Accessibility links

Жарылған үй тұрғындары "салғырт билікті" сөкті


Жаңаөзендегі газ жарылысынан зардап шеккен Сисенбай Қалымбетов және оның қызы Баян. Ақтау, 20 қазан 2018 жыл
Жаңаөзендегі газ жарылысынан зардап шеккен Сисенбай Қалымбетов және оның қызы Баян. Ақтау, 20 қазан 2018 жыл

Қарашаның 20-сында Жаңаөзендегі өткен сенбі күнгі газ жарылысынан құлаған үйдің тұрғындары мен қала билігі журналистермен кездесті. Құлаған үй тұрғындары биліктің назарына әлеуметтік желіге салған видео арқылы ілінгендерін айтты.

Ақтаудағы өңірілік коммуникациялар орталығында өткен жиынға келген Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаев сөз бастап, журналистерге "әлеуметтік желіде әлдебір видео тарап, алып-қашпа әңігмелер айтылып жүр" деп реніш білдірді. Оның сөзінше, құлаған үйге қатысты комиссия құрылып, тексеру жүріп жатыр.

"ВИДЕО АРҚЫЛЫ КІНӘСІЗДІГІМДІ ДӘЛЕЛДЕДІМ"

- Бірақ біз комиссияны күтіп отырмай көмектесіп жатырмыз. Сол жердегі кей үйлердің терезесі сынған, оларға жәрдемдестік. Құлаған үй иелеріне тұратын жер ұсынып едік, олар бас тартып, тұрақты үй сұрады. Оны шешеміз. Басқа қажетті азық-түлікпен, қажетті затармен көмектесіп жатырмыз. Ауруханада жатқандарға көмектесуге де жергілікті биліктің күші жетеді. Дәрі-дәрмектерге де проблема жоқ,- деді ол.

Құлаған үйдің тұрғыны Баян Қалымбетова әлеуметтік желіге бұл видеоны өзі салғанын, содан кейін ғана оған биліктің назары ауғанын айтты. Оның сөзінше, видеоны түсіруге Жаңаөзен қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Нұрдәулет Саттықовтың телеарналардан айтқан "Үйдің құлап, жарылыстың болуына сол үй тұрғындары кінәлі. Олар газ құбырына өз беттерімен ұрлап қосылған" деген сөзі себеп болған.

- Мен видеоға газдың үйден емес жол бойындағы құбырдағы ақаудан кетіп жатқанын түсірдім. Біздің басымызға ауыртпалық әкелген оқиғаға кінәлі мекеменің жауапталуын талап етемін. Мен сол видео арқылы өзіміздің кінәсіздігімізді көрсете алдым, - деді Баян Қалымбетова Жаңаөзен әкіміне қарата.

Баян Қалымбетова мен оның әкесі Сисенбай Қалымбетов биліктен ауруханада жансақтау бөлімінде жатқан туыстарына дәргерлік көмекті жақсартуды талап етті.

- Екі ауруханада жатқан адамдарымызды дәрігер әкеліп басқа жақтан қараса. Төрт күн болды еш өзгеріс жоқ, - деді Сисенбай Қалымбетов.

Оның сөзін қоштаған қызы дәрігерлер мен биліктің "күтудеміз" деген сабырға шақырған сөздерімен келіспейтінін айтты.

- Оларды басқа қалаға апару керек пе немесе басқа жақтан профессорлар әкеле ме жедел көмек берілсін. Екінші талабым, бұрынғы үйімізде енді тұра алмаймыз. Ол сегіз бөлмелі даңғарадай үй еді. Дәл сондай үйді өзіміз қалаған жерден алып берсін. Себебі ол үйдің жарылуына біздің кінәміз жоқ, - деді Баян Қалымбетова.

Оның сөзінше, жансақтау бөлімінде жатқан ағасы Берік Қалымбетовтің биылғы желтоқсанда үйлену тойы болады деп жоспарланған.

Жаңаөзен қалалық ауруханасының бас дәрігері Мұрат Сариев Берік Қалымбетовтің денесінің 56%-ын күйік шалып, облыстық аурухананың жансақтау бөліміне қарашаның 19-ында санавиациямен жеткізілгенін хабарлады.

- Ханым Күмісбаеваның жабық бас травмасы бар, қол мен аяқ сүйектері сынған, жамбасының терісі сырылған, дем жолдары қатты жарақаттанып, денесін 22%-ға дейін күйік шалған. Травматикалық шок 2-3 дәрежелі деген диагнозбен жасанды демалу аппаратында жатыр. Жағдайы ауыр тұрақты. Егер ертең жақсы болса, облыстық ауруханаға өткіземіз, - деді Жаңаөзен қаласының бас дәрігері.

"ҚАЗТРАНСГАЗАЙМАҚТЫҢ" БОЛЖАМЫ

Баян Қалымбетова үй маңынан өтіп жатқан құбырдың газ атылған тұсын видеоға түсіргенде ол жерде су құбырының қатар жүргізілгенін көргенін де айтты. «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесі директорының орынбасары Ернұр Ибраев өздерінің газ құбырын 2005 жылы жүргізгенін, ал су құбырының 2011 жылы жүргізілгеніне сілтеме жасады. Оның сөзінше, жерде жұмыс жасауға рұқсатты әкімдік береді.

- Газ құбырының қашан және қалай зақымдалғанын комиссия анықтайды. Біз газ құбырын 2005 жылы жүргіздік, ал су құбыры 2011 жылы жүргізілген. Бұл - бір версия. Екіншісі, әдетте осындай жағдайлар кезінде газды қолдану қауіпсіздігі сақталмаған деп саналады, - деді ол.

Ал Жаңаөзен қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлім басшысының орынбасары Манарбек Мұхамбетов "егер қызметкердің қате ақпарат бергені анықталса, тиісті шаралар қабылданатын" айтты.

Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қарашаның 16-cы күні Жаңаөзен қаласындағы Рахат аулындағы жер үйлердің бірінде газ кетуі кесірінен жарылыс болып, үйдің толық құлап қалғанын хабарлаған еді. Үш адамның жарақат алып, оның ішінде 56 жастағы әйел мен оның 29 жастағы ұлының үйінді астынан табылып, ауруханаға жеткізілгенін айтқан болатын. Кейін қарашаның 18-і күні Facebook әлеуметтік желісін пайдаланушылардың бірі видео салып, клипті түсіруші жарылыс болғаннан кейінгі жағдайды сипаттаған. Видеодағы әйел адам жарылыстың құзырлы орындар хабарлағандай үй ішінен емес, "жол бойындағы құбыр ақауынан газ кету кесірінен болғанын" көрсеткен.

"ҚазТрансГаз Аймақ" - Маңғыстау облысында табиғи газ тасымалдау мен сату бойынша алғашқа орында тұр. Компания қыркүйек айында соңғы бірнеше жыл ішінде Жаңаөзеннен басқа ондаған елді мекенге газ құбырларын тартып, жетілдіргенін мәлімдеген. Ал "ҚазТрансГаз" компаниясы үш жыл бұрын Қазақстанда 2030 жылға дейін газдандыру бойынша бас жоспарға сәйкес Жаңаөзенде жаңа құбырлар жүйесін салу жоспарланғанын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG