Accessibility links

Студенттер сақал, хиджаб, шолақ шалбар жайлы сұрады


Кездесуден шыққан студенттер тарихи өлкетану музейіндегі дін тақырыбындағы суреттерді көріп тұр. Теміртау, 17 қазан 2017 жыл.

Теміртау билігі орта арнаулы оқу орындарының студенттерін экстремизмнің алдын алу мақсатында өткізілген сұхбатқа жинады. Жастармен кездесу «діни экстремизм – зорлық-зомбылық матрицасы» деген тақырыппен өтті.

САҚ ЖАУАПТАР

Теміртау әкімдігінің ішкі саясат бөлімі ұйымдстырған дін тақырыбындағы кездесуге ондаған студент қыз-жігіттер келді. Жастар ересектерге – жергілікті имамға, православ шіркеуі қызметкері мен қалалық конфессияаралық қатынастар проблемаларын зерттеу және талдау орталығы басшысына көптеген сұрақтар қойды. Кей сұрақтар мүлде тұтқиылдан қойылғандай көрінді. Шақырылған адамдар сұрақтарға толымды жауап беруге тырысты, бірақ олардың сақтанып, сөздерін екшеп сөйлегені байқалып қалды, кейде тіпті бір-бірін түзетіп отырды. Алғашқы сұрақ сақал өсіру мен шолақ шалбар жайлы болды. Жастарға сақалын өсіріп, балағы жіліншігіне дейін кесілген шалбар киген адамды әлдебір діни ағымның өкілі деп кесімді түрде айту мүмкін емес деп түсіндірді. Конфессияаралық қатынастар проблемаларын зерттеу және талдау орталығы басшысы Дәурен Қанаевтың айтуынша, сақал өсірген ер адамдардың бәрі «деструктивті» діни ағымдарды ұстанатындар болуы шарт емес. Оның жанында отырған әрі екеуінің де сақалы бар имам мен православие шіркеуі басшысы Қанаевтің сөзін бірден құптады.

Имам мен собор ұстазы және конфессияаралық қатынастар проблемаларын зерттеу әрі талдау орталығы басшысы студенттердің алдында отыр. Қарағанды облысы, Теміртау қаласы, 17 қазан 2017 жыл.
Имам мен собор ұстазы және конфессияаралық қатынастар проблемаларын зерттеу әрі талдау орталығы басшысы студенттердің алдында отыр. Қарағанды облысы, Теміртау қаласы, 17 қазан 2017 жыл.

Жиында «өте қиын әрі тереңде жатқан мәселе» деген, оқу орындарында хиджаб кию мәселесі қозғалды. Хиджаб киюге тыйым салу экстремизм проблемасын мүлде шеше алмайды деген пікірлер айтылды.

- Егер адам бір діннен екінші дінге ауысса, бұл - күнә санала ма? – деп сұрады студенттердің бірі.

- Бұл опасыздық деп саналады, - дейді Свято-Никольск шіркеуінің басшысы Николай әкей.

Бірақ Теміртау қаласындағы конфессияаралық қатынастар проблемаларын зерттеу және талдау орталығы басшысы «дінді таңдау тұрғысынан алғанда, әркім өзі үшін жауап береді, бізде дін еркіндігі деген бар, бұл - әр адамның конституциялық құқығы» деп оның сөзін бірден түзетті.

Бұған қоса, жастар неліктен «дәл исламды терроризммен байланыстырады?» деп сұрады. Сауалға жауап берген конфессияаралық қатынастар проблемаларын зерттеу және талдау орталығы басшысы Дәурен Қанаев:

- Біз террорлық ұйымдар өзге діндерде де бар екенін білеміз. Исламды терроризммен байланыстыратынына қынжыласың. Бұған саяси құралдар, экономикалық мақсаттар себеп. Адамдар дінмен енді таныса бастаған кезде ақпаратты бұдан хабары жоқ адамдардан алады, ол діннің мәнін бұрмалауға және дұрыс түсінбеуге соқтырады, - деді.

«ЖАТ» ИДЕОЛОГИЯҒА ЕРГЕНДЕРДІ «АНЫҚТАУ»

Кездесуде мектептерде дінтану пәнін міндетті түрде оқыту керек тиіс пе деген сұрақ қойылды. Имам Ысқақ Әбдірахманов «бұл – қажет пән, бірақ оны тарихшылар мен философтар емес, дінтанушы мамандар оқытуы тиіс» деді.

- Біз Теміртау қаласы мен Ақтау кентіндегі мектептердің 9-сынып оқушылары арасында сауалнама жүргіздік. Біз сабақ өткізгеннен кейін балалардың шамамен 98 пайызының осы пәнге деген қызығушылығы оянғанын байқадық. Оқушылардың деструктивті ағымдар жайлы білгісі келетінін байқадым, ал сол тұста Сириядағы оқиғалар жайлы көп айтылып жатқан, әдебиет пәні мұғаліміне оқушыларға белгілі бір тақырып бойынша шығарма жаздыруға тапсырма бердік, әлгі шығармаларды оқып шыққаннан кейін теріс идеологияға еруі ықтимал балаларды анықтадым, - дейді Дәурен Қанаев.

Кездесуге келген студенттердің бір бөлігі. Теміртау, 17 қазан 2017 жыл.
Кездесуге келген студенттердің бір бөлігі. Теміртау, 17 қазан 2017 жыл.

Жасөспірімдер ондай балаларды «анықтағаннан» кейін не болды және олар оқуды жалғастырды ма деп сұраған жоқ. Бірақ деструктивті ағымдар дегенді қалай түсінуге болатынын сұрады. Шамалап алғанда, жауаптың мағынасы «бұл - жастарды алдап-арбап өз қатарына қосылуға үгіттеп, өз дегендерімен жүргізу үшін оларға «жат» көзқарастарды таңатын қауіпті ағымдар» дегенге сайды.

- Өкінішке қарай, Теміртауда дәстүрлі емес діни ағымдарды ұстанатын адамдар бар. Дәстүрлі емес ағым жолына түскен жастардың бұл тобымен біздің теолог мамандардың қатысуымен түсіндіру сипатында жеке-жеке жұмыс жүргізіледі. Бұл - ұзаққа созылатын, үлкен идеологиялық жұмыс, айталық, бір адамды дәстүрлі ағымға ауыстыру үшін кемінде алты ай керек, - деп жауап берді Дәурен Қанаев.

Оқи отырыңыз: «Теріс ағым» өкілдерін райынан қайтаруға теологтар кірісті

Қанаевтың сөзінше, биыл Теміртауда экстремизмді насихаттағаны үшін екі адам сотталған. Олардың біреуі екінші рет сотталып, қазір жазасын өтеп жатыр.

Шара жастармен кездесуді ұйымдастырушылардың бірі - қалалық тарихи-өлкетану мұражайында өтті. Теміртаудағы қалалық тарихи-өлкетану мұражайының аға ғылыми қызметкері Светлана Трещева:

- Өкінішке қарай, мемлекетімізде «терроризм» термині, діни экстремизм қазір абстрактылы ұғым болудан қалды, бұл - сіздер мен біздер ұшырасып жатқан жағдай. Телефонымызға қауіптіліктің сары деңгейі туралы хабарлама келген кезде қандай қорқынышты. Әлдебір ұйымдарға, террорлық ұйымдарға тартуға әрекеттендердің тұзағына түсіп қалмас үшін, тіпті оларға тойтарыс беру үшін өте сауатты адам болуларыңыз керек. Біз бүгінгі мына диалогты сондықтан ұйымдастырдық, - деді.

Жастармен кездесу шамамен екі сағатқа созылды. Жиыннан кейін жасөспірімдерді діндерге қатысты бұйымдардың көрмесіне шақырды.

Жастармен – жоғары сынып оқушылары және студенттермен мұндай сұхбаттар өзге аймақтарда да өтті. Билік оларды экстремизм мен терроризмнің алдын алу қадамдары ретінде жариялайды. Мұндай жұмыс былтырғы қарулы шабуылдардан кейін қарқынды жүргізіле бастады. Былтыр Ақтөбе, Алматы қалаларында, Қарағанды облысының Гүлшат ауылында полиция мен ресми түрде «радикал деструктивті ағымдардың өкілдері» деп атайтын қарулы адамдардың арасында қақтығыстар болған. Қарулы шабуылдардан ондаған бейбіт тұрғын мен күш қолдану ведомстволарының қызметкерлері құрбан болды.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

XS
SM
MD
LG