Accessibility links

Украина арнайы қызметі: Кемелерде барлаушылар болған


Василий Грицак, Украина Қауіпсіздік қызметінің басшысы.
Василий Грицак, Украина Қауіпсіздік қызметінің басшысы.

Керчь бұғазында Ресей қауіпсіздік күштері ұстаған украиналық әскери кемелерде Украина Қауіпсіздік қызметі әскери қарсы барлауының офицерлері болған. Бұл туралы Украина Қауіпсіздік қызметінің басшысы Василий Грицак хабарлады.

Грицактің мәлімдеуінше, офицерлер украин заңдарына сай Украина әскери-теңіз күштерін қарсы барлау мәліметтерімен қамтамасыз ету тапсырмасын орындап жүрген.

Бұған дейін Украина әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы Игорь Воронченко кемелерде украин қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері болған деген ақпаратты жоққа шығарған еді.

Қарашаның 26-сында Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметі кемемен бірге ұсталған украин теңізшілерін тергеген видеосын жариялаған. Ұсталғандардың бірі видеода өзін Украина Қауіпсіздік қызметі әскери қарсы барлау бас басқармасының жедел уәкілі, аға лейтенант Андрей Драч деп таныстырған. Ұсталғандардың барлығы "Ресейдің теңіздегі территориясына кірерде шекара бұзғаны туралы ескерту естігендерін" айтқан.

Киев Ресей жағы ұсталған теңізшілерді қинап, өздеріне керекті жауапты айтқызған деп мәлімдеген. Украина қарулы күштерінің Facebook-тегі парақшасында қолбасшылықтың экипаждың мұндай куәлік бергеніне түсіністікпен қарайтыны айтылады. "Ресей арнайы қызметінің қалай жұмыс істейтіні ешкімге құпия емес" делінген мәлімдемеде.

25 қараша күні таңертең Керчь бұғазында Ресей әскерилері украин кемелерін атқылап, ұстап әкеткен. Бірнеше әскери жараланған. Ресей украин кемелерін территориясына "заңсыз кірді" деп айыптаса, Украина кемелердің бұл аумақтан өтетіні "алдын-ала ескертілгенін" айтып, Ресей әрекетін "бассыздық" деп атаған.

Украина парламенті жанжалға байланысты 28 қарашадан бастап елдің бірқатар аймағында 30 күнге әскери жағдай жариялауды мақұлдады.

Оқи отырыңыз: Украина билігі әскери жағдай жариялауды мақұлдады

Батыс елдерінің басшылары Ресейді айыптап, украиналық теңізшілер мен кемелерді босатуға шақырды. Еуропа кеңесінің төрағасы Дональд Туск Ресейдің күш қолданғанын айыптап, Еуропа Одағының Украинаны қолдайтынын мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG