Accessibility links

Интернетке "діни аудио жүктегендер" істі болды


Ақмола облысының екі тұрғыны "әлеуметтік желіде діни аудиожазба жариялады және терроризмді насихаттады” деп айыпталды. Айыпталушылар мен жақындары бұл айыппен келіспейді.

Ақмола облысының Бурабай аудандық соты Щучинск қаласының тұрғыны 30 жастағы Ғалымжан Әбілқайыровтың ісін қарай бастады.

Оған Қылмыстық кодекстің “Терроризмді насихаттау” бабы бойынша айып тағылған. Бұл бапта үш жылдан жетi жылға дейiн бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Қыркүйектің 10-ында Ғалымжан Әбілқайыровқа қатысты өткен алғашқы сот процесінде "куә ретінде жауап алынған төрт адамның барлығы сотқа дейінгі тергеудегі жауаптарынан бас тартып, өздерінің қысыммен куәгерлік етуге мәжбүр болғандарын" айтқан. Бұл туралы Азаттық тілшісіне айыпталушылардың қорғаушылары хабарлады.

Ақмола облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің аға тергеушісі әділет подполковнигі Талғат Шаймерденов айыптау актісінде Ғалымжан Әбілқайыровтың 2013 жылдың қыркүйегі мен 2018 жылдың сәуірі аралығында қоғамдық қауіпсіздікке қарсы әркет жасағанын баяндады

Айыптау актісінде "айыпталушы Ғалымжан Әбілқайыров "Вконтакте" желісіне "Галымжан Абилкаиров" деген атпен тіркеліп, ұялы телефон арқылы діни-теологиялық мектептер туралы пікір және көзқарас айтылған аудиолар жариялады" деп көрсетілген. Құжатта бұл аудиофайлдарды әлеуметтік желіде 400-ден астам адам көргені жазылған.

Істі жүргізіп жатқан судья Жанна Салықбаева қалған үш куәгерден жауап алуды келесі сот отырысына қалдырды.

Бұған дейін "діни аудио жариялады және "терроризмді насихаттады" деп айыпталған тағы бір Щучинск тұрғыны Дадаш Мәженовтың ісі Бурабай аудандық сотында тамыздың соңында қарала басталған. Сот әлі жалғасып жатыр.

Екі айыпталушының адвокаттары айыптау актісімен келіспейді. Қорғаушылардың сөзінше, айыпталушылардың бар кінәсі - "ВКонтакте" желісінде діни мазмұндағы аудиожазбаны аккаунттарына сақтап тыңдаған.

- Ғалымжан Әбілқайыровты "Қуаныш Башпаевтың лекцияларын" [интернетке жүктегені] үшін соттап жатыр. Оның (Башпаев – ред.) жарияланып кеткен әңгімелеріне сот тек 2017 жылы тыйым салды. Башпаевтың өзін сол лекциясы үшін төрт жарым жылға соттаса, бұл адамдар 7-12 жылға дейін жазаға тартылуы мүмкін. Не үшін? - дейді Ғалымжан Әбілқайыровтың адвокаты Раушан Сүлейменова.

Дадаш Мәженовтың адвокаты Бауыржан Азанов та бұған дейін Азаттық тілшісіне айыптау тарабының бар дәлелі "осы аудиоларға негізделгенін" айтқан еді.

Қуаныш Башпаев 2017 жылы көктемде “діни араздық қоздыру белгілері бар аудиожазбалар таратқаны” үшін 4,5 жылға сотталған. Павлодар облысының тұрғыны былтыр сотта өз айыбын мойындамаған.

"АУДИО ЖҮКТЕГЕН, БІРАҚ БӨЛІСПЕГЕН"

Ғалымжан Әбілқайыровтың әйелі Жадыра Бекенованың айтуынша, ері әлеуметтік желідегі парақшасында "Қуаныш Башпаевтың лекциясын" жүктеген, бірақ ешкіммен бөліспеген.

- Біз Башпаевтың сотталғанын да, оның аудиоларына тыйым салынғанынан да хабарсызбыз. Мен күйеуімді не үшін соттап жатқанын түсінбеймін. Құқық қорғау органы оның сәуір айында тауар алу үшін Алматыға, Бішкекке барған сапарын да “терроризмді насихаттаумен” байланыстырып отыр, - дейді ол.

Щучинск қаласының тұрғыны Ғалымжан Әбілқайыров сәуірдің 23-нен бері қамауда отыр. Тергеу актісінде ол қаладағы базарда саудамен айналысқаны, техникалық колледжді темір жол машинисі мамандығы бойынша тәмамдағаны көрсетілген.

Әбілқайыровтың әйелі Жадыра Бекенова “салафизм” бағытын ұстанғаны үшін өзі мен отбасы үнемі құқық қорғау органдарының бақылауда болғанын айтады.

Қазақстанда әлеуметтік желідегі жазбалары үшін сотқа тартқан оқиғалар бұрын да болған. 2018 жылдың ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысының 12 тұрғынын "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі аккаунтарында жарияланған ислам туралы аудиожазбалар үшін тұтқындап, үстілерінен "діни араздықты қоздыру айыбымен" іс қозғалған.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG