Accessibility links

21 жастағы сайрамдық "терроризм" айыбымен сотталды


Дастанбек Бердімұратов (сол жақта) пен анасы сот үкімін тыңдап тұр. Сайрам, 27 наурыз 2018 жыл.
Дастанбек Бердімұратов (сол жақта) пен анасы сот үкімін тыңдап тұр. Сайрам, 27 наурыз 2018 жыл.

"Терроризмді насихаттады" және "діни алауыздықты қоздырды" деп айыпталған Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылының тұрғыны Дастан Бердімұратов бес жылға сотталды.

Сот шешімі наурыздың 27-сі күні шықты. Оңтүстік Қазақстан облысының (ОҚО) Сайрам аудандық сотындағы процесс түс ауа сағат үште басталды. Үкімді тыңдауға айыпталушының туысқандары да келді.

"ВИДЕОНЫ 2015 ЖЫЛЫ ЖАРИЯЛАҒАН"

Судья Әбдісейіт Әшірбаев залға кірген бетте сот тергеуінің аяқталғанын, бірден жарыссөзге көшетінін айтты. Жарыссөзде бірінші прокурор Бауыржан Үсерхан сөз алды. Ол 20 жастағы Дастанбек Бердімұратов "Вконтакте" әлеуметтік желісінде терроризмді насихаттап, терроризм актісін жасауға шақыратын материалдарды таратқаны үшін күдікке ілінгенін айтты. Прокурордың сөзінше, Бердімұратов халықаралық террористік ұйымның көзқарасына жататын материалдарды 2015 жылдың сәуірінде жеке парақшасына жариялаған.

- Әлеуметтік желі арқылы қаралы жиһад, қаралы қақтығыстарға қатысу әр мұсылманның міндеті екені туралы ой-пікірлерін Қазақстан аумағында жария түрде таратқан. Бұл материалдар жиһад жасауға нұсқау, зайырлылық принциптерге қайшы әрекет екенін сараптама көрсетті, - деді прокурор.

Прокурор соттан 21 жастағы Дастанбек Бердімұратовты 8 жылға соттауды, оны қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемелеріне жіберуді сұрады.

Осыдан кейін судья айыпталушыға сөз берді. Дастанбек Бердімұратов соңғы сөзін бастамас бұрын ұзақ күрсінді. Ол "кінәсін ішінара мойындайтынын, бірақ видеоны парақшасына қашан жариялағанын білмейтінін" айтты.

- Тарату мақсатым болған емес, таратқан да емеспін. Бұл видеоның бар екенін білгенімде өшіріп тастайтын едім. Ол - кездейсоқ жүктелген видео. Жиһад туралы видеоның парақшамда бар екенін ұсталғаннан соң тергеу кезінде білдім. Білмей қалғаным үшін қазір қатты өкінемін, - деді ол.

ВИДЕО: Дастанбек Бердімұратовқа шығарылған сот шешімі.

Сайрамда терроризм ісі бойынша сот аяқталды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:11 0:00

Айыпталушы жылап тұрып "бұл ісіне өкінетінін" жеткізді. Кейін біраз үнсіздіктен кейін терең күрсінді де аузына сөз түспей маңдайын, басын сипай берді. Әкесі мен інісі мүгедек екенін, отбасының негізгі асыраушысы екенін айтып, судьядан жеңіл жаза сұрады.

Оқи отырыңыз: Мешітте "әмин" деген адамды жауапқа тартты

Дастанбек Бердімұратовтың адвокаты Шолпан Түнібаева жарыссөзде прокурордың айыбымен келіспеді.

- "Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру" бабында көрсетілген қылмыс қасақана жасалған қылмыстың санатына жатады. Бердімұратов айыбын ішінара мойындағанымен, қасақана "терроризмді насихаттайтын материалды тарату ойымда болған жоқ" дейді. Видео материалдың қашан жүктелгенін де білмейді. Ол 2017 жылдың тамыз айында ұсталғанымен, парақшасына видео 2015 жылдың сәуір айында жүктелгенін ескеріп Қылмыстық кодекстің ескі нұсқасындағы талаптарды пайдалануды сұраймын, - деді адвокат.

Арада жарты сағат өткеннен соң судья Әбдісейіт Әшірбаев залға қайта оралып, үкімді оқыды. Ол Дастанбек Бердімұратовты Қылмыстық кодекстің 256-бабы 2-бөлігімен ("Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру") айыпты деп тауып, 5 жылға соттады. Ол жазасын түзеу мекемесінде өтейді.

"Терроризм айыбымен" сотталған Дастанбек Бердімұратовтың анасы. Сайрам, 27 наурыз 2018 жыл.
"Терроризм айыбымен" сотталған Дастанбек Бердімұратовтың анасы. Сайрам, 27 наурыз 2018 жыл.

​Дастанбек Бердімұратов үкімді басын төмен салып тұрып тыңдады.Үнсіз көзіне жас алды. Сот аяқталысымен күзетшілер оның қолын кісендеп, залдан алып кетті. Бердімұратовтың ата-анасы сот дәлізінде "енді қайттік?" деп жылап жіберді.

"ЖЕҢІЛ ЖАЗА ТАҒАЙЫНДАДЫМ"

Судья залдан шығып бара жатып Азаттық тілшісіне "Қылмыстық Кодекстің ескі нұсқасын пайдаланып, Бердімұратовты ең жеңіл жаза тағайындадым" деп қысқа қайырды.

Дастанбек Бердімұратовтың туысқан ағасы Қоршабек Түлеметовтің айтуынша, оның мінезі - ұяң, біреуге сен деп көрмеген бала.

- Бұл сот "еркек тоқты - құрбандық" болып отыр. Оның бұған дейін жиһад жасауға деген ниетін байқаған емеспіз. Бар айыбы мешітке барып намаз оқығаны. Cақал өсірмеді, ел қатарлы мешітке барып құлшылық етті. Меніңше, бұл сот жаппай терроризммен айыптап, қамау есеп үшін керек сияқты. Жап-жас жігіттің өміріне осылай балта шабуға бола ма? - деді Қоршабек Түлеметов.

Түлеметов сөзінің соңында "аппелациялық шағым туралы әлі ақылдасатындарын" айтты.

Дастанбек Бердімұратов ісі бойынша судья Бауыржан Үсерхан үкім оқып тұр. Сайрам, 27 наурыз 2018 жыл.
Дастанбек Бердімұратов ісі бойынша судья Бауыржан Үсерхан үкім оқып тұр. Сайрам, 27 наурыз 2018 жыл.

​Дастанбек Бердімұратовтың ісі бойынша сот ақпанның 26-сы басталып, тура бір айға созылды. Бұған дейінгі отырыстарда ол айыбын ішінара мойындағанымен, прокурормен процесуалдық келісімге келмейтінін айтқан.

Бұдан бұрын Оңтүстік Қазақстан облысында Родикул Маккомбаев, Гафуржан Парпиев, Даниер Умаров, Махмуджон Худайбергенов, Фаррух Аскаров Қылмыстық кодекстің 256-бабы 2-бөлігімен ("Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру") айыпты деп танылып, алты жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілген еді. Олар кінәсін мойындау түрінде процессуалдық келісім жасасқан.


2017 жылдың 16 қарашасы күні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы департаменті мен ішкі істер органдары бірлесіп Сайрам ауданының он тұрғынын ұстаған. Олар Қазақстан қылмыстық кодексі 256-бабының 2-бөлігімен ("Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру") және 174-баптың 1-бөлігімен ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру") күдікті деп танылған еді.

XS
SM
MD
LG