Accessibility links

Украина билігі әскери жағдай жариялауды мақұлдады


Украина президенті Петр Порошенко парламент отырысында сөйлеп тұр. 26 қараша 2018 жыл
Украина президенті Петр Порошенко парламент отырысында сөйлеп тұр. 26 қараша 2018 жыл

Украина парламенті Керчь бұғазындағы жанжалға байланысты елде 30 күнге әскери жағдай жариялауды мақұлдады. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Қазақстан Ресейді қолдап дауыс берді.

ӘСКЕРИ ЖАҒДАЙ

Әскери жағдай Ресей, Приднестровьемен шекаралас Украинаның он облысында жарияланады: Одесса, Николаев, Херсон, Запорожье, Луганск, Донецк, Сумы, Харьков, Чернигов және Винницк облысы.

Парламент мақұлдаған құжат бойынша, бұл облыстарда 28 қарашадан бастап әскери жағдай орнайды. Бас штабқа ішінара мобилизация бастау туралы бұйрық беріліп, әскери-әуе күштерінің дайындығы күшейтіледі. Елдің қауіпсіздік қызметіне контр-барлау, терроризм мен диверсияға қарсы шараларды және ақпараттық қауіпсіздікті күшейту туралы пәрмен берілді.

Жоғары Рада сонымен бірге келесі президент сайлауының мерзімін де белгілеген. Ол 2019 жылы 31 наурызда өтетін болды. Депутаттардың көбі әскери жағдайға байланысты елде сайлау өтпей қалуы мүмкін деп қауіптенгендіктен парламент сайлаудың мерзімін алдын-ала белгілеген.

Украина президенті Петр Порошенко Керчьтегі оқиғаға байланысты басында 60 күнге әскери жағдай жарияламақ болған. Кейінірек "әскери жағдай сайлауалды кампаниямен сәйкес келмес үшін" оның мерзімін 60 күннен 30 күнге дейін азайтқан.

25 қарашада таңертең Керчь бұғазында Ресей әскерилері украин кемелерін атқылап, екі әскери кемені ұстаған. Бірнеше әскери жараланған. Ресей украин кемелері территориядан "заңсыз кесіп өтті" деп айыптаса, Украина кемелердің бұл аумақтан өтетіні "алдын-ала ескертілгенін" айтып, кемелердің заңсыз ұсталғанын айтқан.

Видео: Керьчте не болды? (Видео орыс тілінде)

БҰҰ ОТЫРЫСЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН ПОЗИЦИЯСЫ

26 қарашада БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында Керчь бұғазындағы жағдай талқыланды. АҚШ, Еуропа одағы, НАТО Украинаны толық қолдап, Ресейді украин теңізшілері мен кемелерін босатуға шақырған.

Әуелі Ресей Керчь бұғазындағы жағдайды "мемлекет шекарасын заңсыз бұзу" оқиғасы ретінде көрсетуге тырысқан. Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Дмитрий Полянский оқиға болған жерде "Керчь көпірін жармақ болған" радикалдар жүзіп жүргенін айтқан. Оның айтуынша, украин кемелерінде Украинаның қауіпсіздік қызметінің екі өкілі болған. Кейінірек бұл деректі Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметі де (ФСБ) қайталады. "Украин кемелері Ресей территориясын заңсыз кесіп өтті" деген Ресейдің позициясын Қазақстан, Қытай және Боливия қолдаған. Төрт мемлекет қалыс қалып, жеті мемлекет қарсы дауыс берген. Осылайша БҰҰ қауіпсіздік кеңесі мәселені бұлайша қарастырудан бас тартқан.

АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли оқиғаға қатты алаңдап отырғанын жеткізіп, Вашингтон Украинаның егемендігін қолдайды деп мәлімдеген. Хейли "Украинаның территориялық тұтастығына қол сұққан" Ресей әрекетін айыптап, Ресей Қырымда "бұлайша әрекет етуді әдетке айналдырып алды" деген.

АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли
АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли

Ал НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг 26 қарашада Брюссельде өткен баспасөз конференциясында "Украина кемелеріне әскери күш қолдануды ақтауға болмайды" деп мәлімдеген.

Украинаның қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, ұсталған үш кемеде барлығы 23 адам болған. Атыстан соң олармен хабар үзілген. Украина тарабының айтуынша, атыс кезінде жараланған алты солдаттың екеуінің жағдайы ауыр. Ал Ресей жағы жеңіл жараланған үш украин солдатының Керчь қаласындағы ауруханада екенін, жағдайлары жақсы екенін хабарлады.

26 қарашада Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Азов теңізіндегі жағдайды бақылап отырғанын айтып, екі жақты жанжалды өршітпеуге шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG