Accessibility links

«Қазақстан «дәстүрлі емес» дін өкілдерін қудалауды күшейтті»


Намаз оқып отырған қазақстандықтар. (Көрнекі сурет)

АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті Халықаралық діни бостандық жөніндегі 2016 жылға арналған жыл сайынғы есебін жариялады. Әлемдегі 200-ден астам мемлекет пен аймақтардағы дін бостандығының ахуалын сипаттайтын бұл есеп үкіметтердің, террорлық топтардың және жекелеген адамдардың діни бостандық заңдарын бұзу немесе оны асыра пайдалану фактілерін саралап шыққан.

Жылдық есепті АҚШ Конгресіне жолдаған кіріспе сөзінде АҚШ Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон дін бостандығын Американың «ең басты құндылығы» деп атай келе, «Ислам мемлекеті» (ИМ) сияқты террорлық ұйымдардың осы бостандықты пайдаланып, адамдарды ұрлап, зорлап, құлдыққа салып және өлтіріп жатқанын айтты. Мемлекеттік хатшының айтуынша, ИМ езидтерге, христиандарға, шиит мұсылмандарға қарсы геноцид ұйымдастырған. Тиллерсонның сөзінше, әлемдегі кейбір үкіметтердің діни сенім бостандығын дұрыс қорғай алмауы осы елдерді тұрақсыздыққа ұрындырып отыр.

АҚШ үкіметінің болжауы бойынша, 2016 жылдың шілде айында Қазақстан халқының саны 18 миллион 400 мың адамға жеткен. Ал Қазақстандағы ұлттық санақ нәтижелері бойынша, тұрғындардың 70 пайызына жуығы мұсылман, мұның басым көпшілігі сунниттердің ханафи бағытын мойындайды. Ал шафи сунниттер, шейіттер, сопылар, ахмади мұсылмандар елдегі жалпы мұсылмандардың бір пайызын ғана құрайды.

Қазақстанның ресми деректері бойынша, халықтың 26 пайызына таяуы христиан дінін ұстанады. Мұның басым көпшілігі – орыс правсолав шіркеуінің өкілдері. Ал осының үш пайыздайы христиан дінінің өзге ағымдары.

Діни бостандық туралы жылдық есептің Қазақстанға қатысты бөлігінде Қазақстанның конституция бойынша зайырлы мемлекет екендігі, діни бостандыққа кепілдік берілетіні айтылады. Дегенмен, есепте ел үкіметі діни ұйымдарды «дәстүрлі» және «дәстүрлі емес» деп екіге бөліп, «дәстүрлі дінді жақтайтындарды мойындап әрі оларға қолдау көрсетіп, ал «дәстүрлі емес» ұйымдарды жіті қадағалап, қудалап отырғаны» жазылған. «Конституция бойынша әркімнің өз дінін, наным-сенімін ұстануға, діни шараларға қатысу, өз сенімін таратуға қақысы бар. Бірақ, бұл құқық тек «дәстүрлі» немесе тіркелген діни ұйымдарға ғана тиесілі» дейді есеп авторлары.

Мәселен, қазан айында Қазақстанның Жоғарғы соты «діни араздық қоздырғаны үшін» екі жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген «Жетінші күн адвентистері» шіркеуінің өкілі Ықылас Қабдуақасовқа қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Оқи отырыңыз: Астанада "Иегова куәгерлері" діни ұйымы өкілін 5 жылға соттады

Маусым айында жеке адамдармен сұхбат кезінде «діни араздық қоздырды» деп айыпталған Рустам Мусаев екі жылға еңбекпен түзеу колониясына жіберілді. «Форум 18» тобының болжамы бойынша, бұл жеке кездесулерді Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) әдейі ұйымдастырған болуы мүмкін.

Қазанның 13-інде Қазақстанның ҰҚК-сі Сауд Арабиясынан оқудан оралған дінтанушы Қуаныш Башпаевты тұтқындады. Ол осының алдында елге келген кезінде мейрамханада жастармен әңгіме кезінде «діни араздық қоздыратын әңгіме айтқан» деп айыпталған. Сол сұхбатқа қатысқандардың бірі оның Құранды, шариғат заңдарын талдаған сөздерін аудиотаспаға түсіріп алып, айғақ ретінде пайдаланған. Адвокатының айтуынша, қауіпсіздік қызметкерлері оған «қылмысты мойныңа ал» деп қысым жасаған.

Оқи отырыңыз: Ислам туралы аудиожазбалармен түрмеге түскендер

«[Қазақстанның] Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметі бойынша, «Таблиғи жамағат» қозғалысының 14 мүшесі тыйым салынған діни ұйымның жұмысына қатысқаны үшін сотталған.

Құрбан айт кезінде намаз оқып тұрған мұсылмандар. (Көрнекі сурет)
Құрбан айт кезінде намаз оқып тұрған мұсылмандар. (Көрнекі сурет)

Есепте салыстыру үшін бір жыл бұрынғы көрсеткіш те беріліп, 2015 жылы осындай айыппен 18 адам сотталғаны жазылған. АҚШ мемлекеттік департаменті «Форум 18» үкіметтік емес ұйымының (ҮЕҰ) басқа мәлімет келтіретінін ескертіп, ҮЕҰ-ның 2016 жылы 22 адам сотталғанын тіркегенін де мысалға келтіреді. ҮЕҰ мәліметінше, олардың 19-ы тоғыз айдан үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілсе, үшеуі шартты түрде сотталған. Қалғандарына тіркелмеген діни ұйымның жұмысына қатысқаны үшін айыппұл салынып, кейбіреулері бірнеше күнге қамалған».

Тақырыптас мақала: «Жамағатшылар» үкімінен кейін қарғыс жауды»

Есепте «Экстремизм мен террорзиммен күрес мәселелері жөніндегі кей заңнамалық актілерге өзгерістер мен түзетулер енгізген жаңа заң дін бостандығына бұрынғыдан да көп шектеу қойды» деген қорытынды жасалады. Бұл заңға былтыр желтоқсанның 22-сі күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған. Бұл заң бойынша, діни әдебиетті және ақпараттық материалды шығару және тарату үшін алдымен үкіметтің рұқсатын алу керек. Жеке қолдануға шетелден тек бір дана діни әдебиет әкелуге рұқсат беріледі. АҚШ мемлекеттік департаменті «жаңадан құрылған Дін және азаматтық қоғам істері министрлігі басқа шаруалармен қоса, діни туризмді бақылауға алып, азаматтарды қажылыққа жіберу процесін реттеп отыр» деп жазады. Есеппте «Президент Назарбаев пен тиісті мекемелердің Парсы шығанағы елдерінің діни ықпалынан Ақтөбеде маусымда топпен жасалған және Алматыда Күлекбаевтың жалғыз жасаған шабуылынан соң тіксініп қалғаны» да ескертілген.

ВИДЕО: 2016 жылғы қарулы шабуылдар

Есепте Қазақстанда «этностық, діни алауыздықты қоздыру» бабының жиі қолданылатыны айтылады. Мәселен, діни құқықтарды қорғайтын Қазақстан Діни ұйымдары қауымдастығының мәліметі бойынша, құқық қорғау органдары жай сұхбат кезіндегі діни сенімге қатысты пікірді «діни араздық қоздыру» санатына жатқызып отырады. Адам құқықтары жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының ақпараты бойынша, діни және басқа да алауыздықты қоздырды деп айыпталған 100-ге тарта «діни тұтқынға» қатысты сот процестері жүріп жатыр.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің есебінде «Жыл ішінде үкімет діни ұйымдардың мүшелерін қамауға алып, тұтқындауды, түрмеге жабуды, олардың сөздерін «діни араздық қоздырды» деп қылмысқа жатқызуды, конгрегация мүшелерінің наным-сеніміне қатысқы тергеуді, «заңсыз миссионерлік әрекеттері үшін» жазалауды, «дәстүрлі емес» діни ұйымдарды ақпарат құралдарында «деструктивті секталар» деп айыптауды жалғастырды» деп жазылған.

Маусымның 25-інде Ақтөбеде, шілденің 18-інде Алматыда болған шабуылдарды «дәстүрлі емес, радикалды діни ұйымдардың өкілдері» ұйымдастырды деген ресми ақпарат таратылды, күштік органдар бұл қылмыскерлерді Салафизм ағымымен байланыстырды. Мәселен, Алматыда адамдарды атқан жігіт сот кезінде «Алланың заңдарымен жүрмегені үшін» оларды жазалағанын айтқан. Кейіннен бұл шабуылдарды ұйымдастырушылар ұзақ мерзімге бас бостандықтарынан айырылды. Дегенмен, жергілікті сарапшылар бұл атыстарға тек діни радикализм емес, қылмыс тарихы, кедейшілік және мүмкіншіліктің жоқтығы да әсер еткен деген пікір білдірген.

ВИДЕО: Күлекбаев өлім жазасына кесілді

АҚШ Мемлекеттік департаментінің есебі бойынша, үкімет тек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында тіркелген мешіттерді ғана заңды діни мекеме деп мойындайды. Діни басқармада тіркеуден өткен соң олар өз имамдарын тағайындап, шаруашылық жүргізу, уағыз айту құқығына ие болады әрі мешіт табысының 30 пайызын Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасына жіберіп отырады.

Жергілікті адам құқықтарын қорғау ұйымдарының өкілдері дәстүрлі емес дін өкілдерін қудалау күшейгенін айтқан. Үкіметтік емес ұйымның бір өкілі «азаматтық қоғам мен үкіметтің арасындағы сенімнің азайып бара жатқанын, үкіметтің діни ұйымдарды қудалап, қорқытып отырғанын» айтқан. Дәстүрлі емес бірнеше діни ұйымның өкілдері үкіметтің тексеріс ұйымдастыру арқылы қысымды күшейткенін хабарлаған. Дегенмен, кейбір діни ұйымдар бұрынғы Дін істері комитетімен (кейіннен оның өкілеттілігі Дін және азаматтық қоғам істері министрлігіне берліген) арада тұрақты байланыс орнап, өзара түсіністік қалыптасып келе жатқанын айтқан.

Өткен жылы оның алдындағы жылдарға қарағанда адамды діни наным-сеніміне бола кемсіту азайған. Десе де, дәстүрлі емес діндер туралы жағымсыз материалдардың, үкімет жүргізетін рейдтердің кесірінен оларды қоғам жақсы қабылдамай отыр.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің әлемдегі діни сенім бостандығы ахуалы туралы есебі Астана уақытымен тамыздың 16-сына ауған түні жарияланды.

XS
SM
MD
LG