Accessibility links

Терроризм күдігіне ілінген он сайрамдық кім?


Қарабұлақ ауылының орталық мешіті. Сайрам ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 17 қараша 2017 жыл.
Қарабұлақ ауылының орталық мешіті. Сайрам ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 17 қараша 2017 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында "терроризмді насихаттады" және "діни алауыздықты қоздырды" деген күдікпен ұсталған он адам қарашаның 20-сында уақытша қамалды. Туыстары олардың кінәсіз екенін айтады.

Қарашаның 16-сында Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) ОҚО-дағы облыстық департаменті мен ішкі істер органдары бірлесіп жүргізген арнайы операция кезінде "терроризмді насихаттады" және "діни алауыздықты қоздырды" деген күдікпен Сайрам ауданы мен Шымкент қаласының 11 тұрғыны ұсталды деп хабарланған. Ресми ақпарат бойынша, күдіктілер WhatsApp және Telegram мессенджерлерінде және әлеуметтік желілерде ДАИШ ("Ислам мемлекеті" экстремистік тобының арабша қысқарған атауы – ред.) пен басқа да халықаралық террорлық ұйымдардың "экстремистік идеологиясын насихаттайтын материалдар таратқан". ҰҚК "экстремистік материалдар желілердегі жалпы саны 400 адамы бар 24 топта жарияланған" деп мәлімдеген.

КҮДІКТІ БЕЙНЕРОЛИКТЕР

Қарашаның 17-сінде кешкісін Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық соты Сайрам ауданында ұсталған он тұрғынды екі айға қамауға алу туралы қаулы шығарды. Судья Ғани Байарыстанның Азаттыққа айтуынша, аудандық сотқа ҰҚК-нің ОҚО департаменті қарап жатқан қылмыстық істер бойынша материалдар келіп түскен. Он тұрғынға қатысты күзетпен ұстау және бұлдыртпау шарасын санкциялау жөнінде мәселе қойылған.

1986 жылы туған Г.Парпиев, 1993 жылы туған Ф.Юлдашев, 1993 жылы туған М. Худайбергенов, 1997 жылы туған Д. Белдимуротов, 1997 жылы туған Д. Уморов, 1998 жылы туған Р. Маккомбаев, 1997 жылы туған Д. Якубов, 1992 жылы туған Ф. Аскаров Қазақстан қылмыстық кодексі 256-бабының 2-бөлігімен ("Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру"), 1967 жылы туған А. Моксаткулов пен 1986 жылы туған Е. Халмуротов 174-баптың 1-бөлігімен ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру") күдікті деп танылды, - деді судья.

Сайрам ауданында "терроризмге шақыру" күдігімен ұсталғандар туралы видео:

11 адамға "терроризм" айыбы тағылды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:37 0:00

Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі Азаттыққа арнайы операция кезінде ұсталған бір адам кәмелет жасқа толмағандықтан қамауға алынбағанын айтты.

- Күдіктілер – Сайрам ауданы Қарабұлақ және Манкент ауылының тұрғындары. Күдіктілер сотта интернет желілерінде топ ашып, бейнероликтер таратқанын мойындайды, оның "терроризм, экстремизмді насихаттайтын материалдар екенін, қылмыс екенін білмедік" дейді, - деді судья Ғани Байарыстан.

ҰҚК мен сот күдікті бейнероликтер туралы анық сипаттама берген жоқ. Күдіктілердің ішінде ауыл тұрғындары сайлап алған имам мен колледждің 2-курс студенті де бар. Судьяның сөзінше, күдіктілерді ұстаудан бұрын арнайы сараптама тағайындалып, таратқан материалдарында терроризм, экстремизм, діни алауыздық тудыратын деректер бар-жоғы анықталған. Қамауға алу бойынша сот ашық, жеке-жеке өткен. Күдіктілердің туыстары сот отырысына қатыспаған.

- Күдіктілер ауыр қылмыс жасады деп айыпталып отыр. Қаулы 20 қараша күні кешке күшіне енеді, - деді судья.

"ЕСІМНЕН ТАНЫП ҚАЛДЫМ"

Азаттық тілшісі күдікті ретінде танылған тұрғындардың туыстарымен сөйлесу үшін Шымкенттен шамамен 70 шақырым қашықтағы өзбек диаспорасы өкілдері тұратын Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылына барды. Жүз мыңға жуық халқы бар Қарабұлақ ауылының тұрғындары ауылдастарын полиция мен ҰҚК ұстап алып кеткенін естігендерін айтты.

- Қарабұлақ ауылынан сегіз адам, қалғанын Манкенттен ұстады деп естідік. Ауылдағылардың біразын "Әл-Мабрук" сауда орталығынан, қалғанын үйлерінен алып кетіпті, - дейді аты-жөнін айтудан бас тартқан тұрғын.

Ауыл орталығындағы "Әл-Мабрук" сауда орталығына барған тілші ғимараттың құлыптаулы тұрғанын көрді. Сауда орталығының төңірегінде орналасқан дүңгіршектердегі сатушылар "Әл-Мабруктегі" сатушылардың жұма намазына кеткенін айтты. Тілшінің арнайы операция туралы сұрағына жауап беруден қашқақтады.

Қарабұлақ ауылының тұрғыны Назокат Юлдашева. Сайрам ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 17 қараша 2017 жыл.
Қарабұлақ ауылының тұрғыны Назокат Юлдашева. Сайрам ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 17 қараша 2017 жыл.

Үстінен іс қозғалып, күдікті деп танылғандардың бірі Фарух Юлдашевтің анасы Назокат Юлдашеваның Азаттыққа айтуынша, ауыл тұрғындары имам етіп сайлаған ұлы жеке тұрғын үйдің ішінен ашылған шағын мешітте жұмыс істеген. Төрт баланың кенжесі. Үйленбеген.

- Кеше (қарашаның 16-сында – ред.) азанда сағат 06:00 шамасында бетперде киген бірнеше адам қақпаны ұрып, үйге басып кірді. Үйді шатырына дейін тінтіді. Балаларды сыртқа шығарып тастады. Баламның қолына кісен салды. Есімнен танып қалдым, - дейді ол.

Күдікті ретінде ұсталған Қарабұлақ ауылының тұрғыны Гафур Парпиевтің анасы Клара Парпиева да баласын кінәіз деп біледі.

- Таңертең әлі тамақтанбаған едік. Полицейлер, өкіметтің адамдары қаптап кетті. Қорқып кеттім. Үйді тінту туралы рұқсат қағазын оқып берді. Балам көшеде көп жүріп, біреудің тіліне кіріп, қосылып кететін жаста емес. Есін тоқтатқан, үш қызы бар. Жұмысқа азанда кетіп, кешке келеді. Бес уақыт намазын оқиды. Біреуге зияны жоқ, - дейді ол.

Қарабұлақ ауылының тұрғыны Клара Парпиева. Сайрам ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 17 қараша 2017 жыл.
Қарабұлақ ауылының тұрғыны Клара Парпиева. Сайрам ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 17 қараша 2017 жыл.

Клара Парпиеваның көршісі Дилдар Абубакирова Гафур Парпиевті "қарапайым тұрғын" деп сипаттайды. Оның сөзінше, Гафур жеке жүк көлігімен жүк тасып күн көреді.

- Жамандығын естіген емеспіз. Жақсы бала. Полицейлер басып келгенде төбемізден жай түскендей абдырап таң қалдық. Біздің баламыз, осы елдің баласы, өкімет күйе жақпайды деп үміттенеміз, - дейді Клара Парпиева.

Облыстық ҰҚК өкілдері мен ІІД-ден күдіктілерге қатысты қосымша мәлімет алу мүмкін болмады.

"ТЕРІС ДІННЕН" САҚТАНДЫРУ

Оңтүстік Қазақстан облысы дін істері департаменті басшысы Батырбек Жалмырзаев биылғы ақпанда берген сұхбатында осы аймақтағы "салафизм ағымын ұстанатындар негізінен Шымкент қаласы, Мақтарал, Сарыағаш және Сайрам аудандарында кездеседі" деп мәлімдеген.

Былтыр наурызда Сайрам ауданының 26 жастағы Акмаль Расулов есімді және бір тұрғынын Ташкентке сауда-саттық жасау үшін барған кезінде Өзбекстанның құқық қорғау органдары "контрабандалық іске қатысы бар" деген күдікпен ұстаған. Желтоқсанда оны Өзбекстан "елге діни әдебиетті кіргізуге әрекеттенді" деген айыппен бес жылға соттаған еді. Туыстары үкімге наразы әрі Расуловтың "кінәсі дәлелденген жоқ" дейді.

Қараңыз: "Телефондағы уағыз" үшін сотталған қазақстандық

Бұған дейін сайрамдық діни топ өкілдеріне "интернет арқылы терроризмді насихаттады" деген айып тағылып көрмеген. ОҚО дін істері басқармасына қарасты дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Ғабит Аман "теріс діни ағым мүшелері өздерінің жақтастарын көбейту мақсатында интернетті пайдаланып жатқанын" айтып, өте сақ болуға шақырады. "Жастарды теріс діни ағымның идеологиясынан сақтандыру" атты ресми науқан аясында орталық дінтанушы, теолог мамандарды көпшілікпен түрлі кездесуге шақырып тұрады.

Ғаламтордың ар жағында отырған адамның қандай оймен, қандай идеология таратып жатқаны белгісіз.

- Біз не үшін ресми сайттарды пайдалану жөнінде айтамыз? Дін тақырыбындағы бейнематериалдар арнайы сараптамадан өтеді. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің, орталықтың, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайты бар. Осы сияқты ресми сайттарды пайдаланған дұрыс. Діни мағлұматтарды бейнероликтерден емес, мысалы, ислам діні болса, мешіттегі имамдардан сұрау керек. Уағыз насихаттың ішінде бір-ақ абзац сөз адамның психологиясын өзгертіп жіберуі мүмкін. Ғаламтордың ар жағында отырған адамның қандай оймен, қандай идеология таратып жатқаны белгісіз, - дейді Ғабит Аман.

Оңтүстік Қазақстанда жүріп жатқан мұндай діни сауат ашу науқандары кезінде "полицияның әсіре сақ, қазымыр әрекеттерінен зардап шеккендерін" айтып шағымданушылар да бар. Бірнеше күн бұрын Созақ ауданынан Азаттыққа хабарласқан бір топ тұрғын "салафи ағымын ұстанатын" өздерін "деструктивті діни топ өкілдері" ретінде полицияға шақыртып, суретке түсіріп, саусақ таңбаларын алмақ болып, тіркеуге қойғанын айтып арызданған. Олар "сақал өсіріп, намаз оқығанымыз үшін ғана билік азаматтық құқықтарымызды бұзды" деп санайды. Өздерін "салафи ағымын ұстанушы бейбіт топ" ретінде сипаттайтын созақтық топ "террорлық ұйымдарды қолдамайтындарын" айтқан еді.

Оқи отырыңыз: "Салафи өкілдері" құқықтары бұзылғанына шағымданды
XS
SM
MD
LG