастағы Дадаш Маженовтың соты жалғасты. Ол 2015 жылы Вконтакте әлеуметтік желісінде ашып, кейін жойған аккаунтында жүктеген аудиофайлдары үшін айыпталған. Істі судья Жанна Салықбаева қарап жатыр.

Процесті Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюроның Ақмола облысындағы өкілі Ғинаят Ғабдуллина бақылап отырды.

Сот процесінде Дадаш Мәженов судьяға Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған арызын оқып берді. Онда сотталушы өзін және достарының жазықсыз сотталып отырғаны туралы мәлімдеген.

- Дін туралы ешкімге ешқашан үгіт насихат айтқан емеспін. Отбасымнан өзге мәселем жоқ. Әрине, кейін әлі жасқа толмаған ұлым өскен соң оның мұсылман екенін, намаз оқуы міндетті екенін айтамын. Мен қалыпты салафизмді ұстанамын. Біз басшымызға (президентті айтады - ред.) ешқашан қарсы шықпаймыз және оған шақырмаймыз,- деді ол Азаттыққа үзіліс кезінде.

Дадаш Мәженовтың айтуынша, оны "Вконтактедегі" үш жыл бұрын жүктеген аудиофайлдары үшін соттап жатыр. Ол аудиоларға теологиялық білім жоқ маман сараптама жасаған деп санайды.

Түстен кейін Дадаш Мәженовтың қорғаушысы Ирина Мәженова жаңадан ауысқан прокурор Мағжан Саримовтың істен хабарсыз екенін айтып, судьядан оны ауыстыруды сұрады. Бірақ судья адвокат арызын қанағаттандырмады.

Адвокаттардың бірі Бауыржан Азанов айыпталушы Дадаш Мәженов тыңдаған аудиофайлдарға жасалаған тәуелсіз сараптамамен сотты таныстырып, оны жасаған маманды сотқа шақыруды сұрады. Судья Салықбаева өтінішті қанағаттандырмайтынын мәлімдеді. Келесі сот отырысы 5 қарашада өтеді.

Дадаш Маженов пен Щучинск қаласының тағы бір тұрғыны Ғалымжан Әбілқайыровты 2018 жылдың 23 сәуірінде "терроризмді насихаттады" деген айыппен әлеуметтік желідегі аккаунтарына жүктеген аудиофайлдары үшін тұтқындаған.

Ғалымжан Әбілқайыровты Бурабай аудандық соты 2018 жылдың 19 қазанында 7 жыл 7 айға бас бостандығынан айырған. Оған қатысты сот үкімі әлі күшіне енген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG