Accessibility links

Діндарлардың вакцинаға қарсылығы даулы жиынға ұласты


"2005 жылы баласы БЦЖ вакцинасынан ауру болып қалғанын" баяндап тұрған Қандыағаш тұрғыны. Ақтөбе облысы, Қандыағаш қаласы, 10 наурыз 2017 жыл.

Қазақстанда балаларына вакцина салдыруға қарсы азаматтар саны 10 мыңға жуықтаса, соның төрттен бірі Ақтөбе облысында. Екпе салдыруға діни себеппен қарсы болатындар ең көп шоғырланған Мұғалжар ауданында жергілікті билік өкілдері, дәрігерлер, дін қызметкерлері және балаларына екпе салдыруға қарсы тұрғындар жиыны өтті. Жиын діни дауға ұласты.

200-ден астам азаматты шақырып, оларды балаларына екпе салдыруға үгіттеген жиын наурыздың 10-ы күні Қандыағаш қаласында, Мұғалжар аудандық білім бөлімінің мәжіліс залында өтті.

Жиынның не үшін өтіп жатқанын түсіндірген Ұлттық экономика министрлігінің Ақтөбе облысы бойынша тұтынушылар құқығын қорғау департаменті ұлттық сараптау орталығы директоры Шалғынбай Жандосов «елде ата-анасы екпеден бас тартып отырған 10 мың бала бар екенін, соның төрттен бірі - 2538 бала Ақтөбе облысында» екенін хабарлады. Оның дерегіне қарағанда, «Мұғалжар ауданы 353 баламен облыста бірінші орынға шыққан».

ЕКПЕГЕ ҚАРСЫ ДІНДАРЛАР УӘЖІ

Жиынға негізінен сырт кейпі дін ұстанатынын аңғартатын азаматтар шақырылғаны көрініп тұрды. Кездесуде сөйлеген ақтөбелік Мұрат Жұманбетовтің сөзіне қарағанда, «ешқашан екпе салдыртпағандықтан, балалары ауру-сырқау дегенді мүлдем білмейді».

- Пайғамбарымыз сәләллаһу ғәлейхи уәссәләм хадисінде «ауырсаңдар тминмен емделіңдер» деген. Бес балам бар. Укол дегенді білмейді. Ауырса, тминмен, балмен емдеп аламын. Екпе салдырған соң балаларым өліп қалса қайтемін? Вакцинаның қандай қоспалары бар екенін дәрігерлер неге ашып айтпайды?! - деді ол наразы кейіппен.

Мұрат Жұманбетовің сөзін қоштаған, «намаз оқи бастағанына екі жыл болғанын» айтқан тағы бір тұрғын Мейрамбек Бижанов:

- Бес балам бар. Мен дінге келмей тұрып туған, сол жылдары білместікпен екпе салынған екі баламның ойлау қабілеті шамалы. Бізге екпе алыңдар дейді, сол адамдардың өз балалары екпе ала ма екен? - деді.

Мейрамбек Бижанов екпе алған екі балаcының "ойлау қабілеті шамалы" екенін айтып тұр. Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласы, 10 наурыз 2017 жыл.
Мейрамбек Бижанов екпе алған екі балаcының "ойлау қабілеті шамалы" екенін айтып тұр. Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласы, 10 наурыз 2017 жыл.

Ары қарай сөзін «мен қазір дінге келгеніме құдайға шүкір деймін...» деп сабақтап келе жатқан оны қасында отырған тақиялы адам қолынан сілкіп тоқтатты. Оның «екпе алған балаларымның ойлау қабілеті шамалы» деген сөзіне қатысты «сен өзің солай ойлайсың, екпенің [ойлау қабілетіне] әсері жайлы ғылыми дәлел жоқ» деген жергілікті дәрігер Аманжол Адаевтың сөзін діндар азамат қайта-қайта бөліп, сөйлетпей қойды. Ал сөзін «мені мына врачтардың бәрі жақсы біледі» деп аты-жөнін атамай бастаған жас әйел:

- 2005 жылы тұңғыш балама сапасыз БЦЖ салып, ауру қылдыңдар. Жеті ай бойы ауру баланы құшақтап Қандыағаш пен Ақтөбе ортасында жүрдім. Қазір балам жақсы. Үкімет екпеге қаржы бөледі, бірақ сол екпеден ауру болған баланың еміне қаржы бөлгенін көрмедім. Сол жылы Қандыағашта сапасыз екпе салдырған төрт бала анықталды. Қазір балам тәуір. Намаз оқимын. Бірақ менің вакцинадан бас тартуыма діннің қатысы жоқ, - деді.

ВИДЕО: Қандыағаштағы «екпе дауы»

Азаттық тілшісі жиын кезінде ойларын толық жеткізе алмаған шығар деген оймен діндар азаматтармен кездесуден кейін де сөйлеспек болған еді, алайда олардың көбі «аты-жөнімді қайтесің, саған бұл мәселенің не керегі бар?!» деп, агрессивті түрде бас тартты.

МАМАНДАР ЖАУАБЫ

Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті профессоры Мейрамбек Құрманғазин 2005 жылы Сербиядан келген вакцинаның кері әсері болғанын еске алып, ондай оқиғаның болғанын жиын үстінде мойындады. Бірақ ол тиісті адамдардың жазасын алғанын айтып, «Қазір Қазақстанда вакцина сапасы қатаң бақыланады. Алаңдауға еш негіз жоқ» деп мәлімдеді. Ал Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің профессоры Қуанғали Әбдрахманов:

Қандыағаш қаласында өткен вакцина мәселесіне арналған жиын. Ақтөбе облысы,10 наурыз 2017 жыл.
Қандыағаш қаласында өткен вакцина мәселесіне арналған жиын. Ақтөбе облысы,10 наурыз 2017 жыл.

- Екпе салдырмауымның дінге қатысы жоқ деп жатырсыздар ғой. Ал біз екпе салдырмаймын деген адамдармен сөйлескенімізде, сол адамдардың 90 пайызы намаз оқитын, дінді қатты ұстанатын адамдар болып шықты, – деп, бұл құбылыстың діни себебі бар екенін айтты.

Жиында ислам дінінің екпеге тыйым салмайтыны көп айтылды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысындағы өкіл имамы Төлеби Оспанов:

- Мысалы, ислам кең тараған Сауд Арабиясын айтуға болады. Қажылыққа барсаңыз, бұл мемлекет сізден менингиттің алдын алатын екпе салуды талап етеді. Онсыз шекараларынан өткізбейді. Екпені сылтауратып, қажылықтан бас тартқан мұсылман көрмеппін. Демек, дінді желеу етіп, екпеден бас тарту - жаңсақ пікір, - деді.

Мінбеде сөйлеп тұрған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысындағы өкіл имамы Төлеби Оспанов. Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласы, 10 наурыз 2017 жыл.
Мінбеде сөйлеп тұрған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысындағы өкіл имамы Төлеби Оспанов. Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласы, 10 наурыз 2017 жыл.

Алайда залдағылардың көбі мамандар сөзіне қолдарын сілтеп, кейде мысқылдай күліп, қарсылық айтуға оқталған діндестерін «қоя сал, олар бәрібір түсінбейді» деп, жиынның соңына дейін айтылған уәждерді мүлде қабылдамайтындарын білдіріп отырды. Ал жергілікті дәрігер Аманжол Адаев Азаттық тілшісіне жиыннан кейін берген сұхбатында «бұл адамдармен жеке-жеке сөйлескенде екпеден бас тартуларының діни себептерін айтатындарын» мәлімдеді.

- Жеке сөйлескенде «неге салдырмайсың?» деп сұрайсың ғой енді. Бұлар «харам айуандар ағзасынан жасалған» деген теріс пікірлер айтады. Мен оларға «дәрігер болғаныма жарты ғасыр болды, әкеңе, атаңа екпе жасағанмын, өзің де осы екпелерді алдың, соның арқасында сау өстің. Неге енді денсаулық бақытын балаңа сыйламайсың?» деймін. Бұл адамдар - Әбу-Ханафи жолынан тайғандар. Сырттан айтатын ақылшылары, уағызшылары бар. Солардың тәрбиесімен кеткен, - дейді ол.

Ақтөбе облысы тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, «баласына екпе салдыртпай отырғандардың 82,2 пайызы теріс ағым жетегінде жүргендер». Қандыағаштағы жиында екпеден бас тартушылар арасында 44 педагог пен 4 имамның бар екендігі де айтылды.

Азаттық тілшісі Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау департаментіне хабарласып, вакциналардың қауіпсіздігі және құрамы туралы ақпарат алуға тырысқан еді. Департамент басшысының орынбасары Светлана Есенаманова:

Екпе құрамы үшін алаңдауға да негіз жоқ. Оларды өсіргенде негізінен жұмыртқа пайдаланады. Жұмыртқаға тыйым салатын дінді ешқашан естімеппін.

- Вакцина сапасына күмәндану орынсыз. Екі бірдей мекеме - облыстық денсаулық сақтау департаменті мен СЭС қадағалап отыр. Балалар арасындағы 11 инфекцияға қарсы екпелер термоконтейнерлермен әкелініп, термостаттарда сақталады. Екпе құрамы үшін алаңдауға да негіз жоқ. Оларды өсіргенде негізінен жұмыртқа пайдаланады. Жұмыртқаға тыйым салатын дінді ешқашан естімеппін. Соңғы екі жылда екпе салдырған балалар арасында ешқандай қабынулар тіркелген жоқ, – деді.

Ақтөбе облыстық прокуратурасының аппарат жетекшісі Жасұлан Дәулембаев Азаттықтың вакцинадан қай жылдары қанша бала зардап шеккені туралы сауалына «Бізге ата-аналар тарапынан вакцина сапасына қатысты шағым айтқандар болған емес» деп қысқа қайырды.

Ақтөбе облысының тұтынушылар құқығын қорғау департаменті берген жазбаша жауапқа қарағанда, «екпеден бас тарту құбылысы 2009 жылы басталған. Облыста туғаннан бері егілмеген балалар саны қазір 1534-ке жеткен». Алайда облыста «ата-анасы екпе салдырмағандықтан жұқпалы аурудан шетінеген немесе мүгедек болып қалған бала жоқ». Департамент «Вакцинациядан бас тарту себебі, теріс діни ағымдағы азаматтар - 82,2 пайыз, жеке бас пікірі - 13,4 пайыз, БАҚ арқылы негативті ақпарат алу - 0,4 пайыз» деп жазады. Мекеме «облыс бойынша вакцинациялау деңгейі жоғары болғандықтан және егілмеген балалар инфекцияның айналымы жоқ болуы әсерінен қорғалып жүргендігін ұмытпаған жөн» екенін, көкжөтел, өкпенің қабынуы (пневмония), ми зақымдалуы, сіреспе және құтырма, т.б. жұқпалы аурулардан сақтанудың ең сенімді әдісі вакцинация» екенін ескертеді.

Қазақстанның «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» заңында азаматтардың «профилактикалық екпелерді алуға» және «медициналық көмек азаматтардың келісімінсіз көрсетілетін жағдайлардан басқа уақытта одан бас тартуға» құқылы екені жазылған.

Жергілікті билік мәліметіне қарағанда, «Мұғалжар ауданының 451 тұрғыны теріс ағымды ұстанады. Оның 293-і ер адам, 158-і әйел». Ислам дінінде кейбір жануарлар харам (лас) саналатындықтан, дін ұстанатын кей азаматтар олардың мүшелерінен жасалған дәрілер мен тағамдарды қабылдамауға тырысады. Кей ағымдардың өкілдері қалай жасалғанын өз көзімен көрмеген дәрі-дәрмек немесе тағамдарды пайдаланудан үзділді-кесілді бас тартады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG