Accessibility links

Пасхада құлшылық еткені үшін баптистерге айыппұл салды


Керчь қаласындағы шіркеуде құдайға құлшылық етіп тұрған әйел.

Қазақстанның кей қалаларында тұратын Евангелие христиан баптистерінің бірлесіп құлшылық етуін жергілікті билік тіркелуден бас тартқандардың жиыны ретінде бағалап, айыппұл салған. Діндарлар тіркеуге тұру талабы «діни ұстанымымзға қайшы» деп санайды. Құқық қорғаушылардың да пікірі осындай.

ХРИСТОС ЖЕКСЕНБІСІ

Әлемдегі бүкіл христиандардың биыл сәуірдің 16-сы – жексенбіге сәйкес келген Пасха мерекесі күні Қарағанды облысы Теміртау қаласында тұратын 70 жастағы Иван Янценнің үйіне полицейлер келген. Оның үйінде дұға оқылып, Пасха мерекесіне арналған құлшылық ету жорасы өткен. Оның бауыры, халықаралық шіркеулер одағының Қазақстанда тұратын Евангелие христиан баптистерінің өкілі Дмитрий Янценнің айтуынша, күндізгі сағат 12-де бір «жасақ» болып келген полицейлер «көршілеріңізден шағым түсті» деп айтқан. Оның сөзінше, полицейлер оларды Теміртау қалалық ішкі істер басқармасына қарасты Старогород полиция бөлімшесіне апарғысы келген, бірақ олар бас тартып, санкцияны көрсетуін талап еткен. Жаңа заң бойынша діни қауымдардың бәрі тіркеуге тұруы тиіс. Баптистердің бұл қауымы 2011 жылы қабылданған заңның бұл талабын мойындамайды, ондай шара ұстанатын дінімізге қайшы деп санайды.

Екі күннен кейін полицейлер тіркелмеген діни бірлестікке басшылық етіп, қызметіне қатысқаны үшін діндарлардың жиыны өткен үй иесі Иван Янценнің үстінен әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 489 бабын бұзғаны туралы хаттама толтырған.

— Сол күні Таразда да полицейлер Пасха мерекесіне арналған құлшылық етуге, бұған қоса Верба жексенбісі (Иса пайғамбардың Иерусалимге кiрген күнi - Пасха мерекесінен бір апта бұрын тойланатын христиандық мереке -- Автор) күні де келген. Олардың үстінен де үш хаттама толтырыпты. Бұл құбылыс жиілеп барады, жаңа толқыны жүріп жатыр. Жыл басынан бері 20 шақты хаттама толтырды. Бірер күн бұрын Оралда бір құлшылық жиынында сегіз хаттама, ал Таразда үш хаттама толтырыпты, - дейді Дмитрий Янцен.

Оның айтуынша, олардың қауымының тіркелмеуі «жай еркелік емес, діни ұстанымы» екенін билікке түсіндіруге тырысып, биыл баптистер бас прокуратураға екі мәрте барған.

— Бізге «кешіріңіздер, бірақ сіздерге қойылатын талаптарды жұмсартпаймыз, тек күшейтілуі мүмкін» деп айтты. Заңның аты заң екені түсінікті, бірақ адамның да ар-ұждан еркіндігін де бірдеңе етіп құрметтеу керек қой, біз діни сенімімізге байланысты тіркеуге тұра алмаймыз, бірақ әлдебір жаққа бұра тарту ниетіміз жоқ, өйткені бұл ар-ұждан мәселесі деп түсіндіргенімді олар елемейді. Мемлекеттің заңдарын құрметтейміз, бірақ біз Құдай заңдарын жоғары қоямыз және олардың заңды күші жоғары екенін түсінеміз. Құдайдың заңдарына қайшы заңдарды қабылдамаңдар, - дейді Дмитрий Янцен.

Биылғы жыл басынан бері Қазақстандағы халықаралық шіркеулер одағының Евангелие христиан баптистеріне дінге қатысты заңдарды бұзғаны үшін 20 шақты айыппұл салынған. Евангелие христиан баптистері мемлекеттік тіркеуді діни көзқарасына байланысты мойындамайды. Бірақ Қазақстанда әділет органдарында тіркелген өзге баптистер қауымы да бар.

ДІНИ СЕНІМ МЕН КӨЛІК ҚОЮДЫ САЛЫСТЫРУ

Теміртау қалалық ішкі істер басқармасына қарасты Старогород полиция бөлімшесі полицейлерімен сөйлесудің сәті түспеді, өйткені олардың телефон нөмірлері бірнеше күн бойы жауап бермеді.

Бірақ қала әкімдігі өкілдерінің айтуынша, халықаралық шіркеулер одағының Евангелие христиан баптистері 2011 жылғы «Дін қызметі және діни бірлестіктер туралы» заңға сәйкес қайта тіркелуі тиіс болғанымен, тіркелуден «үзілді-кесілді бас тартқан» және тиісті құжаттарын көрсетпеген. Бұған қоса, Теміртау қаласындағы конфессияаралық қарым-қатынас проблемаларын зерттеу және талдау орталығының басшысы Дәурен Қанаевтың сөзінше, бұл бірлестік діни парақшалар таратумен айналысқан, ал қазір елде миссионерлікпен айналысуға тыйым салынған, «оған қоса, олар - тіркелмеген діни ұйым, сондықтан ішкі істер басқармасы полицейлері мен экстремизммен күрес бөлімі тиісті шаралар қолданған».

— Иә, оларға айыппұлды заңға сәйкес салған. Қайта тіркелмегені үшін, заңсыз миссионерлік қызметпен айналысқаны үшін айыппұл мөлшері қанша екені заңда реттелген, - дейді Дәурен Қанаев.

Баптистік діни ағымды ұстанған әйелін бір ауылда тұратын мұсылмандардың талабы бойынша бөлек зиратқа қайта жерлеуге мәжбүр болған қырғыз ақсақалы марқұм әйелінің басында тұр. Ала-Бука ауданы, Жалал-Абад облысы. 19 қазан 2016 жыл.
Баптистік діни ағымды ұстанған әйелін бір ауылда тұратын мұсылмандардың талабы бойынша бөлек зиратқа қайта жерлеуге мәжбүр болған қырғыз ақсақалы марқұм әйелінің басында тұр. Ала-Бука ауданы, Жалал-Абад облысы. 19 қазан 2016 жыл.

Бұған қоса, ол баптистер конституциялық құқықтарын толық пайдаланады, сондықтан дінге қатысты заң талаптарын Қазақстан азаматтары ретінде орындауы тиіс дейді. Олардың діни ұстанымының Қазақстан заңдарымен үйлеспейтін тұстары бар екенін Дәурен Қанаев та мойындайды, бірақ өзге христиандардан үлгі алуды ұсынады.

— Бұл - тіркелмеген жалғыз қауым. Ал протестант ағымын ұстанатын өзгелері заң талаптарын орындайды, ымыраға көнеді, осы бағыттағы жұмысын жалғастыруға мүмкіндік алады, - дейді Дәурен Қанаев.

Теміртау қаласындағы конфессияаралық қарым-қатынас проблемаларын зерттеу және талдау орталығының басшысы бұған қоса, діни қауымның тіркелмеуін рұқсат етілмеген орынға көлік қойып, жол жүрісі ережелерін бұзуға теңейді. Оның сөзінше, дін мемлекеттен ажыратылған және екеуі бір-бірінің шаруасына араласпайды, бірақ олардың өкілдері қолданыстағы заң нормаларын орындауға міндетті.

ТАЛАЙ СЫНАЛҒАН ЗАҢ

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис баптистерді мемлекетпен қақтығысқа мемлекеттің өзі мәжбүрлейді және «баптистер емес, биліктің өзі соқтығады» деп санайды. Бұған қоса, ол адамдарды діни ұстанымынан бас тартуға мәжбүрлеу мүмкін емес, «демек, діни сенімі үшін қамайтын болады» дейді.

— Әлгі заңды қабылдағанға дейін олар тып-тыныш әрі заңды түрде тіршілік етіп жатқан, өйткені бізде саны аз діни топтар болған, өздерінің бар екенін ескерткені жеткілікті саналып, олардан міндетті тіркеуге тұруды талап етпейтін. Бірақ егер мемлекет заңға сілтеп, халықаралық міндеттемелеріне сәйкес әрекет етпесе, олардың құлшылық ету жиынын заңды бұзу және тіркелмеген діни бірлестіктің қызметі ретінде қарауды жалғастыра беруі мүмкін және оларға айыппұл салып, мүлкін тәркілеп, ақыры әсіресе әлгі айыппұлдарды төлемегендердің үстінен сот шешімін қасақана бұзғаны үшін қылмыстық істер қозғайтын болады. Бірақ мұның аяғы жақсы болмайды. Сынға ұшырап жатқан әрі біздің міндеттемелерімізге мүлде қайшы заңды мемлекет пайдаланып отырғанын мемлекет бас прокуратурамен қосылып көрсете береді, - дейді Евгений Жовтис.

Бішкек маңындағы Ленинск ауылында тұратын баптистік діни ағым ұстанушылардың шоқыну мерекесі. Қырғызстан, 19 қаңтар 2013 жыл.
Бішкек маңындағы Ленинск ауылында тұратын баптистік діни ағым ұстанушылардың шоқыну мерекесі. Қырғызстан, 19 қаңтар 2013 жыл.

Халықаралық ұйымдар мен БҰҰ-ның адам құқығы комитеті 2011 жылы қабылданған «Дін қызметі және діни бірлестіктер туралы» заңды Қазақстанның ар-ұждан және дін еркіндігін қамтамасыз етуге қатысты халықаралық міндеттемелеріне сай емес деп талай мәрте сынаған.

—Міндетті тіркеу арқылы ар-ұждан және дін еркіндігін шектеу қажетті [шара] емес әрі халықаралық құқық талап ететін әлдебір мақсатты көздейтін нәрсе емес. Әңгіме олардың тіркеуден өткені немесе өтпегені емес, міндетті түрде тіркеуді талап ететін заң жайлы, ол халықаралық азаматтық және саяси құқықтар пактісіне, мысалы 18 бабына сәйкес емес, - дейді Евгений Жовтис.

Құқық қорғаушының пікірінше, баптистер ешқандай заңды бұзбаған, ал мемлекет Қазақстан ратификациялаған халықаралық азаматтық және саяси құқықтар пактісінен мәртебесі төмен «Діни бірлестіктер туралы» заңға сүйеніп олардың құқығын бұзып отыр.

Баптистер совет заманында да қудалауға ұшыраған. Оларды тұтқындап, түрмеге қамап, айыппұл салған, балаларына діни білім бергені үшін ата-ана құқығынан айырып, жұмыстан қуған. Қазақстанда баптистерге «заңға қайшы» құлшылығы үшін бұрын да айыппұл салғаны, ал әлгі айыппұлдарды төлемегені үшін мүлкіне қамау салып немесе өздерін әкімшілік қамауға алғаны жайлы Азаттық ертеректе жазған болатын.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG