Accessibility links

"Жамағатшылар" сотында куәгерлер сөзі хаттамаға қайшы шықты


"Таблиғи жамағат" ұйымының іс-әрекетіне қатысқан деп айыпталған үш азаматтың ісі қаралып жатқан Октябрь аудандық соты. Қарағанды қаласы, 12 наурыз 2018 жыл
"Таблиғи жамағат" ұйымының іс-әрекетіне қатысқан деп айыпталған үш азаматтың ісі қаралып жатқан Октябрь аудандық соты. Қарағанды қаласы, 12 наурыз 2018 жыл

Қарағанды облысында елде тыйым салынған "Таблиғи жамағат" ұйымының іс-әрекетіне қатысы бар" деген күдікпен былтыр қыркүйекте қамалған үш тұрғынды "экстремистік бап" бойынша соттап жатыр. Туыстары сотталушылардың "мемлекетке қарсы шықпағанын" айтса, сотқа келген куәгерлер тергеу материалына қайшы түсініктеме берді.

"ТАБЛИҒИ ЖАМАҒАТШЫ" САНАЛҒАН ҮШЕУДІҢ ІСІ

Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған "Таблиғи жамағат" ұйымына мүше болды деген айып тағылған Қарағанды облысының үш тұрғынының үстінен қозғалған іс бойынша сот басталды. Сотталушылар – 39 жастағы Қазбек Л, 37 жастағы Марат К. және 36 жастағы Тасқали Н. – үйлі-баранды азаматтар, әрбірінің отбасында 2-3 кішкентай баласы бар.

Тергеу сотталушылардың бірін "экстремистік топтың жетекшісі" санайды. Айыпталушыларға екі тегін қорғаушы берілген. Туыстары ақылы қорғаушы жалдауға қаржылары жоғын айтады.

"Тағылған айыпты мойындайсыңдар ма?" деген судьяның сұрағына сотталушылар сенімсіз жауап берді. Сотталушы Қазбек Л. "Солай шығар" десе, қалған екеуі "жартылай мойындаймыз" деді.

Ал тағылған айыппен келіспей отырған туысқандары сот айыпталушыларды бас бостандығын айыруға үкім етсе, олардың отбасылары асыраушысынан айырылады деп қорқады, сотталушылардың кейбірінің әлі емшектен шықпаған жас сәбиі бар. Бір сотталушының әйелі сот процесіне кішкентай балаларын алып келіпті, біреуін қолына көтеріп алған.

- Оған тағылған айыпқа сенбейміз. Ол үнемі "намаз оқыңдар, Алладан қорқыңдар" дейтін. Бірақ оның террорға немесе "жамағатқа" ("Таблиғи жамағат" тобы – Азаттық.") қатысы болған емес. Олар бәрі бірге отырып шай ішіп, намаз оқып, Алла туралы сөйлескендерін мойындады. Керісінше, олар "арақ ішпе, темекі тартпа, балағат сөз айтпа, біреу сені ренжітсе үндемей кетіп қал" деп уағыз айтатын, - деді Азаттық тілшісіне сотталушы Марат К.-нің қарындасы.

Керісінше, олар "арақ ішпе, темекі тартпа, балағат сөз айтпа, біреу сені ренжітсе үндемей кетіп қал" деп уағыз айтатын

- 2013 жылға дейін ондай талап жоқ еді, бас қосып, намаз оқып, мешітке баруға болатын, бірге шай ішетін. Қазір үш адамнан артық жиналуға болмайды, - деді Марат К.-нің тағы бір қарындасы Азаттық тілшісіне.

- Олар мемлекетке қарсы шыққан жоқ. Бұл істің саяси астары бар. Оларды экстремист деп айыптаудың еш қисыны жоқ. Қолдан келер шара жоқ. Үмітіміз бар, бірақ тым көмескі, - деді Азаттық тілшісіне сотталушы Қазбек Л.-дың әкесі.

Сотталушылардың екеуі - жоғары білімді, ресми түрде еш жерде жұмыс істемейді, бірақ қосымша табыс тауып келген. Үшінші сотталушы Марат К.-нің орта білімі бар, тұтқындалғанға дейін күзетші болып істеген.

АЙЫПТАУ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Істі Қарағанды облысы Октябрь аудандық сотының судьясы Жұмағұлов қарап жатыр. Айыптауды оқыған прокурор оны толық қолдайтынын айтты. Сотталушылардың үшеуіне де Қылмыстық кодекстің 405-бабының 1-бөлігі ("Қоғамдық немесе дiни бiрлестiктiң не өзге де ұйымның экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты олардың қызметiне соттың тыйым салу немесе тарату туралы шешiмiнен кейiн олардың қызметiн ұйымдастыру және оған қатысу") бойынша айып тағылған.

Мемлекеттік айыптаушылардың сөзінше, "Таблиғи жамағат" идеологиясы "ваххабизмге ұқсас". Прокурор қолдаған тергеушілердің айыптау қорытындысы бойынша, сотталушылар Қазбек, Марат және Тасқали танысқан кезде "Таблиғи жамағат" ұйымының ісіне Қазақстанда әлі тыйым салынбаған болатын. Кейін олар аталған ұйымға Қазақстан сотының шешімі бойынша "экстремистік қозғалыс" ретінде тыйым салынғанына қарамастан "оның мүшесі болып қалады" және "Қарағанды аймағында бедел жинап, басқаларды өз қатарына тартады".

Оған қоса "ұйымның идеологиясы туралы дәріс тыңдаған, Қырғызстанға барған, ал біреуі тіпті Бангладешке барып келген". Қылмыстық кодекстің 405-бабының 1-бөлігінде айыпты деп танылған адамға алты мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

СОТ КУӘГЕРЛЕРДІҢ СӨЗІНЕ КҮМӘНДАНДЫ

Сотта түсініктеме берген куәгерлер сотталушылардың "ешқандай жаман әрекет жасамағанын", әшейін "жұма намазынан кейін пәтерде жиналып шай ішіп, Алла туралы сөйлескендерін" айтады.

- Оларды кәдімгі мұсылмандар ретінде танимын. Мемлекеттің бізді қылмыскер санағанына қапаланып қалдым. Олармен араласып, бірге шай іштік, Алла туралы әңгімелестік, бас қосуға тыйым салынбайды ғой. 2013 жылға дейін мешіттерде де солай жиналатын. Өзімді "жамағатшы" санамаймын. Мүмкін қандай да бір ықпалға ілінген шығармыз, бірақ ешкімге зиян келтірген емеспін. Олар бізді ештеңеге шақырған жоқ. Көшеден ешкім келген жоқ, тек намаз оқитындар ғана жиналды. Жұма намазынан соң шай ішуге баратынбыз, себебі мешітте отырып әңгімелесуге уақыт жоқ. Олардың ешқайсысын жетекші санамаймыз. Ешбірінен жамандық көрмедім, - деді сотта сөйлеген бірінші куәгер.

Бұл куәгердің түсініктемесін судья "жалпылама" деп атап, соттағы сөзі "тергеу хаттамасына қайшы" екенін, куәгердің қазір басқадай сөйлеп тұрғанын айтты. Судья Жұмағұлов тергеу хаттамасында куәгердің "ұйымға тыйым салынғанын білемін" деп айтқанын және "жасырын жиналғандарын" есіне салды. Толымды жауап алмаған судья куәгерден "жалтармауды" сұрады.

Үйдегі кітаптарымды алып кетті, оларға тыйым салынған деді, ол туралы да білмедім

Судья екінші куәгердің сөзін де тергеу хаттамасындағы жауабымен салыстырып, оның айтқанына да күмән келтірді. Тергеу кезінде екінші куәгер заң жүзінде тыйым салынған іске "араласқанын мойындаған".

- Дәл осылай айтқаным есімде жоқ. Ұйымның іс-әрекетіне араластым демеймін. Олардың жолын ұстанбаймын. "Таблиғи жамағатқа" Қазақстанда тыйым салынғанын естідім, бірақ не үшін екенін білмеймін. Үйдегі кітаптарымды алып кетті, оларға тыйым салынған деді, ол туралы да білмедім, - деген екінші куәгер бұған дейін іс бойынша тергеу кезінде есеңгіреп отырып жауап бергенін айтты.

Сот тергеуі барысында куәгерлерден "Пәтерге кімдер жиналды, кездесуде не айтылды, қандай да бір әрекетке шақыру болды ма?" деп сұрады.

– Мешітке жиналып, шай-тамақ іштік, Алла туралы сөйлестік, ешқандай жаман әрекеттер болмады. Мен олардың жолын ұстанушы емеспін. Еш жаққа оқуға бармадым. Олардың бағыты қандай екенін білмеймін. Халифат құру туралы айтқан емес – шын сөзім. Оларды "Таблиғи жамағат" өкілдері деп айтқан емеспін, - деді үшінші куәгер.

2013 жылғы ақпанда Астананың Сарыарқа аудандық соты Астана прокуратурасының өтінішін қанағаттандырып, "Таблиғи жамағат" халықаралық ұйымын экстремистік деп тану және Қазақстанда оның қызметіне тыйым салу туралы шешім шығарған.

"Таблиғи жамағат" ұйымына қатысы бар деген айып тағылған Қарағанды облысы тұрғындарының ісі бойынша келесі сот отырысы наурыздың 19-ына белгіленді.

XS
SM
MD
LG