Accessibility links

Қазақстанда биылғы жаңа оқу жылында кей аймақтарда оқушы қыздардың мектепке орамал тағып келуі даулы мәселеге айналды. Білім және ғылым министрлігінің бірыңғай мектеп формасы туралы бұйрығына сүйенген мектеп әкімшілігі мен діндар ата-аналар арасындағы даулы істі қараған сот білім мекемесінің талабын заңды деп тапты. «Орамал дауы» кесірінен елдің бірқатар аймағында ондаған оқушы екі тоқсан бойы сабақтан қалуға мәжбүр болды.

МИНИСТРЛІК БҰЙРЫҒЫ

Қазақстанның орта білім мектептерінде қазір екінші тоқсан, яғни оқу жылының жартысы аяқталып отырған шақта елдің әр аймағында ондаған оқушы қыз «орамал дауы» кесірінен мектептегі сабаққа кіре алмай отыр. Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы қаңтарда шығарған бірыңғай мектеп формасы ережесі туралы №26 бұйрығы биыл күзде Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы кей мектеп әкімшіліктері мен ата аналар арасындағы дау-дамайға себепші болды. Аталған бұйрықтың"Мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды" деген талабын ұстанған мектеп әкімшіліктері оқушылардың сабаққа орамал тағыпкіруіне тыйым салған. Қабылданған ережеге сай, мектеп оқушылары пиджак, кеудеше, жейде, шалбар, классикалық жейде (қыс кезінде қалың кеудеше, сарафан) киюі керек. Мектеп формасына қатысты бұл талаптарды меншік нысанына қарамастан елдегі жалпы білім беру мекемелерінің барлығы бірдей орындауға міндетті.

Ал балалары мектепке орамал тағып баратын ата-аналар «білім министрлігі конституциялық құқығымызды шектеп отыр» деп санайды.

Қыркүйектің басында Жаңаөзен қаласында ондаған ата-ана 60 оқушы қыз орамал дауына байланысты сабаққа кіре алмай отырғанын Азаттыққа жеткізген.

Көре отырыңыз: Жаңаөзен мектептеріндегі орамал дауы

Жаңаөзен мектептеріндегі орамал дауы
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:00 0:00

Ақтөбе қаласында жаңа оқу жылы басталған соң 170 оқушы қыз орамал тағып келгені себепті сабаққа кіргізілмеген. Кейін олардың "13-і орамалын шешті, мектеп формасын ұстануға қатысты жұмыстар нәтиже бере бастады" деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Орал қаласындағы жалпы білім беретін орта мектепте оқитын бірнеше оқушы қызды қазан айынан бастап сабаққа кіргізбеген.

Ақтөбе облысындағы Шалқар қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтарал ауданында да дәл осындай жағдай қайталанғаны туралы Азаттық бұған дейін жазған.

Ақтөбе мектептеріндегі орамал дауына қатысты жиналыс.
Ақтөбе мектептеріндегі орамал дауына қатысты жиналыс.

Оқу жылының бірінші тоқсаны аяқталысымен Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының алпыстан аса тұрғыны Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы "Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы" №26 бұйрығының 13-тармағын Конституция нормалары мен Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 18-бабына қайшы ереже ретінде заңсыз деп тануды сұрап Астаның Есіл аудандық сотына ұжымдық арыз жазған. Ақтөбелік ондаған талапкердің өкілі, заңгер Миржан Ғабдулиннің дерегінше, Орал қаласының өзінде ғана «орамал дауына» бола 78 оқушы қыз мектепке бара алмай отыр.

Желтоқсанның 20-сы күні Есіл аудандық соты ата-аналардың өтініші қанағаттандырылмайтыны туралы шешім шығарған. Миржан Ғабдулиннің сөзінше, сот шешімімен келіспейтін ата-аналар апелляциялық шағым бермекші. Ол «орамал дауы» ісі бойынша Астанадағы сот процесіне Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі бюросы мен Қазақстан президенті жанындағы адам құқығы жөніндегі уәкілі кеңсесінен ешкім қатыспағанын айтты.

Көре отырыңыз: Орамал таққан оқушылардың сабаққа кіруі қиын

Орамал таққан оқушылардың мектепке кіруі қиын
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:09 0:00

Бұған дейін, қарашаның 28-і күні Орал қалалық №2 соты орта мектептің бірінші сынып оқушысының сабаққа орамал тағып баруына тыйым салған бұйрықты заңсыз деп тануды сұраған оның әкесі Әсет Сұлтанның азаматтық шағымын қанағаттандырудан бас тартқан. Орал сотына дәл осындай шағым тағы бірнеше ата-анадан түскен.

Қазақстанның орта білім мектептерінде қазір екінші тоқсан, яғни оқу жылының жартысы аяқталып отырған шақта елдің әр аймағында ондаған оқушы «орамал дауы» кесірінен сабақтан қалып отыр. Қазіргі таңда орамал таққаны үшін мектепке кіруіне тыйым салынған 20-ға жуық қазақстандық қыз ақылы негізде Ресей мектептерінде қашықтан білім алып жатыр.

ДІН ІСТЕРІ КОМИТЕТІ ӨКІЛІНІҢ ПІКІРІ

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне қарасты Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Еркін Оңғарбаев бұған дейін Азаттыққа «балаларын осылай киінуге мәжбүрлейтін ата-аналардыкі онша дұрыс емес» деген пікір білдірген.

Шенеуніктің ойынша, өзгеше киімнің балаларға психологиялық тұрғыдан да әсері бар – "олар өзін басқалардан бөлектеніп қалғандай сезінеді, өйткені өзге балалардың бәрі мектеп формасын киіп барса, бұлар орамал тағып жүреді".

- Егер ел ауқымында алып қарасақ, мектепте орамал тағатын қыздар бүкіл халықтың 0,15 пайызындай ғана. Ата-аналар баламыздың құқығын қорғағымыз келеді дейді, бірақ олар қыздарының емес, көбінесе өз құқығын қорғайды, - деген еді Еркін Оңғарбаев.

Орал қаласындағы №37 жалпы мектептің оқушы қыздарын ата-аналары сабаққа апара жатыр. 5 қазан 2017 жыл.
Орал қаласындағы №37 жалпы мектептің оқушы қыздарын ата-аналары сабаққа апара жатыр. 5 қазан 2017 жыл.

Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес, балалары мектеп формасын сақтамайтын ата-аналарға қатысты әкімшілік жаза шаралары қолданылуы мүмкін.

«КҮРДЕЛІ МӘСЕЛЕ»

Қазақстандық құқық қорғаушы Евгений Жовтис «орамал дауы – өте күрделі мәселе» екенін айтады.

- Өйткені таразының бір жағында – зайырлы мемлекет, екінші басында –балаларын өздері ұстанатын дін бойынша тәрбиелеуге құқығы бар ата-аналар тұр. Орамал – сол сенімнің, діннің бір бөлігі. Осы тұрғыдан қарағанда ата-аналар талабы орынды болып көрінеді. Бірақ халықаралық құқық пен халықаралық стандарттар бұл проблеманы әр ел әрқалай шешіп жатқанын көрсетеді. Әдетте мемлекет, егер діни білім орны болса, онда сол дінге қатысты тиісті ережелерді сақтауға тыйым салмайды. Ал жалпы азаматтық білім беру мекемесінде мемлекет өз ережелерін бекітеді, - дейді ол.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис

​Орамал дауына қатысты «адам құқығы шектелді деу қиын» деген Жовтис, ата-аналардың соттарда жеңіске жетуіне күмәнмен қарайды.

- Ата-аналар Қазақстанның өз ішіндегі соттардан өтіп, БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі комитетіне барса да, кезіндегі Еуропаның адам құқығы жөніндегі сотына шағым түсірген Францияның мұсылмандары тәрізді, нақты түсініктеме жоқ. Яғни ол жақта мұны кемсітушілік деп емес, зайырлы мемлекеттің жалпы азаматтық мектептер үшін бекіткен ережесінің бірі деп тануы мүмкін. Өйткені мемлекет бұл тыйымды діни орындарға орнатып отырған жоқ қой. Сондықтан Қазақстан соттарынан қолдау таппаған ата-аналар халықаралық соттарда жеңіске жетеді деп айта алмаймын, - дейді Евгений Жовтис.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG