Accessibility links

Норвегия Хельсинки комитеті Ерімбетовті босатуға шақырды


Ескендір Ерімбетов сот отырысы кезінде. Алматы, 25 шілде 2018 жыл.
Ескендір Ерімбетов сот отырысы кезінде. Алматы, 25 шілде 2018 жыл.

Норвегия Хельсинки комитеті ұйымы Қазақстан билігін қазақстандық бизнесмен Ескендір Ерімбетовті және онымен бірге сотталған басқа да адамдарды дереу босатуға шақырды.

22 қазан күні Алматы соты Ерімбетовті аса ірі көлемде қаржы жымқырды деп айыптап, жеті жылға соттаған. Бұл іс бойынша Sky Service компаниясының бұрынғы президенті Михаил Зоров үш жыл шартты мерзімге сотталған. Sky Service компаниясы директорлар кеңесінің бұрынғы басшысы Дмитрий Пестов пен компания директорлар кеңесінің бұрынғы мүшесі Василина Соколенко төрт жыл екі айға сотталған.

Норвегия Хельсинки комитетінің бас хатшысы Бьйорн Энгесланд 1 қараша күні Ерімбетовке қатысты сот үкімін "масқара" деп атап, дереу оның "күшін жоюға" шақырды. Ұйым мәлімдемесінде "ешқандай қылмыс жасалмағаны", ал сотталушылардың іс-әрекетінде "ешқандай заң бұзу болмағаны" айтылады.

Норвегия Хельсинки комитеті ресми мәлімдемесінде сонымен қатар Иллинойс университетінің құқық саласы бойынша профессоры, постсоветтік елдердегі заңнамалар бойынша маман Питер Маггздың сөзін келтіреді. Маггздың сөзінше, бұл іс бойынша сотталушыларға тағылған айып "компанияны басқаратын адамның кірісті ұлғайтып, іскерлік құпияны сақтау жөніндегі өзіне тиісті міндетін орындаудан өзге түк те емес".

22 қазанда Алматының Медеу аудандық соты кәсіпкер Ескендір Ерімбетовті "аса ірі көлемде қаржылық алаяқтық" жасады деп айыптап, жеті жыл түрмеге қамау туралы үкім шығарған. Туыстары апелляциялық шағым дайындап жатқанын айтады.

Ескендір Ерімбетов 2017 жылдың қараша айында қамалды. "Алаяқтық" бабы бойынша іс 14 маусымда басталған. Ал "ақша жылыстату" туралы екінші айыпқа қатысты тергеу әлі жалғасып жатыр. Екінші істе қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов пен Ерімбетовтің қарындасы, Әблязовтің заңгері болған Бота Жәрдемәлінің аттары аталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG