Accessibility links

Жеке сот орындаушылары аукциондық алым төлеуге қарсы шықты


Жеке сот орындаушылары жеке табыстарынан аукциондық алым төлеу ережесіне қарсы баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Астана, 23 қараша 2018 жыл.
Жеке сот орындаушылары жеке табыстарынан аукциондық алым төлеу ережесіне қарсы баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Астана, 23 қараша 2018 жыл.

Астанада қарашаның 23-і күні бір топ жеке сот орындаушысы баспасөз мәслихатын өткізіп, жеке сот орындаушыларынан аукциондық алым жинау талабын жоюды талап етті. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Журналистер үйінде өткен жиында жеке сот орындаушылары салық органдарының өздерінен аукциондық алым төлеуді талап етуі заңсыз екенін мәлімдеді.

Астана қалалық жеке сот орындаушылары аймақтық палатасының басшысы Ерлан Оңтаев қазір салық органдары жеке сот орындаушыларынан борышкердің мүлкін сатудан өзіне қалған табыстың 3 пайызын аукциондық алым ретінде төлеуді талап етіп отырғанын айтты. Оның сөзінше, мемлекеттік кіріс органының жазбаша түсіндірмесінде жеке сот орындаушылары "борышкердің мүлкін сатып, сот шешімін орындайтындықтан, аукциондық алым төлемейтіні" туралы айтылған.

"Жеке сот орындаушылары мемлекеттің, халықтың пайдасына жұмыс істейді. Қазақстанда жеке сот орындаушы институты енгізілген соң сот актілері мен шешімдерінің орындалу көрсеткіші ұлғайды. 2018 жылдың 10 айында ғана жеке сот орындаушыларының арқасында республика бюджетіне 10 миллиард теңгеден астам қаржы өндіріп алынды. Біз сот актілерін мәжбүрлеп орындаудан тапқан табысымыздан онсыз да 10 пайыз жеке табыс салығын төлейміз" деді Оңтаев.

"Бұл жерде сот орындаушылары борышкердің мүлкін өз ықыласымен емес, қызметтік міндетін атқаруы тиіс болғандықтан саудаға шығаратынын ескеруіміз қажет" деді ол.

Астаналық жеке сот орындаушысы Жанат Дырынбаев "мемлекет егер бізді қолдаса, онда бұл аукциондық алымнан да көп табыс түсірер еді" дейді. Ол өзіне салық органынан "ондаған миллион теңге аукциондық алым төлеу туралы ескерту келгенін" айтты.

Орал қаласынан келген жеке сот орындаушысы Ләззат Құрмантаеваның айтуынша, биылдан бастап аукциондық алым алу туралы заң күшін жойған. Бірақ салық органы өздерінен заңда күші жойылған аукциондық алым туралы ережені алға тартып, мемлекетке алым төлеуді талап етіп отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG