Accessibility links

"Ақтөбе" футбол клубы сенімді басқаруға берілді


Самат Смақов, "Ақтөбе" футбол клубының бас директоры.
Самат Смақов, "Ақтөбе" футбол клубының бас директоры.

"Ақтөбе" футбол командасы клубтың бас директоры Самат Смақовтың жеке меншігіне өтті. Самат Смақов клубты 108 миллион теңгеге сатып алды. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Әкімдіктің мәліметінше, "Ақтөбе" Самат Смақовқа кейінірек сатып алу құқығымен жеті жылға сенімді басқаруға берілген. Жаңа қожайын осы аралықта ұжымның кем дегенде 75 пайызын сақтап қалуға міндетті.

"Жекешелендіру менеджемент сапасы мен клубты басқару тиімділігін көтеруге, бюджетке түсетін салмақты төмендетуге, жеке инвестициялар тартуға, сонымен қатар, өңірдегі футбол инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр" деп хабарлайды облыстық әкімдік.

Ақтөбе облыстық әкімдігі таратқан ақпаратқа қарағанда, "Ақтөбе" футбол клубын жекеге берудің электрондық саудасы үш рет өткізілген. 2018 жылы 20 қараша күні өткізілген соңғы сауда-саттықтың нәтижесі бойынша Смақов Самат жеңімпаз атанған.

Самат Смақов "Ақтөбе" футбол клубының бас директоры болып биыл қаңтар айында тағайындалды. Смақовқа дейін клуб бас директоры болған Дмитрий Васильев басқарған.

Дмитрий Васильев 2016 жылы 8 қарашада клубты басқарып тұрған кезінде бюджеттің 240 миллион теңгесін талан-таражға салды деген айыппен ұсталған еді. 2016 жылғы 11 қарашадан бері үйқамақта отырған "Ақтөбенің" экс-директоры 2017 жылы 26 мамыр күні 8 жылға сотталған.

2017 жылғы шілде айында Дмитрий Васильевтің бостандыққа шыққаны хабарланған. Адвокат Күләш Маньконың мәліметінше, Дмитрий Васильевтің жазасы 7 жылдық бас бостандығын шектеу жазасымен алмастырылған. Ал 2018 жылғы 13 ақпан күні Қазақстан Жоғарғы соты Васильевті ақтаған.

Биыл 4 қыркүйек күні Ақтөбе қалалық соты Қазақстан қаржы министрлігі "Ақтөбе" футбол клубының бұрынғы бас директоры Дмитрий Васильевке моральдық шығын ретінде 700 мың теңге өтесін деген шешім шығарған.

Бұл іс бойынша қамауға алынған тағы бір адам - "Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы" мемлекеттік мекемесінің басшысы Ескендірбек Маханов қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін жеті жылға бас бостандығынан айырылған еді. Тергеу оған "сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алды немесе талан-таражға салды", "қылмысқа сыбайлас ретінде қатысты" және "билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдаланды" деп айыптаған. Кейін Маханов та түрме жазасынан босатылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG