Accessibility links

Департамент: Кәсіподақтың Харьковадан ақша талап етуге құқығы жоқ


Лариса Харькова (сол жақта) мен сенімді өкілі сотта отыр. Шымкент, 9 қараша 2018 жыл.
Лариса Харькова (сол жақта) мен сенімді өкілі сотта отыр. Шымкент, 9 қараша 2018 жыл.

Қарашаның 9-ы күні Шымкенттегі Еңбекші аудандық сотында билік шешімімен жабылған Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының бұрынғы жетекшісі Лариса Харьковадан оның үстінен азаматтық шағым түсірген қаладағы жедел жәрдем станциясы кәсіподақ комитетінің төрайымы Сәуле Әбдібаеваның 2,5 миллион теңге талап етуге құқығы жоқ екені айтылды.

Сот отырысына арызданушы мен адвокаты келмеді.

Судья Мая Шертаева жауап беруші тарапқа істі арызданушылардың қатысуынсыз қарауға қатысты пікірін сұрады. Харькова мен оның сенімді өкілдері істі арызданушысыз қарауға қарсылық білдірді.

"Осы уақытқа дейін заң бойынша түскен арызды дәлелдейтін құжаттарды ұсынуға міндетті болса да Әбдібаева сотқа ешбір құжатты ұсына алмады. Арызданушыдан конфедерацияға кәсіподақтың ақша өткізгені туралы xаттамасы мен түбіртегін алып келуді біз ғана емес, сот та талап етті. Сонда да алып келмеді. Қашанғы бұған көз жұмып қарауға болады?" деді сот отырысында Лариса Харькова.

Оның сенімді өкілі Жаңабек Әбішев "бұл соттың жүргізілуінің өзі әлемге Қазақстанды масқара ету, бұған жол берілмеуі керек еді" деді.

Содан кейін судья Харькованың сот кеңсесі арқылы түскен талап арыздары мен соттың Шымкент қалалық әділет департаментіне жазған xатына жауабын оқыды. Департамент хатында "Сәуле Әбдібаева басқарып отырған жеке кәсіподақ кезінде Харькова жетекшілік еткен конфедерацияның құрамына енген кәсіподақтың заңды мұрагері бола алмайы" деп жазылған. Мұны естіген Лариса Харькова сот залында қуаныштан жылап жіберді.

Хатты оқып болған соң судья Харькова мен оның сенімді өкілдерінен істі арызданушының қатысуынсыз қарауға байланысті пікірін тағы сұрады. Олар арызданушысыз қарауға қарсы болды. Іс қарашаның 12-сіне қаралатын болды.

Бұдан бұрын Лариса Харькова соттан істі өндіріске қабылдамауды, мұндай талаптың заңсыз екенін айтқан.

Шымкенттің Еңбекші аудандық соты былтыр 25 шілдеде 56 жастағы Лариса Харькованы "бөтеннің сеніп тапсырған мүлкін алаяқтықпен әрі аса ірі көлемде жымқырған" деп айыптап, бас бостандығын төрт жылға шектеу және мүлкін тәркілеу туралы үкім шығарған.

Қазақстанда сотталған бұрынғы кәсіподақ басшылары Лариса Харькова, Нұрбек Құшақбаев және Әмин Елеусіновке халықаралық Артур Свенссон атындағы сыйлық берілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG