Accessibility links

Бішкек ҮЕҰ-ның сот шешіміне қарсы шағымын қанағаттандырды


Толекан Исмаилова, Қырғызстандағы "Бир дуйно - Кыргызстан" құқық қорғау ұйымының жетекшісі.
Толекан Исмаилова, Қырғызстандағы "Бир дуйно - Кыргызстан" құқық қорғау ұйымының жетекшісі.

Қырғызстан Жоғарғы сотының азаматтық істер бойынша сот алқасы 22 қазанда "Бир дуйно - Кырғызстан" құқық қорғау ұйымының Бішкектің Октябрь аудандық сотының шешіміне қарсы шағымын қанағаттандырып, істі қайта қарауға жіберді. Заңгер Эрик Ирискулбеков Азаттықтың Қырғыз редакциясына жоғарғы сот ұйымның кассациялық шағымын қанағаттандырғанын айтты.

Бішкектің Октябрь аудандық соты 2017 жылы 5 қаңтарда "Мемориал" кемсітушілікке қарсы орталығының "Бир дуйно - Кыргызстан" ұйымымен бірлесіп БҰҰ-ның Еңбек мигранттарының құқығын қорғау комитетіне жолдаған балама есебін "экстремистік" материал деп таныған.

Бірақ соттың ол шешімі 2018 жылы ғана белгілі болған. "Бир дуйно - Кыргызстан" үкіметтік емес ұйымының (ҮЕҰ) адвокаты сотқа шағымдану мерзімін қалпына келтіруді сұрап арызданған. Құқық қорғаушылар 2018 жылы шілдеде Бішкек қалалық соты өздерінің шағымын қанағаттандырмаған соң жоғарғы сотқа жүгінген.

Октябрь аудандық сотының 2017 жылдың 5 қаңтарындағы шешімімен ресейлік "Мемориал" құқық қорғау орталығының Норвегия Хельсинки комитетімен және Freedom House құқық қорғау ұйымымен бірге дайындаған есебі де "экстремистік" деп танылған. Бұл есеп "Зорлық-зомбылық хроникасы: Қырғызстанның оңтүстігіндегі (Ош облысы) 2010 жылдың маусымындағы оқиға" деген атаумен жарияланған. "Бир дуйно - Кыргызстан" бұл құжатты дайындауға қатысқан жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG