Accessibility links

Оралда орамал тартқан оқушы қыздарды сабаққа кіргізбеді


Орал қаласындағы №37 жалпы мектептің оқушы қыздарын ата-аналары сабаққа апара жатыр. 5 қазан 2017 жыл.

Оралдағы жалпы білім беретін орта мектептің орта және жоғарғы сыныптарында оқитын кемінде алты оқушы қызды қазан айынан бастап сабаққа кіргізбеген. Оған қыздардың орамал тағуы себеп болған. Мектеп басшылығы мұның себебін "орамал тағу міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарға қайшы" деп түсіндіреді. Бұған дейін осындай жайттар Қазақстанның өзге аймақтарында да тіркелген.

Орамал тартқан оқушылардың ата-аналарының айтуынша, қыздарының сабаққа орамал тағып баруына Орал қаласының Жұлдыз шағын ауданындағы №37 мектеп әкімшілігі қазаннан бері тыйым салған. Бірақ балалар қыркүйекте жаңа оқу жылы басталғаннан бері орамал тағып жүрген әрі мектеп басшылығы тарапынан ескерту алмаған.

"МЕКТЕПКЕ ӘКЕЛІП, БІРДЕН ҮЙГЕ ӘКЕТІП ЖҮРМІЗ"

6-шы және 7-сыныптарда оқитын екі қыздың әкесі Әділғали Есенғазиев төрт күннен бері балаларын мектепке әкелгенімен, мектеп әкімшілігі қыздарын сабаққа кіргізбей қойған соң оларды үйіне алып кетіп жүр. Өзін діндар санайтын бұл отбасы намаз оқиды. Мектептің кіреберісінде бірнеше мұғалім мен полиция қызметкері кезекшілік атқарады. Есенғазиевтің айтуынша, олар мектеп жарғысы мен оқушы қыздардың киімі мектеп формасына қойылатын талаптарға сай емес деген уәжді алға тартып, қыздарын сабаққа кіргізбеген.

- Қыздарым стандартқа сай тігілген мектеп формасын киеді. Оларды сабаққа қазақ әйелдері киетін ұлттық бас киім түрі – кимешек кигені үшін кіргізбей жүр. Бұған қоса, мектептің кіреберісінде қару асынған полицей тұр. Балаларды осылай шошытып, оларға моральдық зиян келтіріп жатыр, - деп санайды Әділғали Есенғазиев.

Орамал тағып келгені үшін мектеп әкімшілігі сабаққа кіргізбей қойған екі оқушы қыздың әкесі Әділғали Есенғазиев. Орал, 5 қазан 2017 жыл.
Орамал тағып келгені үшін мектеп әкімшілігі сабаққа кіргізбей қойған екі оқушы қыздың әкесі Әділғали Есенғазиев. Орал, 5 қазан 2017 жыл.

Қызы әлгі мектептің 1-сыныбында оқитын Орал қаласының тұрғыны Тілекжан Жантілеуов "мектепте орамал тағуға болмайды деген тыйым барын маған ешкім ескерткен" жоқ дейді.

- Қызым кілең беске оқиды. Тәртібі де жақсы. Ақ түсті орамал тағуға тыйым салатындардың көздеген мақсаттары қандай екенін түсінбеймін. Директордан "орамал тағудың несі жаман, тым болмаса бір кемшілігін атаңызшы" деп өтіндім. Олар бізге басшылардың бұйрығын ғана орындап жатқанын айтты, - дейді Тілекжан Жантілеуов.

Бірінші сынып оқушысының әкесі "ел азаматы ретінде орта білім алуға қызымның құқығы бар, сондықтан тыйымға қарамастан баламды мектепке әкеле беремін" дейді.

Оқушы қыздардың ата-аналарының сөзінше, орта және жоғарғы сыныпта оқитын 13 балаға мектепке орамал тағып келуге тыйым салынған.

Мектеп директорының орынбасары Венера Жүсіпованың айтуынша, оқушы қыздардың сырт келбеті 2016 жылғы қаңтардың 14-індегі "Білім туралы" заңға қайшы болмауы тиіс.

- Бірыңғай мектеп формасын ұстануға тиіссіздер деп оларға оқу жылының басында ескертілген. Біздің жалғыз талабымыз – осы, - дейді Венера Жүсіпова.

Қазақстанның білім және ғылым министрлігі 2016 жылғы наурызда бекіткен міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарда "түрлі конфессиялардың дінін ұстанатынын көрсететін киім элементтерін мектеп формасына енгізуге болмайды" деп көрсетілген.

АЙЫППҰЛ САЛЫНАТЫНЫ ЕСКЕРТІЛДІ

Кей ата-аналар жергілікті БАҚ-тарға шағымданғаннан кейін аймақтық коммуникация қызметі брифинг өткізді. Брифингте облыстық білім басқармасы бастығының міндетін атқарушы Зәуре Ғұмарова "мектеп формасын кию ережелерін барлық оқушылар орындауға міндетті" деді. Оның сөзінше, жаңа оқу жылы басталар алдында "облыстың білім беру мекемелерінің бәрінде жиналыс өткізіліп, бірыңғай мектеп формасына қойылатын талаптарға қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілген".

Облыстық дін істері басқармасының бастығы Саялбек Ғиззатов Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ескертіп, "Дін қызметі және діни бірлестіктер туралы" заңның 5-бабынан "өзінің діни нанымына байланысты ешкімнің конституция мен заңдарда қарастырылған міндеттерін орындаудан бас тартуға құқы жоқ" деген үзінді келтірді.

Суретте солдан оңға қарай: Батыс Қазақстан облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Светлана Бахишева, облыстық білім басқармасы бастығының міндетін атқарушы Зәуре Ғұмарова және облыстық дін істері жөніндегі басқармасының жетекшісі Саялбек Ғиззатов. Орал, 3 қазан 2017 жыл.
Суретте солдан оңға қарай: Батыс Қазақстан облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Светлана Бахишева, облыстық білім басқармасы бастығының міндетін атқарушы Зәуре Ғұмарова және облыстық дін істері жөніндегі басқармасының жетекшісі Саялбек Ғиззатов. Орал, 3 қазан 2017 жыл.

​Батыс Қазақстан облысының білім беру саласындағы бақылау департаментінің бастығы Светлана Бахишеваның айтуынша, "орта білім беретін мекемелерге арналған мектеп формасына қойылатын міндетті талаптарда" мектеп формасының үлгілері нақты көрсетілген.

- Ережеде орамал тағу көрсетілмеген. Әлгі бұйрықта киім үлгісіне ата-аналар кеңесі өз үлгілерін енгізе алады деп айтылған тармақ бар. Бұйрыққа сәйкес, әр мектеп мектеп формасына қатысты шешімді ата-аналар кеңесінде қабылдай алады. Шешім қабылдағаннан кейін ата-аналар киім үлгісін әр сыныпқа хабарлауы тиіс. Егер бірыңғай мектеп формасына қатысты әлдебір мәселе туса, ата-аналар кеңесі ол туралы да талқылайтын болады, - дейді Светлана Бахишева.

Бұған қоса, шенеуніктің айтуынша, "Білім туралы" заңның 49-бабында балалардың ата-анасы мен заңды өкілдерінің құқықтары мен міндеттері ашып жазылған.

- Ата-аналар білім беру мекемесінің жарғысында қарастырылған принциптерді орындауға міндетті. Егер баланың ата-анасы немесе өзге заңды өкілдері білім беру мекемесінің шарттарын орындамаса, әкімшілік кодекске сәйкес 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін, - дейді Светлана Бахишева.

Биылғы оқу жылы басталғалы оқушы қыздардың орамал тағуына қатысты дау Қазақстанның өзге аймақтарында да кездескен.

Орамал таққан оқушылардың сабаққа кіруі қиын. Азаттық видеосы:

Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында ата-аналар қыздарын орамалдарын шешуін талап етіп, мектепке кіргізбей жатқаны туралы хабарлаған. Облыс әкімі бұл - "үлкен" проблема, мәселе шешіледі деп мәлімдеген. Оқушы қыздарды сабаққа кіргізбеу оқиғасы қыркүйекте Ақтөбе облысының бірқатар мектептерінде де тіркелген.

Оқыңыз: Орамал таққан оқушылардың мектепке кіруі қиын

Қыркүйекте Шалқар қаласындағы мектеп әкімшілігі Азаттыққа оқу орнында хиджаб киюге жол бермеу мәселесін шешу үшін сотқа жүгінгені туралы хабарлаған. Өткен айдың аяғында Ақтөбе қаласы билігі 13 оқушының ата-анасын қыздарының орамалды шешуге "көндірдік, қалған оқушылардың ата-аналарына түсіндіру жұмыстары жалғасып жатыр" деп мәлімдеген.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG