Accessibility links

Украина сабағы: Еуромайдан және Қазақстан қоғамы


Наразылық акциясына қатысушылардың бірі. Киев, 19 қаңтар 2014 жыл

Украинада айлар бойы жалғасқан "Еуромайдан" деген атпен белгілі жаппай наразылықтың басталғанына бес жыл толды. Оның Қазақстанға қандай ықпалы болды? Кремль насихаты қаншалықты қауіпті және "түрлі-түсті революциялар" еліне қазақстандықтар неге бейжай қарайды?

2013 жылы қарашаның 21-інде Украина астанасы Киевте ұзақ уақытқа созылған наразылық акциясы басталды. Әуелі азаматтар Украинаның Еуроодаққа кіруіне мүмкіндік беретін келісімді үкіметтің тоқтатып тастағанына қарсы шықты. Кейінірек билік күш қолданып, шерушілерді қуа бастағанда мыңдаған адамның митингтері үкіметке қарсы акцияларға ұласып, Украинаның басқа қалаларын да қамтыды.

Ақыр соңында сол кездегі президент Виктор Янукович биліктен кетті. Жаңа үкімет құрылып, президент сайлауы өтті. Саясаткер әрі олигарх Петр Порошенко президент болып сайланды.

Еуроодақ туын ұстап тұрған наразылық шеруіне қатысушылар. Киев, қаңтар айы 2014 жыл
Еуроодақ туын ұстап тұрған наразылық шеруіне қатысушылар. Киев, қаңтар айы 2014 жыл

Бұдан соң елдің территориялық тұтастығына қауіп төнді: Қырым түбегін Ресей басып алды. Елдің оңтүстік-шығысындағы қарулы күштер Донецк және Луганс қалаларында "халық республикасының" құрылғанын мәлімдеді. Осылайша Украина армиясы мен сепаратистер арасында ұзаққа созылған қарулы қақтығыс басталды, ол әлі де аяқталған жоқ.

Қазақстан бұл жағдайда бейтарап позицияны ұстанады. Бір жағынан, Украинамен дипломатиялық, экономикалық әрі мәдени байланыстарын сақтап қалды. Екінші жағынан, Ресейдің "ұзақ жылдан бергі жақын серіктесі" күйінде қалды. Ресей мен Қазақстан әлем бойынша құрлықтағы ең ұзын шекарамен бөлінген (шамамен 7600 шақырым).

КІМНІҢ НАСИХАТЫ КҮШТІРЕК?

Сарапшылардың көбі Украинадағы жағдай қазақстандық қоғамның әркелкі екенін көрсетті деп санайды. Кей азаматтар Януковичтің биліктен кетуін қолдаса, енді бірінің Кремльге "бүйректері бұрып тұрды". Олар Мәскеудің Қырымдағы іс-әрекетін қолдап, ресейлік телеарналардың "Украинада билікке ұлтшылдар келді" деген ақпаратына иланды. Сарапшылар Қазақстан үшін Еуромайдан "кімнің кім екенін көрсеткен оқиға" болып шықты дейді.

Еуроодақпен келісімді қолдаушылардың наразылық акциясы. Киев, 22 қаңтар 2014
Еуроодақпен келісімді қолдаушылардың наразылық акциясы. Киев, 22 қаңтар 2014

Сарапшы Досым Сәтпаевтың пікірінше, Украинадағы оқиғадан соң қазақстандық билік елде "өзіндік ерекшеліктің әлсірегенін, көп азаматтың денесі Қазақстанда, миы Ресейде" екенін "кенет" ұққан. Сарапшы бұл оқиға сонымен бірге қазақстандықтардың көбі Мәскеуді қолдайтынын көрсетті дейді.

— Бұл қоғамның қатты жікке бөлінгенін көрсетті және бұл қауіпті. Қазақстанда идеялық сепаратизм бар және ол әлі жалғасып келеді. Елдің біраз бөлігі осы шақ пен болашағын тек Ресеймен байланыстырады екен. Ал егер Қазақстанда қалам дейтіндер болса, онда Ресеймен одақтас болғанды қалайды. Қазақстандықтардың көбі ресейлік "зомби жәшіктің" тұтқынына айналды, әлі де "соның ішінде отыр", - дейді Досым Сәтпаев.

Саясаттанушының айтуынша, көршінің ақпараттық ықпалын ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп ретінде қарастырсақ, оған заң бойынша шектеу қоюға болады. Алайда бұл орындалып жатқан жоқ. Ресейлік медиа Қазақстан аумағында еркін хабар таратып жатыр.

— Ерте ме, кеш пе мұның зардабын шегеміз. Әлдебір өзгеріс болған жағдайда ресейлік медиа құрылымдар мысалы, Беларусьтегі сияқты, Қазақстанға қарсы пікір таратады. Кеден одағы бойынша одақтас әрі Еуразия одағын құрғанына қарамастан, Ресей қажет болса ақпараттық соққы беруден тайынбайды (2014 жылы Ресей беларусьтар шығарған бірқатар өнімдерге эмбарго қойды, соның салдарынан екі ел арасындағы сауда айналымы азайып, қарым-қатынастары салқындады – ред.). Сондықтан 2014 жыл Қазақстанның ішіндегі көптеген мәселе барын көрсетті, аражігін ажыратып берді, - дейді Сәтпаев.

Саясаттанушы Айдос Сарым Еуромайданның Қазақстанда тұратын украиналық диаспораның өзін жікке бөлгенін айтады. Біразы Украинаны қолдаса, енді бірі Мәскеудің әрекетін дұрыс санайды.

— Бұл біздер үшін, әсіресе қазақтар үшін жікке бөлінген қоғамда тұрудың қаншалықты қауіпті екенін көрсететін жағдай. Себебі оған мемлекеттік үгіт-насихат тұрғысынан да ықпал ете алмайсың. Қазақстанда "Ақорданың ықпалы күшті ме, әлде Кремльдің бе?" деген сұрақ туындайды. Сондықтан мұны зерттеп, қорытынды жасап, нақты саясатпен, қоғамның нақты мәселелерімен айналысу керек, - дейді Айдос Сарым.

БИЛІК ҚАНДАЙ САБАҚ АЛДЫ?

Ұлттық зерттеулер институтының директоры Бөріхан Нұрмұхамедов 2013-2014 жылдары Украинада болған жағдай қазақстандық қоғамға "салқын су шашқандай әсер етті" дейді - елдегі жікке бөлінудің алдын алу үшін тұрақтылықты сақтауға көңіл бөлу керектігі түсінікті болды.

— Әлбетте, Украинадағы жағдай тәуелсіздік, элитаның жауапкершілігі, саясаттың ұстамдылығы сияқты құндылықтарды бағалауға терең ықпал етті. Қоғамда да, саясатта да саналы консерватизмді күшейтті. Тұтас мемлекет болып тұрғанда қолда барды бағалау керек. Ұлттық элитаның дайындығы жеткіліксіз болса түбінде мемлекетті ыдырауға әкелетін, аумақтық бөлінуге ықпал ететін демократиялық өзгерістерге ұмтылмаған дұрыс. Әдетте ондай өзгерістер билік құрылымында жемқорлық деңгейі жоғары болғанда туындайды, - дейді Нұрмұхамедов.

Досым Сәтпаевтың айтуынша, Еуромайданнан соң қазақстандық элита қиын жағдайға тап болды, себебі Қазақстан бір кездері Украинаның аумақтық тұтастығына қатысты БҰҰ-дағы дауыс беруде қалыс қалды ("иә" деп дауыс берсе, Ресейдің Қырымды басып алғанын, ал Донецк пен Луганск облыстарын сепаратистер басқарып отырғанын мойындар еді), екінші жағынан, сол арқылы Қазақстан билігі Ресейдің геосаяси жеңіске жеткенін мойындады.

— Ең қызығы, Украинадағы жағдай Қазақстан билігін республикаға төнуі мүмкін қауіптер жайлы ойлануға мәжбүрледі. 2014 жылдан бастап қылмыстық заңнамаға өзгерістер енгізілді, сепаратизмге шақыру қылмыстары үшін жаза күшейтілді. Бұдан соң Украинаның оңтүстік-шығысында сепаратистерді қолдап соғысқан азаматтардың ісі ашық түрде өтті. Қазақстанның оңтүстігінен солтүстігіне еңбек ресурстарын көшіру жөніндегі бағдарлама қолға алынды. Ол солтүстік аймақтарда этникалық теңдік орнату үшін жасалды деп ойлаймын. Ресеймен әлдеқандай шиеленіс туындаса (әсіресе, билік транзиті кезінде) этникалық теңдіктің болмауы бізге қауіп төндіреді, - дейді Сәтпаев.

Еуромайдан. Киев, 22 қаңтар 2014 жыл
Еуромайдан. Киев, 22 қаңтар 2014 жыл

Соңғы он бес жылда бұрынғы Совет Одағының бірнеше республикасында "түрлі-түсті революция" болып, саяси режим ауысты. Грузия, Қырғызстан мен Украинадағы оқиғаларға қарасақ, Қазақстан азаматтарының әлеуметтік жағдайы жақсы, тұрақты президенті бар, жайлы ел сияқты көрінеді.

Саясаттанушы Айдос Сарымның пікірінше, көрші елдердегі революциялардан соң Қазақстанда қоғамдық көңіл-күй өзгерді. Азаматтар билікті ауыстыруға болатынын түсінді, бірақ "түрлі-түсті революциядан" өткен елдердің кейбірінде өзгеріс аз екенін байқаған соң әліптің артын бағып отыр.

— Азаматтық қоғам пікірталасқа қатысып, реформа жасауды талап ету мүмкіндігіне ие болғаны талассыз дүние. Қазір біздегі қоғам түрлі революцияларды бақылап, стандарттарын нығайта түсті. Бірақ өмір өзгерген жоқ, қоғам күту мен шынайы өмір арасындағы алшақтықтың зор екеніне қиналады. Қазақстанға саяси реформа жасау үшін үлгі керек, әзірге оны тек Грузиядан байқаймыз. Тіпті президент Назарбаевтың өзі соған меңзейді. Себебі қоғам "полицияда реформаны Грузия сияқты жасау керек" деп ойлайды, ол стандартқа айналды. Алайда біздің үмітіміз постсоветтік жемқорлыққа "тұншығып жатыр", сондықтан адамдар "құны сондай жоғары болса, өзгеріссіз қала берейік" деген қорытынды жасайды, - дейді Айдос Сарым.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG