Accessibility links

Жаңаөзендегі жарылған үйдің екінші тұрғыны да қайтыс болды


Қарашаның 23-і күні Жаңаөзендегі газ жарылысынан соң аурханаға түсіп, ес-түссіз жатқан тұрғын Ханым Күмісбаева қайтыс болған. Бұл хабарды Азаттыққа оның қызы Баян Қалымбетова растады.

- Анамнан да айрылдым. Кешкі сағат бес кезінде қайтыс болды. Сол беті есін жиған жоқ. Ағамды сенбіде, апамды - жексенбіде жерлейміз, - деді Баян Қалымбетова жұма күні.

Сәрсенбіде Ақтаудағы облыстық ауруханаға жеткізілген Ханым Күмісбаева есін жимаған күйі жұма күні қайтыс болған. Жаңаөзен қалалық ауруханасының бас дәрігері Мұрат Сариев бұған дейін әйелдің денесінің 22 пайызға жуығын күйік шалып, қол-аяқ сүйектері сынғанын, басында жабық жарасы барын айтқан. Ауруханаға түскен екі адамның жағдайын бұған дейін дәрігерлер "ауыр, тұрақты" деп бағалаған болатын.


Жаңаөзендегі Рахат ауылында қарашаның 16-сы күні газ жарылып, жер үй зардап шеккен. Төтенше жағдай қызметкерлері оқиғадан үш адамның жараланып, үйінді астынан табылған үй иесі 56 жастағы Ханым Күмісбаева мен оның 29 жастағы ұлы Берік Қалымбетовтің ауруханаға жеткізілгенін айтқан болатын. Осы үйдің тағы бір тұрғыны Жақсыбай Қалымбетовтың басы жарылып, миы шайқалғаны анықталған. Оған ем жасалған соң үйіне шығарылған.

Жаңаөзендегі газ жарылысынан зардап шеккен Сисенбай Қалымбетов және оның қызы Баян. Ақтау, 20 қазан 2018 жыл.
Жаңаөзендегі газ жарылысынан зардап шеккен Сисенбай Қалымбетов және оның қызы Баян. Ақтау, 20 қазан 2018 жыл.

Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің алдын ала болжамы бойынша, жарылысқа үй ішінде газ шығуы себеп болған. Бұл болжаммен келіспеген Баян Қалымбетова Facebook әлеуметтік желісіне газ құзырлы орындар хабарлағандай "үй ішінен емес, жол бойындағы газ құбырлары ақауынан кетіп жатқанын" көрсеткен видео жариялаған. Бұл ақпараттан соң билік пен құзырлы орындар брифинг өткізіп, комиссияның жарылыстың себебін тексеріп жатқанын, зардап шеккендерге көмек көрсетілгенін мәлімдеген болатын.

Бұған дейін Жаңаөзен қаласы әкімі Әділбек Дауылбаев зардап шеккендерге материалдық және дәрі-дәрмекпен көмек беріп жатқандарын айтқан. "Қазтрангазаймақ" мекемесі директорының орынбасары Ернұр Ибраев газдың құбырдағы ақаудан кеткенін растап, оның қашан және қалай зақымдалғанын комиссия анықтайтыны туралы хабарлаған.

Денесінің 56 пайызға жуығын күйік шалған Берік Қалымбетов бейсенбі күні есін жимастан ауруханада қайтыс болған. Қарындасы ағасының биыл желтоқсанда үйлену тойын өткізу жоспары болғанын айтады.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG