Accessibility links

Дін туралы заң жобасындағы "бұлыңғыр" тіркестер


Алматының орталық мешіті. (Көрнекі сурет.)

Парламент Мәжілісі "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заңға енгізуге ұсынылған өзгерістерді талқылауға кірісті. Құжатты әзірлеген үкімет заң жобасы "дінді экстремистік мақсатта пайдалану мүмкіндігін азайтады" деп санайды. Тәуелсіз сарапшылар жобадан әркім қалауынша түсінетін әрі заңнан аттамайтын азаматтарға қарсы пайдаланылуы ықтимал "мағынасы бұлыңғыр әрі қалай қолданылатынын болжап білуге болмайтын" тіркестер тапқан.

Парламенттегі талқылауда Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев заң жобасы "діндерді деструктивті мақсатта пайдалануға, кәмелетке толмаған балаларды құлшылық етуге, діни салт-жораларға, жиындарға заңсыз қатыстыруға, діни шаралар мен уағыздарды заңсыз өткізуге жол бермеу және мемлекеттік органдардың діни қызмет саласындағы жұмысын үйлестіруді күшейту үшін діни қызмет саласын реттейтін заңдарды жетілдіруді көздейді" деп мәлімдеді. Депутат жоба авторы – Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің өзгерістер "мемлекеттің зайырлы принциптерін нығайтуға негіз болады және дінді экстремистік және өзге де деструктивті мақсаттарда пайдалану мүмкіндігін азайтады" деген позициясын құптайды.

Парламент Мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Парламент Мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Заң жобасында шетелде діни білім алу, мемлекеттік қызметшілердің діни жұмыстарға араласу тәртібін "реттеуге көмектесетін" нормалар, қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін түгелдей жасыратын киім киюге тыйым салып, оны бұзғандарға 240 мың теңгеге дейін (100 айлық есептік көрсеткіш) айыппұл салу ұсынылған. Бұдан бөлек, заң жобасында "деструктивті идеологиялық ағымдардың киімін киюге, олардың ілімін БАҚ-та таратып, жарнамалауға" тыйым салу қарастырылған.

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі былтыр өз сайтында жариялаған заң жобасында берген "деструктивті" сөзінің анықтамасы бұлыңғыр болып көрінеді. Онда "халықтың адамгершілік қағидаларын, рухани және мәдени құндылықтарын, діни сезімдері мен дәстүрлерін әлсіретіп, күйретуді көздейтін", "адам мен азаматтардың заңмен қорғалатын құқығы мен еркіндігіне қатер төндіретін" ағымды "деструктивті ағым" деп атайды деп көрсетілген. Негізі, Қазақстан билігі белгілі бір ағымдар мемлекет құптайтын діндерге сай келмейтін кезде "деструктивті ағымдар" сипаттамасына жиі жүгінеді.

Жобаға қарағанда, Қазақстанда балалардың ересектерсіз діни жораларға қатысуына тыйым салу көзделген. Бұған қоса, баланың діни жораларға қатысуына "ата-анасының екеуі де қарсы болмауы тиіс" деп заңда ашып жазуды ұсынған. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі шенеуніктері балаларды "діни сипаттағы деструктивті ықпалдардан" осындай амалдармен қорғауға болатындығына сенімді. Кінәлі адамдарды 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу және діни ұйым қызметін үш ай мерзімге уақытша тоқтату арқылы жазалауды ұсынады. Кей белсенділер бұл амалдар билікке қолайсыз діни қауымдарды қудалайтын сылтауға айналуы мүмкін деп санайды.

Оқи отырыңыз: "Шектеу жаңа проблемалар тудыруы мүмкін"

ЖАҢА ТІРКЕУДЕН ӨТЕ МЕ?

"Форум-18" құқық қорғау ұйымы сайтының редакторы әрі журналисі Феликс Корлидің Азаттыққа айтуынша, заң жобасы Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін орындаудағы кемшіліктерді жоймай, керісінше оны еселей түседі деп санайды. Бұған дейін БҰҰ мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Қазақстан 2011 жылы қабылдаған "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заңда белгіленген нормалардың халықаралық стандарттарға сәйкес келмейтінін ескерткен, бірақ Астана ол ескертулерді елеусіз қалдырған.

- Заң жобасының түпкілікті нұсқасына жаңа талаптарға сәйкес, діни ұйымдардың бәрі Әділет министрлігінде қайта тіркеуден өтуі тиіс деген талап қосылған. Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы мен православие шіркеуі ғана жаңа талапқа сай жұмыс істеп тұр. Сонда Әділет министрлігі діни бірлестіктердің бәрін қайта тіркемек пе? – дейді Феликс Корли.

Алматыдағы орыс православие шіркеуі алдында тұрған дін қызметкерлері. 19 мамыр 2017 жыл.
Алматыдағы орыс православие шіркеуі алдында тұрған дін қызметкерлері. 19 мамыр 2017 жыл.

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне қарасты Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Еркін Оңғарбаев "ешқандай тіркеу болмайтын шығар" деген жорамал айтады.

- Бұл сұрақ неліктен пайда болды? Біз жергілікті діни бірлестік деген не және аймақтық діни бірлестік деген не деген ұғымдарды нақтылап жатырмыз. Бізде олардың жергілікті, аймақтық және республикалық деген үш түрі бар ғой. Біз осы екі ұғымды кейбір діни бірлестіктердің өтініші бойынша нақтылап жатырмыз, қайта тіркеу болады деген мәселесі сол себепті туған. Қазіргі позициямызға сүйеніп айтсам, қайта тіркеу болады деп ойламаймыз. Бұл жаңадан тіркелетіндерге ғана қолданылып, бұрыннан тіркеліп қойғандарға қатысы болмайтын шығар, - дейді Еркін Оңғарбаев Азаттыққа.

Оңғарбаевтың сөзінше, бұл ұсыныс әзірше жобада ғана бар, бірақ ол қайта тіркеуге қатысты мәселе қарастырылуы мүмкін екенін айтады.

- Меніңше, бұл ұсыныс тұтас күйінде өтпейтін шығар. Түрлі позициялар болады ғой, біз де ұсыныстар жайлы ғана айттық. Қоғамдық пікір, сарапшылар позициялары ескеріліп, [заң жобасы] өзгереді. Мысалы, жоба алғаш жарияланғанда вакцинацияға қатысты ұсыныс болған. Қоғам бізде вакциналар онша сапалы емес, балалардың денсаулығында кінәраттар пайда болуы мүмкін деп санап, оны сынаған. Денсаулық сақтау министрлігі түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек деп өз позициясын айта бастады. Сондықтан жобадан вакцинация туралы норманы алып тастадық қой, - дейді Еркін Оңғарбаев.

Оның сөзінше, жоба авторлары балаларына екпе жасатудан бас тартқан ата-аналарды айыппұлмен жазалауды ұсынған, бірақ кейін одан бас тартқан.

- Заң жобасы жетілдіріліп жатыр, бірнеше нұсқасы болған, сондықтан ақыр соңында діни бірлестіктердің де, қоғамның да көңілінен шығатын жақсы заң жобасын қабылдаймыз деп ойлаймын, - дейді Еркін Оңғарбаев.

Құрбан айт мейрамының алғашқы күні "Нұр Астана" мешітінің алдында намаз оқып жатқан мұсылмандар. Астана, 1 қыркүйек 2017 жыл.
Құрбан айт мейрамының алғашқы күні "Нұр Астана" мешітінің алдында намаз оқып жатқан мұсылмандар. Астана, 1 қыркүйек 2017 жыл.

ӨЗБЕКСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ ІЗІМЕН

Феликс Корлидің айтуынша, Қазақстанда бұл жолы заң жобасын талдауға халықаралық сарапшыларды тартпаған. Жоба авторларының мәлімдеуінше, олар енді Өзбекстан және Тәжікстан тәрізді елдердің тәжірибесін қабылдап жатыр.

"Құқықтық медиа орталық" үкіметтік емес ұйымы директоры Диана Окремованың айтуынша, үкімет әзірлеген заң жобасында Әкімшілік кодекске діндарлардың сезімі мен ар-намысын қорлағаны үшін салынатын айыппұл көлемін ұлғайтуды ғана емес, діндар еместердің сезімін қорлағаны үшін де 100-ден 300-ге дейін айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу нормасын енгізу ұсынылып отыр, яғни айыппұл көлемі жарты миллион теңгеден асуы мүмкін. Окремованың пікірінше, "бұл ең түсініксіз және болжанбайтын нормалардың бірі" әрі бұлыңғыр болғандықтан, "өзгеше ойлайтын жандарға" жиі қолданылатыны үшін жиі сынға қалып жүрген Қылмыстық кодекстің "Араздықты қоздыру" туралы174-бабына ұқсайды. Окремова "Діндарлардың сезімін қорлау" бабы сөз бостандығы үшін тағы бір бұғау болуы мүмкін деп қауіптенеді. Оның айтуынша, шындап кіріссе, діндарлардың сезімін қорлады деп кімді болсын айыптауға болады, өйткені оны алдын ала болжау және күн ілгері анықтау принципі жоқ.

"Құқықтық медиа орталық" үкіметтік емес ұйымы директоры Диана Окремова.
"Құқықтық медиа орталық" үкіметтік емес ұйымы директоры Диана Окремова.

- Қылмыстық кодексте "Діндарлардың сезімін қорлау" деген осындай бап бар Ресейдің тәжірибесін ескерсек, ол жақтағы әріптестеріміз осы бап бойынша соттардың әділ өтпегеніне наразылық білдірген. Діни сезімді қорлауға қатысты өзге бап сияқты мына баптың да проблемасы – оның нақты түсіндірмесі жоқ, кейін адамдар оны қалай түсінуі тиіс екені белгісіз. "Дінге сенбейтін адамның сезімін қорлау" деген не сөз? Сен атеистсің, сенің көзқарастарыңды құптамаймын деу ме, әлде мұны дөрекі түрде айту ма? Меніңше, бұл мән-мағынадан мүлде жұрдай нәрсе. Біздегі заңдарда көп қабылданатын өзге баптар сияқты бұл бапты да адамдар қорқуы үшін енгізбек. Кей әріптестерім бұл құжатты дін туралы емес, "дінге қарсы" заң жобасы деп атайды, - дейді Диана Окремова.

Қазақстан діни бірлестіктері қауымдастығы өкілдері ар-ұждан еркіндігін, дінді немесе наным-сенімді кез-келген шектеу түрлері Қазақстан ратификациялаған халықаралық азаматтық және саяси құқықтар туралы пакті ережелері мен Конституцияға сәйкестік тестінен өтуі тиіс деп санайды. Қауымдастық ұйғарымында "Мұндай шектеулер болған кезде мемлекеттер оларды қабылдаудың қажеттілігін дәлелдеуі тиіс әрі пактіде қарастырылған құқықтарды үздіксіз әрі тиімді қорғауды қамтамасыз ету тұрғысынан заңды мақсаттар үшін қажет шараларды ғана қарастыруға міндетті" делінген. Ұйғарымда үш жыл бұрын Қазақстанға БҰҰ-ның дін еркіндігі және сенім бостандығы жөніндегі арнайы өкілі келіп, өз тұжырымдарында ар-ұждан еркіндігі мен дінді қорғау саласындағы заңдар мен оларды қолдану нормаларын халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге кеңес бергені, бірақ заң жобасы авторлары оларды ескермегені айтылған.

Оқи отырыңыз: "Діни жоралғы орындамайтын діндарлар"

Қолданыстағы "Дін қызметі және діни бірлестіктер туралы" заң 2011 жылы қабылданған, діни бірлестіктерді әділет органдарында қайта тіркеуден өтуге міндеттейтін норма үшін (айтпақшы, бұл процедурадан кей бірлестіктер өте алмаған) халықаралық құқық қорғау ұйымдары құжатты талай сынаған.

Былтыр тамызда АҚШ мемлекеттік департаменті "Әлемдегі діни еркіндік" туралы есебінде Қазақстанда 2016 жылы қабылданған "Қазақстанның кей заң актілеріне экстремизм мен террорзимге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен түзетулер енгізу" туралы заң дін еркіндігін тіпті шектей түсті деп көрсетілген. Есепте Қазақстанда діни ұйым мүшелерінің айтқан сөздерін "діни араздықты қоздыратын" қылмысқа жатқызып, оларды ұстап әкету, тұтқындау және түрмеге отырғызу әрекеттері тоқтамай отырғаны айтылған.

2016 жылдың жазында Ақтөбе мен Алматы қалаларында болған қантөгіс шабуылдардан кейін қудалау тіпті күшейген. Билік оларды "радикал, дәстүрлі емес діни ағымдарды ұстанатындар" ұйымдастырды деп мәлімдеген. Қарулы шабуылдардан соң бірнеше айдан кейін Қазақстанда Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылып, ол дін саласындағы саясат тұжырымдамасын (билік жастардың радикалдану проблемасы барын мойындаған), ал кейінірек сол тұжырымдама негізінде заң жобасын ұсынған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG