Accessibility links

Батыс Қазақстан облыстық мешітіндегі намаз кезінде "әмин" деп дауыстап айтқанын мойындаған адамға алғаш рет айыппұл салынды. Мешіт қызметшілері "ол адам діни мекеменің ішкі тәртібін бұзды" деп түсіндіреді. Жергілікті полиция айыппұл салынған жігітті "деструктивті діни ағымды ұстанады" деп сипаттайды.

Орал қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Қанат Махметов 2017 жылғы ақпанның 23-і күні шығарған ұйғарымда оқиға 2016 жылғы желтоқсанның 23-і күні кешкісін болғаны баяндалған.

Сот ұйғарымында "1976 жылы туған Марат Мұханбетов Орал қаласындағы облыстық орталық мешіттегі ақшам намазы кезінде азан шақырушы имамның талабына бағынбай, "әмин" деп дауыстап, діни жораның шырқын бұзған, осылайша заңды құлшылық етуге кедергі жасаған" деп жазылған.

Мұханбетовтің әрекетін судья әкімшілік заң бұзушылықтар туралы кодекстің 490-бабының 2-бөлімі талаптарын ("Заңды діни қызметке кедергі келтіру, сол сияқты жеке тұлғалардың азаматтық құқықтарын діни көзқарасы себептері бойынша бұзу немесе олардың діни сезімдерін не белгілі бір дiндi ұстанушылар қастерлейтін заттарды, үй-жайлар мен орындарды қорлау") бұзу деп тапқан. Мұханбетовке 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (79 мың 415 теңге) айыппұл салынған.

"ӘМИН" ДЕГЕН КІМ?

Мұханбетовтер отбасы Орал қаласы іргесіндегі "Елочка" бау-бақша кооперативіндегі шағын үйде тұрады. Қала ішіндегі жерлермен салыстырғанда, бау-бақша учаскелері арзан болғандықтан, қала маңындағы саяжайларға көбінесе облыс ауылдарынан көшіп келген адамдар қоныстанады. Мұханбетовтердің учаскесі - кооперативтегі ең шеткі жерлердің бірі әрі Жайық өзенінің жағасына таяу маңдағы орман алқабының түкпірінде орналасқан. Оған баратын жолда көлік батпаққа батып әрең жүреді. Шағын үйдің жанында төбе болып үйілген отыннан мұнда газдың жоқ екені білінеді. Кешкісін ақ түсті ескі Volkswagen Passat көлігімен жұмыстан келген Мараттың алдынан бала-шағасы жүгіріп шықты. Маса мен шыбын-шіркей талай бастаған соң үш баласы әкесінің көлігіне тығылды.

"Елочка" саяжай кооперативі тұрғыны Марат Мұханбетовтің үйі. Орал қаласы, 2 мамыр 2017 жыл.
"Елочка" саяжай кооперативі тұрғыны Марат Мұханбетовтің үйі. Орал қаласы, 2 мамыр 2017 жыл.

40 жастағы Марат Мұханбетов өзін "Әбдірахман" деп атайды. Аласа бойлы, арықша келген, қоңқақ мұрынды, өткір көзді жігіт. Сақал қойған. Кішкентай төрт баланың әкесі жергілікті автокөлік базарларының бірінде автомобиль бөлшектеумен айналысады. Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының Талпын ауылында туған оның бала-шағасымен саяжайда тұрып жатқанына екінші жыл болған. Үйді өзі салған.

Мараттың сөзінше, сол күні ол мешіттегі намаз үстінде алдыңғы жақтан дабырлаған дауыстарды естіген. Ол "Мешіт қызметшілері намаз оқып жатқандардан "Әмин" деп кім айтты?" деп сұрап жатты" дейді.

Ішке кіріп, мешіт қызметкерлеріне "Алладан қорықсаңдар етті! Бұларың не?" деп ескерту жасадым.

– Намазымды бітірген соң имамдар отыратын кабинеттің жанынан өтіп бара жатып, іште у-шу болып жатқанын көріп қалдым. Мешіт қызметкерлері әлдебір жігіттермен дөрекі, өктем сөйлесіп жатыр екен. Ішке кіріп, мешіт қызметкерлеріне "Алладан қорықсаңдар нетті! Бұларың не?" деп ескерту жасадым, – дейді Мұханбетов.

Мараттың айтуынша, имамдар жазғырған жас жігіттер "әмин" деп дауыстағандарын жоққа шығарып, әлгі керіс ұзаққа созылмаған. Сосын дауласқандар тарап кеткен. Имамдардың бірі Мұханбетовтің жанына барып, одан "Әмин" деп дауыстап айттыңыз ба?" деп сұраған.

– "Иә, айттым" деп жауап бердім. Өйткені оған тыйым салынбаған ғой. Олар әлгі сөзіме жабысып алды. Сондықтан сотта сөзімді дәлел ретінде пайдаланды. Ал "айқайлады, мешітте намаз оқуға кедергі жасады" дегендері – өтірік. Олар біреуге араша түскенімді жақтырмай әрі "әмин" деп дауыстап айтқанымды мойындағаным үшін соқтығып отыр, – дейді Марат.

ІШТЕН ҒАНА АЙТУҒА БОЛАДЫ

Бір айдан кейін Марат Маханбетовтің жұмыс орнына полицейлер барып, онымен "түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін" облыстық дін істері басқармасына баруын өтінген.

– Ол жақта менен түсініктеме алды, ал мешіт қызметкерлерінің бірінен менің үстімнен арыз түскенін содан кейін ғана хабарлады. Олардан істің мән-жайын әбден анықтап алуын сұрадым. Бірақ олар әлгі жайтқа біржақты қарады. Әлгі жігіттерді де жауапқа тартпақ болғанын, бірақ олар мойындамағандарын кейінірек анықтадым. Ал мен мойындадым, сондықтан жауапқа мені тартуды ұйғарған, – дейді Марат.

Оралдағы орталық мешіттің кіре берісінде ілулі тұрған, 2016 жылғы қарашада Қазақстанның бас мүфтиі Ержан Маямеров бекіткен ішкі тәртіп ережелері. 5 мамыр 2017 жыл.
Оралдағы орталық мешіттің кіре берісінде ілулі тұрған, 2016 жылғы қарашада Қазақстанның бас мүфтиі Ержан Маямеров бекіткен ішкі тәртіп ережелері. 5 мамыр 2017 жыл.

Бір айдан кейін Марат Мұханбетовті әкімшілік сотқа шақырған. Сот отырысы кезінде мешіт азаншысы Асхат Асылбеков "Мұханбетов мешіттің ішкі тәртібі ережелерін, атап айтқанда, "Қазақстандағы дәстүрлі Әбу Ханифа ислам мәзхабы қағидаларына сәйкес, намаз оқылып жатқанда мешітке келушілер "әмин" сөзін іштен айтуы тиіс" деген 3.4 тармағын бұзды" деп мәлімдеген.

2016 жылғы қарашада Қазақстанның бас мүфтиі Ержан Маямеров бекіткен ережелер облыстық мешіттің кіреберісінде ілулі тұр.

Меніңше, олар өзгелерге сабақ болсын деп мені таңдаған, өйткені өткен өмірім таза емес. Олардың сондай іздеген құрбаны мен болдым.

– Меніңше, олар өзгелерге сабақ болсын деп мені таңдаған, өйткені өткен өмірім таза емес. Олар үшін мен – қылмыскер адаммын, сондықтан мені қаралай салу оңай. Олардың сондай іздеген құрбаны мен болдым, – дейді Маханбетов.

Мараттың айтуынша, ол кісі тонағаны үшін 1998 жылдан 2010 жылға дейін 12 жыл түрмеде отырып шыққан. Ол айыппұлды төлеуге мүмкіндігі жоқ екенін айтады.

– Мен мұны сотта да айттым. Әке-шешем – кемтар кісілер, оларға үнемі дәрі-дәрмек сатып алу керек. Ресми жұмысым да жоқ. Күнделікті нанымды табу үшін жалданып жұмыс істеймін, – дейді ол.

–​ Ал "әмин" сөзін дауыстап немесе іштен айтудың арасында қандай түбегейлі айырмашылық бар? Сіз үшін "әмин" сөзін дауыстап айту соншалықты маңызды ма?

– Екіжүзділікті жек көретін адаммын. Маған намазды солай оқуға үйреткен. Мен де Әбу Ханифа мәзхабын ұстанамын. Мен де намазды имамдардың үйреткені бойынша оқимын. Мені неге деструктивтік ағымды ұстанушылар қатарына қосып қойғандарын түсінбеймін. Олар менімен тіпті сөйлескен де, ешқандай түсіндіру жұмысын жүргізген де жоқ, өзге журналистер де келіп жолыққан жоқ. Маған негізсіз жала жауып отыр. Заңға қайшы ешқандай әрекетпен айналыспаймын. Өзгелер сияқты мешітке барамын, жұмыс істеп, бала-шағамды асырап жүрмін. Енді қандай адам болуым керек екенін түсінбеймін.

–​ Жеке өзіңізге немесе өзге мұсылмандарға қысым жасала ма?

– Бұрын қысым жоқ деп ойлайтынмын, – дейді Марат ұзақ үнсіздіктен кейін. – Бірақ әлгі оқиғадан кейін сондай ойлар келе бастады. "Әмин" сөзінде тұрған не бар? Ондай сөз мәзхаб түрлерінде ғана емес, өзге діндерде де бар. Сол үшін жазалағандары дұрыс емес. Олай мәзхабқа бөлу кемсітушілік болады. "Бірлік болуы тиіс" деп имамдардың өздері де үнемі айтпай ма? Біз дұғаларды аспаннан алған жоқпыз ғой. Бәрі Құраннан, хадистерден алынған. Шынын айту керек, мен олар үшін жақсы құрбан болдым. Күнәларым жетеді. Мен заң бұзбастан, бала-шағамның ортасында тыныш өмір сүргім келеді.

–​ Сақал өсіріп, балағы кесілген шалбар киетін адамды "уаххабит-терроршы" деп көрсететін мемлекеттік насихатқа қалай қарайсыз?

– Бұл дұрыс емес деп санаймын. Әлдебір жамандық жасағысы келген адамға сақал өсіріп қажеті жоқ. Өйткені мәселе сақалда немесе әйелдеріміздің бетін бүркеуінде емес қой. Бұл адамның наным-сеніміне байланысты.

–​ Сақалын өсіріп жіберген адамдарға қалай қарайсыз?

– Мен ешкімді сөкпеймін де, жазғырмаймын да. Бұған қоса, өзгелер үшін жауапты емеспін. Құдай алдында әркім өзі үшін жауап береді.

"ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТЫ"

Мамырдың соңында Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі айыппұл салынған азамат "М. - "деструктивті діни ағымды ұстанушы" және "діни мекеме өкілінің талаптарына бағынбай" діни жораны өткізуге кедергі жасады" деген баспасөз хабарламасын таратқан. Бірнеше жергілікті басылым полиция хабарламасын сөзбе-сөз жариялаған. Азаттық Батыс Қазақстан облыстық дін істері басқармасы басшысы Талғат Нығметовтен "Мұндай тыйым адамдардың ашу-ызасын қоздыруы мүмкін деп санамайсыз ба?" деп сұраған еді.

– Бұл бәрібір ішкі тәртіпті бұзу болып саналады. Мешіт қызметкерлері [тиісті] органдарға жүгінген соң олар құжаттарды жинап, біздің қарауымызға ұсынды. Ал біз мәселені қарауға тиіспіз, – дейді басқарма басшысы.

Оралдағы орталық мешіттің кіре берісінде ілінген, 2016 жылғы қарашада Қазақстанның бас мүфтиі Ержан Маямеров бекіткен ішкі тәртіп ережелері. 5 мамыр 2017 жыл.
Оралдағы орталық мешіттің кіре берісінде ілінген, 2016 жылғы қарашада Қазақстанның бас мүфтиі Ержан Маямеров бекіткен ішкі тәртіп ережелері. 5 мамыр 2017 жыл.

Нығметовтің мәлімдеуінше, діни деструктивті діни ағымдар қызметі жағынан қазір аймақтағы жағдай "тұрақты".

– Оның жанында өзге жігіттер де болыпты. Олармен сөйлестік. Олар бәрін түсінді. Қазір мешітте, меніңше, бәрі тыныш. Жігіттеріміз де, өзім де жұма намазына қатысып, мониторинг жүргізіп тұрамыз. Қазір ондай тәртіп бұзушылықтар жоқ. Жұрт біртіндеп түсініп келеді, – дейді Талғат Нығметов.

Ведомство басшысы "Облыста деструктивтік діни ағымдардың ресми саны қанша?" деген сұраққа жауап беруден бас тартып:

– Мен оны атай алмаймын, – деп мәлімдеді.

–​ Айыппұл салынған адаммен әңгімелесіп көрдіңіз бе? Оның қай жерде тұратынын, немен айналысатынын білесіз бе? Әлеуметтік жағдайы қандай екен деп сұрастырдыңыз ба?

– Жоқ, жоқ. Оны әлдебір шара алдында бір рет қана көргенмін. Қазір жағдай тұрақты. Бұл – мүлде өзгеше сипатта жүргізілетін жұмыс. Дін ісінде абай болу қажет. Деструктивтік діни ағым өкілдерімен жұмысты үзбей жүргіземіз. Көбінесе жеке кездесеміз. Олармен жеке-жеке ғана жұмыс жүргіземіз, – дейді Талғат Нығметов.

Облыстық мешіттегі соңғы жұма намазында дұға қайыратын "әмин" сөзін келушілер бір кісідей іштен айтты.

Облыстық мешіт қызметкері Асхат Асылбеков "бұл мәселе БҚО бас имамы Руслан Сұлтановтың құзырында" деген уәжбен әлгі оқиғаға қатысы жайлы комментарий беруден бас тартты. Сұлтанов телефон арқылы "қолым тимей жатыр, кейін өзім қоңырау соғамын" деп уәде еткенімен сол күйі хабарласпады.

Облыстық мешіттегі соңғы жұма намазында дұға қайыратын "әмин" сөзін келушілер бір кісідей іштен айтты.

ДІННІҢ ТЕРАКТІЛЕРМЕН БАЙЛАНЫСЫ

Кейінгі бірнеше жыл бойы Қазақстан билігі деструктивтік діни ағымдар, әсіресе "радикалдық исламды" ұстанушылар тарапынан төнетін террор қатері жайлы оқтын-оқтын мәлімдеп келеді. Билік "теракт" деп атаған ашық түрдегі соңғы қарулы қақтығыс Оралға көрші қала Ақтөбеде тура бір жыл бұрын болған еді.

Қарулы шабуылға күдіктілерге қарсы арнайы операция жүріп жатқан жерде көшені бақылап тұрған полиция қызметкері. Ақтөбе, 10 маусым 2016 жыл.
Қарулы шабуылға күдіктілерге қарсы арнайы операция жүріп жатқан жерде көшені бақылап тұрған полиция қызметкері. Ақтөбе, 10 маусым 2016 жыл.

2014 жылы Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті Сириядағы "Ислам мемлекеті" террорлық ұйымы жағында жүздеген қазақстандық соғысып жүргенін алғаш рет ресми мойындаған.

Олардың арасында Қазақстанның әр аймағынан, оның ішінде Оралдан кеткен жас отбасылар да бар.

Биылғы қаңтарда Қазақстанның Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында мешітте "әмин" деп дауыстап айтқаны үшін алғашқы айыппұл салынғаны жайлы хабар тараған.

Биыл сәуірде ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев "сақал сапситып, балақ кесуды" сынап, оған заң деңгейінде тыйым салуға шақырған.

"Википедиядағы" анықтамаға сәйкес, "Әмин" – иудаизм, ислам және христиан діндеріндегі дұға, псалмаларда айтылған сөздердің хақ (арамейлер тілінде "ақиқат" дегенді білдіреді) екенін білдіретін сөз. Мұсылмандар "әмин" сөзін намаз оқуды аяқтағаннан кейін және Құранның бірінші сүресі – Фатиха оқылып біткеннен кейін иудаизм, христиан діндеріндегі сияқты мағынада пайдаланады.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG