Accessibility links

Ақтөбе мектептерінде орамал дауы басылмай тұр


Орамал тағатын 1-сынып оқушысының анасы Жәмила Сәкиева. Ақтөбе қаласы, 1 қараша 2017 жыл.
Орамал тағатын 1-сынып оқушысының анасы Жәмила Сәкиева. Ақтөбе қаласы, 1 қараша 2017 жыл.

Алғашқы тоқсанда орамал тағатын оқушылардың ата-аналарымен мәмілеге келуге тырысып көрген Ақтөбедегі №60 мектеп басшылары екінші тоқсаннан бастап ата-аналарға берілген ескертулерді, олардың түсініктемелерін білім саласын бақылау департаментіне тапсырмақ. Олар енді ата-аналарға айыппұл арқылы әсер етіп көрмек. Ал қыркүйек айынан бергі талас-тартыстан қажыған ата-аналар Қазақстан білім министрлігінің үстінен сотқа шағым жолдаған.

«МЕКТЕП ОҚУШЫЛАР ҚҰҚЫҒЫН ТАПТАП ОТЫР»

Жаңа оқу жылының 1-тоқсаны аяқталысымен, Ақтөбе қаласында тұратын 15 ата-ана Астанадағы Есіл аудандық сотына дүйсенбі күні шағым-хат жолдады. Ата-аналардың заңды өкілі Мұрат Такаумов олардың кейінгі екі айда мектеп қысымынан қажығандарын айтады.

Білім министрлігінің №26 бұйрығының 13-тармағы жойылғанын қалаймыз. Өйткені, ол конституцияға қайшы. Мектеп осы бұйрыққа сүйеніп, орамал тағатын оқушылар құқығын таптап отыр.

- Біз 2016 жылғы қаңтардың 14-і білім және ғылым министрлігі шығарған №26 бұйрықтың 13-тармағы жойылғанын қалаймыз. Өйткені, ол конституцияға және халықаралық келісім-шарттарға қайшы. Мектеп директорлары осы бұйрыққа сүйеніп, орамал тағатын оқушылардың құқығын таптап отыр. Сондықтан біз азаматтық процесуалдық кодекстің 298-бабына сай ұжымдық арыз жазып, оны Астанаға жолдадық, - дейді Такаумов.

Мұрат Такаумов осыған дейін Ақтөбе қалалық сотына да шағымданып көргендерін айтты. Яғни, орамал тағатын қыздары қыркүйектің 12-сінен бастап үш апта бойы сабаққа кіре алмаған Гүлмира Сәрсенова мен Нұржан Сердалин есімді тұрғындар Ақтөбедегі №19 мектепті сотқа берген. Сотта олардың заңды өкілі болуға келіскен Мұрат Такаумов осы мектептің 6 «ә» сыныбында оқитын Нұрия мен Милана есімді қыздардың ата-аналары сот істі қарай бастағанда талап-арыздарын қайтарып алғанын айтты.

- Мектеппен соттасудан ештеңе өнбесін ұқтық. Сондықтан арызымызды қайтып алдық. Астанаға жолданған ұжымдық шағымға қол қойғандар арасында Ақтөбедегі №19 мектепті сотқа берген Гүлмира Сәрсенова мен Нұржан Сердалин де бар, - дейді Мұрат Такаумов.

ОРАМАЛ ШЕШУГЕ 11 ОҚУШЫНЫҢ ҮШЕУІ КЕЛІСКЕН

Ақтөбедегі №60 мектепте қарашаның 1-і күні орамал дауына байланысты кезекті жиын өтті. Мектеп директоры Абзал Тәжімішовтің сөзіне қарағанда, «бұл жаңа оқу жылындағы осы мәселеге арналған бесінші жиын». Мұғалімдер оны «құқықтық кеңес отырысы» атайды.

ВИДЕО: Ақтөбедегі №60 мектепте өткен орамалға қатысты жиын (1 қараша 2017 жыл)

Оқушылардың "орамал дауы" тағы көтерілді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:40 0:00

Құрамына мектеп директоры, оның орынбасары, сынып жетекшілері, әлеуметтік педагог, психолог пен жасөспірімдер ісі инспекторы кіретін кеңес бұл жолы да орамал тағатын оқушы қыздардың ата-аналарымен келісімге келуге тырысты. Мектеп директоры Абзал Тәжімішовтің айтуынша, олар қыркүйектен бері ата-аналарды мәмілеге шақырып келеді. Енді мектеп басшылары ата-аналарға ескерту-хат арқылы «қарашаның 1-іне дейін балаларыңыз орамалдарын шешсін» деп, шектеулі уақыт белгілеп отыр.

Оқи отырыңыз: Мектептегі орамал мәміле мәселесін туындатты

- Қыркүйек айынан бері 11 оқушының үшеуі ғана орамалын шешті. Қалған сегізінің ата-анасы бет бақтырар емес. Сегіз оқушының төртеуі - бір үйдің қыздары. Олардың ата-анасы осы кезге дейін бізді «бастарына жара шыққасын, шаштарын тақырлап тастадық» деп алдап келді. Сөйтсек, балалардың басына ешқандай жара шықпаған, орамал шешпеудің айласы екен, - дейді №60 мектеп директоры Тәжімішов.

№60 мектеп директоры Абзал Тәжімішов. Ақтөбе, 1 қараша 2017 жыл.
№60 мектеп директоры Абзал Тәжімішов. Ақтөбе, 1 қараша 2017 жыл.

Қарашаның 1-і күні №60 мектепте өткен құқықтық кеңес жиынына балалары орамал тағатын үш ата-ана келмей қалды. Сынып жетекшілерінің айтуынша, олардың барлығы телефоннан «қызым орамалын шешпейді» деп жазып жіберген. Жиынға апалы-сіңлілі төрт оқушының әкесі Марат Сәдуов пен бірінші сынып оқушысы Фаризаның анасы Жәмила Сәкиева ғана келді.

Оқи отырыңыз: Оралда орамал тартқан оқушы қыздарды сабаққа кіргізбеді

Жәмилә Сәкиева қызының мектеп территориясында орамалсыз жүруіне бірден келісімін берді. Ал шаштарын тақырлап тастаған төрт оқушы - Мәруә, Бибізәуре, Бибіайша мен Жұлдыздың әкесі Марат Сәдуов «Сәуірде гигиеналық мақсатпен балаларымның шаштарын алып тастағанбыз. Сондықтан қыздарым жалаңбас жүруге ұялады» деген уәж айтты.

Ал №60 мектеп директоры Абзал Тәжімішовтің сөзіне қарағанда, үлкені алтыншы, кішісі екінші сыныпта оқитын апалы-сіңлілі төрт оқушының әкелері Марат Садуов пен аналары Индира Сарина «дін жолын ұстанады және осы кезге дейін діни сенімдеріне бола қыздарының орамалдарын шешпей келген».

Орамал тағатын төрт оқушы қыздың әкесі Марат Сәдуов. Ақтөбе, 1 қараша 2017 жыл.
Орамал тағатын төрт оқушы қыздың әкесі Марат Сәдуов. Ақтөбе, 1 қараша 2017 жыл.

Бірақ мектептен ашуланып шыққан Марат Сәдуов қыздарының орамалын шешетінін айтып қалды.

- Бұлар (мұғалімдерді меңзеп тұр – авт.) ақырында мені өз балаларыммен шағыстырмақ. Бар мәселе сол орамалға тіреліп тұрса, қыздарым орамалдарын шешеді. Бірақ біз осы кезге дейін «биттеп кетті» деуге ұялып, «жара шықты» дегенбіз. Сенбесеңдер үйге жүріңдер! Қыркүйекте алынған шаш ондай болмайды, - деді ол.

Тақырыптас мақала: Оқушы қыздардың сабаққа орамалмен кіруі қиындап тұр

Мұғалімдермен суықтау сөйлескен жасы қырықтар шамасындағы азамат тілшілерді мектеп іргесіндегі үйіне ертіп апарып, балаларының енді өсе бастаған шаштарын көрсетті. Бірақ сегіз баланың әкесі Марат Сәдуов пен оның тоғызыншы перзентіне жүкті әйелі Азаттық тілшісінің «қыздарыңыздың орамал шешпеулеріңіздің себебі шаштарының енді өсіп келе жатқаны ғана ма?» деген сауалын жауапсыз қалдырды.

Ақтөбедегі №60 мектепке кіріп бара жатқан адам. 1 қараша 2017 жыл.
Ақтөбедегі №60 мектепке кіріп бара жатқан адам. 1 қараша 2017 жыл.

Ата-аналармен тағы бір мәрте жолығып, жай-жапсарға қаныққан №60 мектептегі құқықтық кеңес Марат Сәдуовке балаларының шашы өскенше, яғни 2018 жылғы қаңтардың 1-іне дейін уақыт беру туралы шешім қабылдады. Ал «мектеп формасын сақтамай отырған» қалған үш оқушының ата-анасына қатысты құжаттарды (қыркүйектен бері өткізген жиналыстарының протоколдары мен ата-аналарға берілген ескертулерді, олардың түсініктемелерін) Ақтөбе облыстық білім саласын бақылау департаментіне тапсырмақ.

Мектеп бала құқығының бұзылғанын құжатпен дәлелдеп берсе, әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 409-бабы 2-бөліміне сай ата-анаға 10 айлық есептік көрсеткішке тең айыппұл сала аламыз.

Департамент директоры Жанна Қайшығұлова «Мектеп директорлары бала құқығының бұзылғанын құжат жүзінде дәлелдеп берсе, Қазақстан әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409-бабының 2-бөліміне сай (ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің Қазақстан білім беру саласындағы заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауы) ата-анаға 10 айлық есептік көрсеткішке тең айыппұл сала аламыз» дейді.

Ал ата-аналар Астана сотынан білім министрлігінің бірыңғай мектеп формасын сақтау жайлы №26 бұйырығын заңсыз деп таниды деп үміттенеді. Арнайы почтамен жіберілген шағымның қашан қаралатыны әзірге белгісіз.

Қазақстанда мектеп формасын сақтау талабымен орамал дауы биылғы оқу жылының басында барлық аймақта басталған. Оның себебі - білім және ғылым министрлігі 2016 жылы қаңтардың 14-і шыққан №26 бұйрығы негізінде мектеп формасының бірыңғай ережесін енгізген. Ережеге сай мектеп оқушылары пиджак, кеудеше, жейде, шалбар, классикалық жейде (қыс кезінде қалың кеудеше, сарафан) киюі керек.

ВИДЕО: Орамал таққан оқушылардың мектепке кіруі қиын (20 қыркүйек 2017 жыл​)

Орамал таққан оқушылардың мектепке кіруі қиын
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:09 0:00

Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) исламда шариғат талабы бойынша ата-анасы кәмелеттік жасқа толмаған қызына орамал таққызып, жалпыға ортақ білім алуына тыйым салмауы тиіс екенін айтады. Діни басқарма орамалға қатысты 2013 жылы пәтуа шығарған. ҚМДБ ата-аналарды қыз баланың міндетті зайырлы білім алуына көбірек көңіл бөлуге шақырады.

XS
SM
MD
LG