Accessibility links

АҚШ Германияға ең көп көлемде оқ-дәрі жеткізді


Германиядағы Рамштайн әуе базасында тұрған АҚШ-тың С-17 транспорт ұшағы (Көрнекі сурет).
Германиядағы Рамштайн әуе базасында тұрған АҚШ-тың С-17 транспорт ұшағы (Көрнекі сурет).

АҚШ Германиядағы америкалық Рамштайн әуе базасына соңғы 20 жылдағы ең көп көлемде оқ-дәрі мен снаряд жеткізді. Бұл туралы база әкімшілігінің ресми сайтында хабарланды. Өткен айда базаға түрлі снарядтары бар 100 контейнер жеткізілген. Өткен ғасырдың соңынан бері базаға осынша көлемде оқ-дәрі жеткізілмеген.

Оқ-дәріні жеткізу үшін үш ай ішінде 900-ден астам әуе рейсі жасалған. АҚШ әскери-әуе күштерінің мәлімдеуінше, қару-жарақ "басқыншы күштер тарапынан төнетін қауіп-қатерге" жедел қарсы тұру үшін жеткізілген.

Рамштайн қырғи-қабақ соғысы кезеңінен бері АҚШ-тың Еуропадағы ең ірі әскери тірек пункті болып отыр. Мұнда АҚШ әскери-әуе күштерінің Еуропадағы қолбасшылығының штабы орналасқан.

Ресей Украинадан Қырым түбегін аннексиялап алған соң Еуропада қорғанысты нығайтуға жыл сайын бірнеше миллиард доллардан бөліп келеді. Балтық бойы елдері мен Польшада америкалық әскери контингент орналасқан. НАТО былтыр Литва, Латвия, Эстония және Польшаға жедел әрекет ететін төрт мың сарбазын ротациямен орналастырған. Ресеймен қақтығыс бола қалған жағдайда бұл жедел әрекет ету күштері негізгі әскер келіп жеткенге дейін жауға тойтарыс бере тұрады.

Норвегияда қазір НАТО-ның соңғы 30 жылда болмаған ең ірі әскери жаттығуы өтіп жатыр. 25 қазанда басталған жаттығуға альянсқа мүше 30 елден 50 мың әскери қызметкер, 10 мың әскери техника мен 300-ге тарта ұшақ және әскери кемелер қатысып жатыр. Жаттығу 7 қарашада аяқталады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG