Accessibility links

Тәжік билігі халқын ұлттық киім киюге міндеттеді


Ұлттық киімдерін киген тәжік қыздары. Тәжікстан, 11 сәуір 2015 жыл.

Тәжікстан парламентінің төменгі палатасы ел азаматтарына ұлттық киім киюді міндеттеді. 23 тамызда меджлис намояндагон депутаттары «Дәстүр мен салтты реттеу туралы» заңға тиісті өзгеріс енгізді.

Заңның 14-бабының 4-бөліміне енгізілген өзгеріске сәйкес, «жеке және заңды тұлғалар ұлттық киім атрибуттарын сақтап, мемлекеттік тілді білуге және ұлттық киім киіп жүруге міндетті».

«ЖАТ ЕЛДІҢ КИІМІН КИГЕНДЕР ЖАЗАЛАНАДЫ»

Тамыздың 23-інде тәжік парламентінің отбасы мен әлеуметтік қорғау комитетінің төрайымы Хилолби Курбонзода заңның бұл тармағын орындамағаны үшін жаза қарастырылатынын айтты. Оның хабарлауынша, Тәжікстан үкіметі жуырда ұлттық киім киіп жүру тәртібіне қатысты арнайы жарлық әзірлемекші.

Тәжікстан парламенті отбасы мен әлеуметтік қорғау комитетінің төрайымы Хилолби Курбонзода.
Тәжікстан парламенті отбасы мен әлеуметтік қорғау комитетінің төрайымы Хилолби Курбонзода.

Жергілікті сарапшылар биліктің хиджаб киюге қарсы науқаны заңға өзгерістер енгізумен аяқталмақшы деп санайды. Бірақ шенеуніктер бұл хиджабқа емес, тәжіктердің ұлттық мәдениеті мен дініне қайшыәрі «жалаңаш-жалпы» және «әдепсіз» киіну үлгілеріне қарсы күрес деп мәлімдейді.

Тәжікстанда хиджаб пен алдынан байланып, кеуде тұсты жабатын жаулық – сатрды ел басшысы Эмомали Рахмон ұлттық дәстүр мен құндылықтарға жат деп жариялаған. Ол «Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты, салтанатты рәсімдерді өткізу тәртібін реттеу туралы» заңның 10 жылдығы құрметіне орай халықпен кездесуінде сөйлеген сөзінде «Пендесі Алла тағаланы сатр, хиджаб киіп, сәлде орап, сақал өсіру арқылы емес, ақыл-оймен танып, жүрекпен табынады» деп мәлімдеген.

Хиджаб киген тәжік әйелдері. (Көрнекі сурет)
Хиджаб киген тәжік әйелдері. (Көрнекі сурет)

Осы айдың басында Душанбеде мемлекеттік орган қызметкерлері хиджаб киетін 8 мың әйелмен профилактикалық әңгіме өткізді. Ертеректе Тәжікстан үкіметі жанындағы әйелдер мен отбасы істері комитетінің баспасөз қызметі астананың «Шанхайбазарында» жүргізілген рейд кезінде әйелдерге арналған «шалма» деп аталатын әрі тәжік халқының киіну мәдениетіне жат бас киім сату фактілері анықталды деп хабарлаған.

«ХОДЖИТАЛБОН» МЕН «АКИКАҒА» ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ

«Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты, салтанатты рәсімдерді өткізу тәртібін реттеу туралы» заңға енгізуді ұсынған 11 өзгерісті Тәжікстан депутаттары бір ауыздан мақұлдады. Парламенттің төменгі палатасының ел президенті Эмомал Рахмонның бастамасымен өткен кезектен тыс сессиясында тәжік қоғамында дәстүрге айналған кейбі рәсімдерді өткізу тәртібіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мысалы, қайтыс болған марқұмның жетісін, қырқын және жылын беру кезінде ірі қара мал союға тыйым салуды депутаттар бір кісідей құптады. Бұған қоса енді дастархан жайып, ас беруге де тыйым салынады. Енді сүндетке отырғызу рәсімі отбасында әрі өнерпаздардың қатысуынсыз өтуі тиіс. Ұл бала туғаннан кейін 20 күнге дейін әке-шешесінің келісімімен тиісті медициналық мекемелерде тегін сүндеттеледі.

Тәжікстаннан Сауд Арабиясына қажылыққа барған адамдар.
Тәжікстаннан Сауд Арабиясына қажылыққа барған адамдар.

Бұған қоса қажылықтан оралған қажыларды салтанатты түрде құрметтеу рәсіміне де енді тыйым салынады. Ертеректе қажылық аяқталғаннан кейін кей қажылар дін істері комитетінің аймақтардағы өкілдіктерінен баласын сүндеттеуге рұқсат алып, ал іс жүзінде «Ходжиоши» немесе «Ходжиталбон» шарасын өткізетін. Аста-төк дастархан жайылатын бұл рәсімдерді қажылықтан оралғандардың құрметіне арнап өткізеді.

Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты, салтанатты рәсімдерді өткізу тәртібін реттейтін заңға енгізілген түзетулер жобасы 11 тамызда ел президентінің ресми веб-сайтында жарияланған. «Азан шақырып нәрестеге ат қою, гахворабандон (бесікке салу), чиллагурезон (қырқынан шығару), муйсаргирон (қарын шашын алу) сияқты бала туған кезде жасалатын өзге ырым-жораларды мал соймай, өнер қайраткерлерін шақырмай отбасында өткізуге рұқсат етіледі» делінген сайтта.

Акика (баланың туғанына жеті күн толу құрметіне) ырымын өткізуге мүлде тыйым салынады. Ол салтқа сәйкес, нәрестенің әкесі ұл туса – екі, ал қыз туса бір қой союы тиіс.

«Бұл шаралардың бәрі ата-аналардың ақшасын үнемдеу және халықтың тұрмыс деңгейінің нашарлауына жол бермеу мақсатында қарастырылады» деп хабарлайды мемелекет басшысының сайты.

«ШЕНЕУНІК ӨЗГЕЛЕРГЕ ҮЛГІ БОЛУЫ ТИІС»

Президенттің ұсынысына сәйкес, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты, салтанатты рәсімдерді өткізу тәртібін реттейтін заң талаптарын орындамағаны үшін лауазымды және заңды тұлғалардың жауапкершілігі күшейтілді. Мысалы, лауазымды тұлғаларға салынатын айыппұл көлемі 250-270 есептік көрсеткіштен, яғни 25-26 мың сомониден 700 есептік көрсеткішке, яғни 35 мың сомониге дейін ұлғайды.

Жеке кәсіпкерлер, дін қайраткерлері мен үлемдерге осындай қылығы үшін 700 есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 35 мың сомони айыппұл салынады.

Жұмыстан қуылған шенеунік баласының үйлену тойына 300-ден аса қонақ шақырған, ал заңға сәйкес үйлену тойында қонақ саны 150 адамнан аспауы тиіс.

Жуырда Тәжікстан президенті «Дәстүр мен салтты реттеу туралы» заң талабын бұзғаны үшін Тәжікстан ұлттық кітапханасы директоры Сайфиддин Назарзоданы жұмыстан шығарған. Шенеунік астанадағы «Шоира Люкс» мейрамханасында баласы Фирдавстың үйлену тойына 300-ден көп қонақ шақырған, ал заңға сәйкес үйлену тойында қонақ саны 150 адамнан аспауы тиіс.

Бұған қоса жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізгені үшін жауапкершілік күшейтілді. Айыппұл көлемі 400 есептік көрсеткіш, яғни 25-26 мың сомониді құрайды (ертеректе 50-70 есептік көрсеткіш, яғни 2,5-3,5 мың сомони болған). Ал әкімшілік жаза тағайындалғаннан кейін бір жыл ішінде заң талабын қайта бұзса, адамды қылмыстық жауапқа тартады.

Бұған қоса көлікті мас күйінде жүргізген немесе мас күйінде жол жүрісі ережесін бұзып, адам өліміне себепкер болған адамдарды жазалауды күшейту қарастырылған.

«САБАҚҚА КӨЛІКПЕН КЕЛЕТІН СТУДЕНТТЕР ОҚУДАН ҚУЫЛСЫН»

Заңға мектеп оқушылары мен студенттердің сабаққа автокөлікпен келуіне тыйым салатын түзетулер енгізу ұсынылды, енді заң талабын орындамаған студенттерді оқу орнына қайта қабылдану құқығынсыз оқудан шығаруы мүмкін.

Парламент депутаты Саиджафар Усмонзода «Қабылданған өзгерістер студенттердің сабаққа автокөлікпен келуіне тыйым салады, бірақ біз студенттердің өзге кезде рульге отыруына тыйым салмаймыз. МАИ қызметкерлері мұны ескеруі тиіс» деп мәлімдейді.

Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты, салтанатты рәсімдерді өткізу тәртібін реттейтін заң 2007 жылы қабылданған. Ертеректе Душанбе өткен жиналыста Тәжікстан конституциялық соты төрағасы Махкам Махмудзода «Дәстүр мен салтты реттеу туралы» заң әлемдегі ең ерекше 100 заң тізіміне енді» деп мәлімдеген. Тәжікстан конституциялық соты басшысы «көрші кей елдер – Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстан да Тәжікстаннан ішінара үлгі алып, Ауғанстан билігі де осыған ұқсас заң әзірлеп жатыр» деп хабарлаған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG