Accessibility links

Play Market-тен Інжіл жүктегені айыпқа ілік болды


"Новая жизнь" христиан шіркеуіндегі жиын. Алматы, 2013 жылдың қаңтары. (Көрнекі сурет)
"Новая жизнь" христиан шіркеуіндегі жиын. Алматы, 2013 жылдың қаңтары. (Көрнекі сурет)

Кездейсоқ танысқан әйелге Play Market қосымшасынан Інжіл кітабын жүктеп алу жолын көрсеткеннен кейін билік Шымкент тұрғыны Дилобархон Сұлтанованың үстінен әкімшілік заң бұзғаны туралы хаттама толтырған. Енді оны "заңсыз миссионерлікпен" айналысқаны үшін сотқа тартпақ.

ТЕЛЕФОНДАҒЫ ІНЖІЛ

Дилобархон Сұлтанованың Азаттыққа айтуынша, биылғы қаңтардың 11-і күні оны полицейлер "құжатыңызды тексереміз" деген сылтаумен ұстап, полиция бөлімшесіне апарған. Эльмира Инибекова деген таныс әйел оның үстінен арыз жазғанын Дилобархонға бөлімшеде бір сағат отырғаннан кейін айтқан. Сұлтанова әлгі әйелмен былтыр желтоқсанда католиктердің Рождество мерекесі кезінде "Новая жизнь" протестант шіркеуінде танысқан. Дилобархонның сөзінше, ол Инибекованы екі мәрте ғана көрген, бұдан бөлек онымен WhatsApp қосымшасы арқылы хат жазысқан.

- Ол далаға шығып телефонындағы Play Market қосымшасынан Інжіл кітабын жүктеп беруімді өтініп WhatsApp-қа өзі бірінші болып жазды. Ол кеткен соң бір жарым минуттан кейін мені ұстап әкетті. Бұған қоса, оның алдында Инибекова Інжілдің жазбаша нұсқасын тауып беруімді өтінген болатын, - дейді Дилобархон Сұлтанова.

"Заңсыз миссионерлікпен айналысу" айыбы тағылған Шымкент тұрғыны Дилобархон Сұлтанова. (Оның жеке мұрағатындағы сурет)
"Заңсыз миссионерлікпен айналысу" айыбы тағылған Шымкент тұрғыны Дилобархон Сұлтанова. (Оның жеке мұрағатындағы сурет)

Оның сөзінше, Play Market қосымшасынан діни мазмұндағы өзге кітаптар сияқты (мысалы, Құран-кәрім) Інжіл кітабын да жүктеп алуға болады.

- Інжіл – жұрттың бәрі жүктеп алуына болатын ашық кітап, сондықтан нақты бір діни бірлестікке тиесілі дүние емес. Бұған қоса, бұл [Play Market] діни кітаптарды [жүктеуге арналған] қосымша емес қой, - дейді Дилобархон Сұлтанова.

Ол далаға шығып телефонындағы Play Market қосымшасынан Інжіл кітабын жүктеп беруімді өтініп WhatsApp-қа өзі бірінші болып жазды. Ол кеткен соң бір жарым минуттан кейін мені ұстап әкетті

Ол өзіне тағылған айыппен үзілді-кесілді келіспейді әрі оларды жала деп атайды. Сұлтанованың мәлімдеуінше, дінге үгіттеумен ешқашан айналыспаған. Оның сөзінше, "ешқандай идеологияны таратпаған, ал бірнеше мәрте шіркеуге келіп, діни бірлестік жайлы сұраған әлгі азаматшамен шіркеуде танысқан".

Дилобархон Сұлтанованың айтуынша, Оңтүстік Қазақстан облысы (ОҚО) Дін істері басқармасы қызметкері оған адвокаттың қызметін ұсынбаған, іс материалдары мен хаттаманың орыс тіліндегі аудармасын бермеген. Әйелдің сөзінше, ол прокуратураға, әкімдікке, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне шағым жолдағаннан кейін ғана жағдай өзгерген. Бұған қоса, Дилобархон Сұлтанова "құқығымды бұзды" деп шағымданып, облыстық Дін істері басқармасы қызметкерін сотқа берген.

"МИССИОНЕРЛІКПЕН АЙНАЛЫСУ" АЙЫБЫ

Әкімшілік заң бұзу туралы хаттамада 2018 жылғы қаңтардың 11-і күні Дилобархон Сұлтанова "азаматша Эльмира Инибекованы "Новая жизнь" діни бірлестігі қатарына тарту мақсатында "Новая жизнь" діни бірлестігінің идеологиясын таратып, оны Інжіл қасиетті кітабын оқуға үгіттеген" деп көрсетілген.

Отбасындағы кикілжіңдерден көңілім бөлінсін деп әрі күйзелістен арылу үшін интернеттен проблемаларымды бөлісе алатын және көмегіне жүгінуге болатын діни бірлестік іздей бастадым

Әлгі хаттаманы толтырған ОҚО Дін істері басқармасына қарасты діни бірлестіктер қызметіне талдау және мониторинг жүргізу бөлімінің бас маманы Әбдувахит Әбсаматов "қолым бос емес" деген уәжбен комментарий беруден бас тартты.

Бұған қоса, Азаттық телефон арқылы хабарласқан болжамды жәбірленуші Эльмира Инибекова да ешқандай комментарий бермейтінін айтты.

Полицияда жазған түсініктемесінде Инибекова анасымен ұрсысып қалғаннан кейін "күйзеліске түскенін" жазған.

"Отбасындағы кикілжіңдерден көңілім бөлінсін деп әрі күйзелістен арылу үшін интернеттен проблемаларымды бөлісе алатын және көмегіне жүгінуге болатын діни бірлестік іздей бастадым" деп жазған Эльмира Инибекова түсініктемесінде.

Сонымен бірге ол "Новая жизнь" деген діни бірлестікті тауып, шіркеуге барғанын көрсеткен. Оның сөзінше, шіркеуде Диля деген әйелмен танысқан және ол жер (шіркеу) "ұнамаған", өйткені шіркеуге барып келгеннен кейін "басы ауыратынды шығарған". Әйелдің мәлімдеуінше, Диля оны қонаққа шақырып, телефонына Інжілді жүктеп алуды ұсынғаннан кейін Инибекова полицияға арызданған.

Дилобархон Сұлтанованың айтуынша, жуырда ғана танысқан әйел оған өзі бірінші болып жазған әрі Інжіл жайлы сұраған.

Эльмира Инибекованың пікірінше, оның танысы "діни идеологияны, мысалы, "Новая жизнь" діни бірлестігінің идеологиясын таратумен айналысқан".

"Новая жизнь" шіркеуінің пасторы Жетис Рауиловтің сөзінше, жергілікті билік шіркеуді бұған дейін де талай қудалаған, ал ұйым қызметінен қилы заң бұзушылықтарды іздеуді өткен жылғы шілдеден бастаған. Ол кезде "шіркеуде ит сойып жатыр" деген азаматтардың шағымы бойынша санэпидемстанция өкілдері шіркеуге барған. Рауиловтің айтуынша, әлгі шағымнан кейін әлдекімдер оның көлігін сындырып кеткен, бірақ кінәлілерді сол күйі таппаған.

Өртке қарсы қызметтің ғимаратта өрт шыққанын хабарлайтын датчиктер жетпейтіні анықталды деген ұйғарымына сәйкес, қазір шіркеу қызметі сот шешімімен уақытша тоқтатылған әрі ұйымға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған.

Әкімшілік заң ережесін бұзған деп айыпталатын Дилобархон Сұлтанованың соты өткен аптада басталуы тиіс еді, бірақ белгісіз мерзімге шегерілген. Өйткені әуелі әйелдің ОҚО Дін істері басқармасына қатысты шағымдарын қарап алу жоспарланған.

XS
SM
MD
LG