Accessibility links

Баласына екпе салдырудан бас тартқан ата-ана 10 есе көбейген


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Оңтүстік Қазақстан облысында ата-аналар баласына екпе салдырудан бас тарту себебін түрліше түсіндіреді. Облыстық денсаулық сақтау департаменті «1341 ата-ана балаларына екпе салдырудан бас тартты, олардың 80 пайызы теріс діни ағымға кіріп кеткен» дейді. Ал тәуелсіз сарапшылар діни себеппен қатар, жұрттың вакцина сапасынан да тіксініп қалғанын айтады.

30 жастағы Гүлнұр Асқарованың (аты-жөні өзгертілді – ред.) үш баласы бар. Үлкені – жетіде, кенжесі – екіге енді толады. Үшеуі де Шымкенттегі №1 емханаға тіркелген. Гүлнұр «Үлкен балаларыма екпе салдыратынмын. Кенже балама туылғаннан екпе салдырғаным жоқ» дейді.

АТА-АНАЛАР АЙТҚАН СЕБЕПТЕР

Гүлнұр Асқарованың сөзінен екпе салдырмауының себебі діни сеніміне байланысты екені аңғарылады. Азаттық тілшісіне көп сөз айтқысы келмей, қысқа қайырған ол:

- Әлхамдулилах, екпе салмаса да кенже баламның денсаулығы жақсы. Күйеуім балаға екпе екпейміз деген шешімін айтты. Сонымен тоқтаттық, -деді.

Осыны айтқан Гүлнұр Асқарова «өзінің де балаға екпе ектіруге қарсы» екенін ескертті. Оның сөзінше, «дәрігерлерге сенбейді, денсаулықты Алла береді».

- Екпе арқылы баланың жұқпалы ауруларға иммунитеті қалыптасатынын түсінемін. Өзіме де кішкентай кезімде екпе салған. Қазіргі дәрігерлерге сенбеймін, - дейді ол.

Дәрігерлер балаға пневмония деген диагноз қойып емдеді. Ақыр соңында екпеден екенін анықтады. Содан жүрексініп қалдық.

№1 қалалық емханасына жаңадан тіркелген төрт баланың әкесі 35 жастағы Ерғали Нөсеров (аты-жөні өзгертілді – ред.) те балаларына екпе салдырудан бас тартқан ата-аналардың бірі. Бірақ оның екпеден қашқақтау себебі дінге байланысты емес. Оның сөзінше, «кенже баласына екпе салғаннан соң қатты ауырып, 40 градус температурамен ауруханаға түскен. Үш жарым ай дәрігерлер баланың диагнозын таппаған».

- Дәрігерлер балаға пневмония деген диагноз қойып емдеді. Ақыр соңында екпеден екенін анықтады. Содан жүрексініп қалдық. Қазір салдырмай тастадым. Алдағы уақытта не болатынын уақыт шешеді, -дейді ол.

ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ АҚПАРАТЫ

Шымкент қалалық №1 емхананың бас дәрігерінің ана мен бала денсаулығы бойынша орынбасары Дариға Қазақбаеваның Азаттық тілшісіне айтуынша, «Ерғали Нөсеровтің баласының сырқатнамасында оған анасынан құрсақішілік инфекция жұққаны жазылған. Егер баланың бойында инфекция болса, екпе салғанда суық тисе, кез келген ауруға шалдықса, өршіп кетеді».

- Ерғали Нөсеровтің баласының жағдайы анасының жатырында жатқан кезде жұқтырған инфекцияға байланысты. Ал Гүлнұр Асқарова балаларына өзінің діни сеніміне байланысты салдырмай отыр. Бұл ата-аналардың балалары «қауіп тобына» кіреді. Яғни, кез келген уақытта бұл топтағы балалардың денсаулығы нашарлауы мүмкін, - дейді бас дәрігер орынбасары.

Дариға Қазақбаева, №1 қалалық емхананың бас дәрігер орынбасары. Шымкент, 11 қазан 2017 жыл.
Дариға Қазақбаева, №1 қалалық емхананың бас дәрігер орынбасары. Шымкент, 11 қазан 2017 жыл.

Азаттық тілшісінің "баланың жатырішілік инфекциясы бар екенін біле тұра неге вакцина салдыңыздар?" деген сұрағына ол:

- Екпе салмастан бұрын баланы учаскелік дәрігер толық тексереді. Егер бала аллергиялық аурумен ауырып, не температурасы көтеріліп тұрмаса, екпе салуға рұқсат етіледі. Жатырішілік инфекциямен туылған балаға да екпе салуға рұқсат етіледі. Кейбір екпелер қояншық ауруымен ауыратын балаларға салынбайды, - деп жауап берді.

Дариға Қазақбаева баласына екпе салдырудан бас тартқан ата-аналармен жұмыс істеу үшін «арнайы комиссия құрылғанын» айтады. Комиссия құрамына дәрігерлерден бөлек, социолог, психологтар кіреді. Ол екпеден бас тартқан ата-аналардың тізімі «күнделікті өзгеріп тұратынын» айтты.

- Екпеден бас тартатындардың дені – діни ұғымдағылар. Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексте жұқпалы аурулардың алдын алуға, ауруға қарсы екпе егуге міндеттегенімен, жаза қарастырылмаған. Ата-аналарға екпе егудің маңыздылығын түсіндірсек те екпе салудан бас тартып жатыр, - дейді ол.

«Екпе салу құдайға серік қосумен тең» дейді, «баланы құдай берді, қалай алса да өз еркі» деп бет қаратпайды.

Дәрігердің сөзінше, «діни сенімдегілер екпені харам деп есептейді, кейбірі екпенің құрамында шошқаның қаны бар деп ойлайды».

- «Екпе салу құдайға серік қосумен тең» дейді, «баланы құдай берді, қалай алса да өз еркі» деп бет қаратпайды. Бала кәмелет жасқа толғанша жеті рет екпе салынады. Екпе жұқпалы, соңы өлімге алып келетін ауруларға қарсы егіледі. Эпидемияға бейім ауруларды тоқтату өте қиын. Ата-ана осыны түсінуі керек, - дейді Дариға Қазақбаева.

Дариға Қазақбаеваның айтуынша, «қазіргі уақытта екпеден бас тартқан ата-аналар тек қана түсініктеме жазумен шектелмейді. Олар баланың денсаулығына деген жауапкершілікті өз мойнына алатыны жөнінде міндеттемені нотариуске растатады».

- Өйткені, біз де өзімізді қорғауымыз керек. Осыдан 5 жыл бұрын екпеден бас тартқан ата-аналар саны 10-ға жетпейтін. Соңғы үш жылда 10 есеге көбейді, - дейді ол.

Аталған емхананың дәрігер-иммунологы Зәуре Бәйдібекова Азаттыққа емханаға тіркелген 18 191 баланың 138-інің ата-анасы екпе егуден бас тартқанын айтты.

- 138 баланың барлығы салынуы тиіс 7 екпеден түбегейлі бас тартпаған. Мысалы, екі екпені салып, қалғанын салмағандар бар. Перзентханадан бастап екпеден бас тартқандар саны – 16. Түзілген арнайы комиссия ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Өкінішке қарай, олардың 10-15 пайызы ғана [түсіндіру жұмыстарынан кейін] баласына екпе салдыруға рұқсат етеді, - дейді Зәуре Бәйдібекова.

Зәуре Бәйдібекова, №1 қалалық емхана дәрігері. Шымкент, 11 қазан 2017 жыл.
Зәуре Бәйдібекова, №1 қалалық емхана дәрігері. Шымкент, 11 қазан 2017 жыл.

Соңғы жылдары түрлі себептермен баласына екпе салдырудан бас тартатын ата-аналардың көбейгенін Оңтүстік Қазақстан облыстық (ОҚО) денсаулық сақтау басқармасы басшысы Мұқан Егізбаев та растайды.

Оның сөзінше, облыстағы баласына екпе салдырудан бас тартқан 1341 ата-ананың 990-ы «діни ағымдағы қарсылық». «Қалған 351-і екпеге теріс пікірлер арқылы қарсы болып жүргендер».

- Екпеден бас тарту мәселесі Шымкент қаласы мен Сарыағаш, Мақтарал аудандарында көп тіркелген. Мысалы, Шымкент қаласында – 767 ата-ана, Сарыағаш қаласында – 127 ата-ана баласына екпе егуге қарсылық білдіріп отыр, - дейді басқарма басшысы.

Мұқан Егізбаевтың пікірінше, «баласына екпе салынбаған балалардың көбеюі қоғам үшін зиян. Бұл ұмытылып кеткен жұқпалы аурулардың қайта бас көтеруіне алып келуі мүмкін».

- Түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ теріс діни ағымдағы тұрғындарға айтып жеткізу қиындау, - дейді ол.

ҚОҒАМДЫҚ БЕЛСЕНДІНІҢ ПІКІРІ

Ал «екпені күштеп егуге болмайтынын» айтқан денсаулық саласындағы "Аман-саулық" қоғамдық қорының төрайымы Бақыт Түменова ата-аналарды өз балаларының ғана емес, өзгелердің де денсаулығын ойлауға шақырады.

- Бала өз пікірін айта алмайды. Қазақстанда заң бойынша баланың денсаулығына ата-анасы жауап береді. Ата-аналардың екпеден бар тартуы дұрыс емес. Егер екпе салынбаған балалар көбейсе, қоғамда эпидемия пайда болуы мүмкін, - дейді ол.

Бақыт Түменова екпеге қатысты жағымсыз ақпарат «Интернет арқылы тарап жатқанын» айтты. Қоғамдық белсенді екпе туралы жағымсыз ақпараттардың таралуына нақты себептер болғанын да ескертті.

"Аман-саулық" қоғамдық қорының төрайымы Бақыт Түменова.
"Аман-саулық" қоғамдық қорының төрайымы Бақыт Түменова.

- Кезінде екпе алдында кесте бойынша баланы тексермегендіктен кемшіліктер кетті. Соның кесірі әлі тиіп жатыр. Осыдан үш-төрт жыл бұрын сапасыз екпе алып келіп, қателік кеткен. Мысалы, туберкулезге қарсы сапасыз екпе алып келіп, шу шыққан. Қазір оған тыйым салынып, жолға қойылды. Денсаулық сақтау министрлігі қазір бұл саланы бақылауға алған, - дейді Түменова.

Ал балаларына екпе егуден бас тартқан Гүлнұр Асқарова «алдағы уақытта да екпені балаларыма салдыртпаймын деген шешімін өзгертпейтінін» айтады. Ерғали Нөсеров «ойланатынын» жеткізді.

2015 жылы Қазақстанның Жаңаөзен қаласында ақпанның 16-сы мен 19-ы аралығында жасалған қызылша екпесінен соң 86 бала ауруханаға түскен еді. Екпеден соң ауырған балалардың кейбірі Алматы, Астана және Ташкент қалаларына барып емделген болатын.

XS
SM
MD
LG