Accessibility links

Экстремизмнен сақтану дәрісінде оқушылардан көмек сұралды


Астанадағы 38-мектептің оқушылары кітапханада "Балалар терроризмге қарсы" атты дәріс тыңдап отыр. 2 ақпан 2017 жыл.

Астана оқушыларын діни экстремизмнен сақтандырған мамандар "намаз оқитын көршілерін полицияға хабарлау" туралы да өтініш айтты.

Ақпанның 2-сінде Астанадағы 5-кітапханада 38-мектептің тоғызыншы сынып оқушыларына "Балалар терроризмге қарсы" атты дәріс өтті. Астана әкімдігіне қарасты орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қоғаммен байланыс бөлімі басшысы Сағыныш Сейдахметованың айтуынша, бұл тақырыпты жылдық жоспарға өздері бекітіп, "болып жатқан жағдайларды балаларға мамандар арқылы түсіндіруді көздеп", кітапханада кездесу ұйымдастырған.

"ДЕСТРУКТИВТІ ДІНИ АҒЫМНАН" САҚТАНДЫРУ

Астана әкімдігінің дін проблемаларын зерттеу орталығының қызметкері Арайлым Айбасова оқушылар алдындағы алғашқы сөзін "Дін дегеніміз не?" деген сұрақтан бастады. Елу шақты оқушы бірден жауап қатпады. Сәл үзілістен кейін артқы жақтан "адам сенімі" деген жауап естілді.

- Адамның сенімі дейді. Өте дұрыс айтады. Сосын? Қарап тұрсақ, күнде еститін қарапайым зат. Бірақ, дін дегеніміз не? Кімде қандай түсінік бар? - деп Арайлым Айбосова оқушыларды пікірталасқа жетелей түсті.

- Қорықпаңыздар. Бұл сабақ емес. Диалог жасап, барынша мағлұмат беріп қалу.

- "Верховная сила" дейді ғой, - деді бір дауыс.

- Жоғарғы күш! Жоғарғы күшке табыну! Ойыңыз терең екен, рақмет. Ал "деструктивті діни" ағым деген не? - деп келесі сұрағын қойды дәріс беруші.

Оқушылар тағы да үнсіз қалды.

- Дін сияқты жоғарғы күштерге сену. Секталарға, - деген жауап естілді сәлден кейін.

- "Деструктив" деген сөзді білесіздер ме? Ағылшынша "destructive" дейді.

- "Разрушение", - деп бұл жолы балалар шулай түсті.

Астана қаласы әкімдігі жанындағы дін проблемаларын зерттеу орталығы қызметкері Арайлым Айбасова мектеп оқушыларына дәріс беріп тұр. Астана, 2 ақпан 2017 жыл.
Астана қаласы әкімдігі жанындағы дін проблемаларын зерттеу орталығы қызметкері Арайлым Айбасова мектеп оқушыларына дәріс беріп тұр. Астана, 2 ақпан 2017 жыл.

Діни ағымдарды "дәстүрлі және дәстүрлі емес" деп қысқаша сипаттаған дәріс беруші дәстүрлі емес діннің мақсаты дәстүрлі дінді терістеу деп түсіндірді. Сосын, дәстүрлі емес, яғни, деструктивті діни ағым мүшелерінің құрамы 80-90 пайыз жастар екенін айтып өтті.

Сосын, "неге?" деген сұрақ қойды. Оқушылар белсенділік танытып, жарыса жауап бере қоймады.

- Айтыңыздар, ұялмаңыздар. Тоғызыншы сыныпта оқисыздар, үлкен азаматсыздар, ойларыңызды ашық айтыңыздар. Құр дәріс оқып кетіп қалсам, түсінбей қаласыздар. Ол маған керек емес, сіздерге де пайда емес, - деді Арайлым Айбасова.

- Ата-ананың қадағалауынсыз қалғандар, - деді бір оқушы.

- Өте дұрыс айтады. Неге жастар [деструктивті діни ағымдарға] кіріп кетеді? Өйткені, олар тез сенгіш, еліктегіш, өмір тәжірибесі өте аз. Сіздерге кез келген адам дін туралы айтса, соған сеніп қаласыздар. Себебі сізде ақпарат жоқ. Деструктивті діни ағымдарға жастар түсіп қалмау үшін не істеу керек? - деп үшінші сұрағына өтті дәріс беруші.

Бұл жолы екі тұстан қатар жауап шықты.

- Дінді жақсы білу керек. Бала кезден бастап оқу керек!

- Мектеп ауласына бөтен адамды кіргізбей, қауіпсіздікті сақтау керек!

Діни экстремизм және одан сақтану жайлы оқушы жастарға арналған жадынама. Астана, 2 ақпан 2017 жыл.
Діни экстремизм және одан сақтану жайлы оқушы жастарға арналған жадынама. Астана, 2 ақпан 2017 жыл.

Оқушыларды пікірталасқа қайта шақырған Арайлым Айбасова сөзін сабақтай түсіп, дінді ата-ана, дінтанушы, имам, шіркеу қызметкерлерінен ғана сұрап білген жөн деген кеңес айтты. "Мешітке барған кезде қасында отырған көршісінен емес", "ақ шапан, ақ тақия киген имамдармен" ғана дін тақырыбында сөйлесуге шақырды.

- Интернетте мешіт пен діни басқарма сайттарын өзге сайтты оқымаған жөн, - деді дәріс оқушы.

Арнайы орындардан тысқары, көше, дүкен, мектеп ауласында діни мағлұматы бар кітап таратып жүргендерді көрсе, сенім телефонына хабарласып, шағым түсіру керектігін түсіндірді. Үйде жатқан "күдікті діни кітапты ғылыми зерттеу мен талдау орталығына сараптамаға" беруге болатынын, оның қорытындысы бір айда шығатынын айтып өтті. Сосын, деструктивті діни ағымдардан қалай қорғану керектігін оқушылардан және сұрады. Оқушылар жарысып жауап қатпады. Дін проблемаларын зерттеу орталығының қызметкері Арайлым Айбасова Азаттыққа терроризим мен экстремизмге қатысты дәрісте оқушылардың қосымша сұрақ қоймай, селқос отыруын "жастарға тән жағдай" деп сипаттады.

- Бәріміз жас болдық. Осындай лекцияға, сабаққа оқушыларды алып келгенде кері процесс орнап, олар тыңдағысы немесе жауап бергісі келмей отырады. Оны түсінем. Дін туралы айтқанда балалардың жас ерекшелігін ескеріп, жалпылама ғана ақпарат береміз. Айтуға тиіс, осы жастағы балалар білуі қажет деректерді айтып шықтым. Олар түсінді деп ойлаймын, - деді Арайлым Айбасова.

"НАМАЗ ОҚИТЫНДАРДЫ БАЙҚАСАҢЫЗДАР, ХАБАРЛАСЫҢЫЗДАР"

Бесінші кітапхананың азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар инженері Жарылқасын Жақыпбеков 2010 жылы тамызда шыққан президент жарлығы бойынша Қазақстан экстремизм және терроризммен күресіп жатқанын хабарлап, оқушыларға "терроризммен қандай органдар күреседі?" деген сұрақ қойды.

- Ұлттық қауіпсіздік комитеті. Екіншісі, ішкі істер министрлігі. Иә? Дұрыс қой? Осылар күреседі ғой, иә, - деп Жарылқасын Жақыпбеков өз сұрағына өзі жауап берді.

Астанадағы 5-кітапхананың азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар инженері Жарылқасын Жақыпбеков. 2 ақпан 2017 жыл.
Астанадағы 5-кітапхананың азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар инженері Жарылқасын Жақыпбеков. 2 ақпан 2017 жыл.

Жақыпбековтің оқушыларға түсіндіруінше, "экстремизмге кірген адам ешкімді тыңдамайды. Басқаның пікірімен санаспайды. Өзімдікі ғана дұрыс дейді. Ал ондай адамдарды "надан" дейді".

Қазақстанда экстремизм мен терроризимге қарсы күрес және бақылау өтіп жатқанын айтып өткен полиция аға лейтенаты Нұралы Тәңірбергенов оқушыларға өтініш жасады.

- Үйлеріңізде, подъездеріңізде, көршілеріңізде намаз оқитын кісілер байқалса, ата-анаңызға, сосын аумақтағы учаскелік инспекторға хабарлауларыңызды сұраймыз. Түсіндіңіздер ме? Мақсатымыз, сол кісі дұрыс ағымда жүр ме, соны анықтау, - деді полиция өкілі.

Оқушылар бұл өтінішті де үнсіз қабылдады.

полиция аға лейтенаты Нұралы Тәңірбергенов "Балалар терроризмге қарсы" дәрісінде сөйлеп тұр. Астана, 2 ақпан 2017 жыл.
полиция аға лейтенаты Нұралы Тәңірбергенов "Балалар терроризмге қарсы" дәрісінде сөйлеп тұр. Астана, 2 ақпан 2017 жыл.

Дәріс кезінде "дәстүрлі емес діни ағымдарға" түсіп, сотталғандар туралы видео материалдар көрсетілді. Бір жарым сағатқа созылған жиыннан шыққан оқушылар Азаттық тілшісіне пікірлерін айтты.

- Видео ролик көрдік. Көбі істеген істеріне өкініп жатыр. Терроризм деген ислам дініндегі адамдардың бұрыс түсінігі, - дейді 38-мектеп оқушысы Ақнұр Жанабек.

Ал оқушы Ерқанат Әлкеновтің пікірінше, "экстремизм – ойланбай жасалған іс".

- Террроризм дегенді бұрын білетінмін. Осы шараға қатысқаным жақсы болды. Мұғалімнің айтқанын, көрсеткен видеоны түсіндім. Адамдардың мұңын, болып жатқан жағдайларды жақсы көрсетті. Олардың жасаған қателіктерін жасамауға тырысамыз. "Экстремист" деген ойланбай іс жасайтын адамдар, - дейді ол.

Қазақстан орта мектептерінде дінтану пәні 9-сыныпта қосымша пән ретінде өтеді.

2016 жылы Ақтөбе, Алматы қалалары мен Гүлшат елді мекенінде полиция мен "радикалдық діни топ өкілдері" деп сипатталған қарулы адамдардың арасында атыс болып, 6 бейбіт тұрғын, күштік құрылымдардың 11 қызметкері және 19 күдікті қаза тапты деп хабарланған.

XS
SM
MD
LG