Accessibility links

ҚДТ үшін сотталған Жұмаевтың ісі қайта тергеледі


Абловас Жұмаев.
Абловас Жұмаев.

Маңғыстау облыстық сотының апелляциялық алқасы Қазақстан билігі тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының Тelegram-чатындаға хабарламалары үшін үш жылға түрме жазасына кесілген Авлобас Жұмаевқа қатысты сот тергеуін қайта бастау туралы шешім шығарды.

Апелляциялық сот тергеуін алқа төрағасы Ержан Қарабаев пен судьялар Абай Ізбасаров, Сәуле Өмірболатова жүргізді.

Судья Ержан Қарабаев Авлобас Жұмаевтың адвокаттарынан сот тергеуін қайта бастап, тергеуші Айдос Қадиев пен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің (ҰҚКД) қызметкері Ержан Бисеновты сотта тергеу туралы апелляциялық шағымды негіздеуді сұрады.

Авлобас Жұмаевтың адвокаттарының бірі Жанар Сұлтанғалиеваның сотта мәлімдеуінше, бірінші сот инстанциясында бірнеше процессуалдық құқық бұзушылық болған.

- Бірінші сатыдағы сот тергеуі кезінде куә ретінде жауап берген Үкібаев өзін тергеу хаттамасындағы қол өзінікі емесін айтты. Бұған қоса Жұмаевты тінтуге куә ретінде қатысқанымен, ештеңені көзімен көрмегенін баяндады. Істі тергеуші Айдос Қадиев жүргізгендіктен оған қояр сұрақтарымыз бар, - деді Жанар Сүндетқалиева.

Адвокаттың айтуынша, үйді, көлікті және жеке тінту кезіне Жұмаевтың бірнеше құқығы бұзылған. Жанар Сүндетқалиева "жеке тінтуге ҰҚКД қызметкері Ержан Бисеновтің қатысқаны бейнетаспада көрініп тұрғанын және сот үстінде Жұмаевтың оның өзіне қысым жасағаны туралы шағым түсіргенін" айтты.

- Жұмаевтың ҰҚКД қызметкері тарапынан болған қысым туралы сот 29 тамызда қаулы шығарып, Маңғыстау обылстық прокуратурасына он күн ішінде зерттеуді тапсырды. Алайда зерттеу қорытындысын күтпестен Жұмаевқа қатысты сот үкімін шығарып жіберді, - деді ол апелляциялық сот алқасына.

Сот процесіне қатысқан прокурор Есенғали Базарбаев бұл шағымдарды қанағаттандыруға қарсылық білдіріп, "барлығының жан жақты тергелгенін" айтты.

Апелляциялық сот алқасы адвокаттардың және Авлобас Жұмаевтың өзін апелляциялық сот отырысына қатыстыруды сұраған шағымын қанағаттандырды. Бірақ әзірше апелляциялық сот тергеуінің күні белгіленген жоқ.

Бұған дейін Авлобас Жұмаевтың әйелі Айгүл Ақбердиева Facebook арқылы оның апелляциялық шағымын жария еткен еді. Онда Жұмаев өзінің кінәсіз екенін айтып, тағылған айыпты мойындамай, өзін апелляциялық сотқа қатыстыруды сұраған.

44 жастағы Авлобас Жұмаевты Ақтау қалалық соты 20 қыркүйекте "әлеуметтік, рулық алауыздық тудырды", "билікті күшпен басып алмақ болды" деген айыптармен үш жылға түрме жазасын кескен еді. Оның 38 жастағы әйелі Айгүл Ақбердиева "билікті басып алуға шақырды" және "Қазақстан конституциялық құрылысын күштеп өзгертпек болды" деп айыпталған еді. Оның соты қыркүйектің 24-інде басталған. Ерлі-зайыптылардың төрт баласы бар, кенжелері - екі жаста.

Қарай отырыңыз: Қазақстанда Мұхтар Әблязовқа бола Telegram мессенджерін бұғаттауы мүмкін

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Абловас Жұмаевтың ісіне қатысты "Бұл сөз бостандығын шектеу емес пе?" деген Азаттық сұрағына "Бұл жерде не жазғанын қарау керек. Егер өз ойын ашық жазса, ешкімді жазаламайды, қудаламайды. Бірақ еліміздің тыныштығын бұзуға, зорлық-зомбылыққа шақыру болса, ол заңға қайшы болады. Соттың да шешімі заңға сәйкес шығады деп ойлаймын" деп жауап берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG