Accessibility links

Саакашвили "Польшаға депортацияланды"


Михаил Саакашвили, Грузияның бұрынғы президенті және Одесса облысының экс-губернаторы. Киев, 9 ақпан 2018 жыл.
Михаил Саакашвили, Грузияның бұрынғы президенті және Одесса облысының экс-губернаторы. Киев, 9 ақпан 2018 жыл.

Украинадағы оппозиция саясаткері Михаил Саакашвилидің Киевте ұсталып, Польшаға депортацияланғаны хабарланды. Оның наразы жақтастары Борисполь әуежайына жиналып тұр.

Украинадағы "Жаңа күш" оппозициялық қозғалысының жетекшісі Михаил Саакашвили 12 ақпанда "Польшаға депортацияланған" болып шықты. Бұл туралы "Интерфакс-Украина" ақпарат құралы хабарлады. Бұған дейін "Украинская правда" атты ақпарат құралы мен саясаткердің жақтаушылары Саакашвилиді маска киген белгісіз адамдардың минивэн көлігімен "Сулугуни" ресторанынан ұстап әкеткенін жариялаған.

Саакашвилидің серігі Давид Сакваредлизенің Facebook-те жазуынша, саясаткерді Киевтегі оның "Жаңа күш" партиясының кеңсесі маңындағы "Сулугуни" грузин ресторанынан дүйсенбіде әлдекімдер ұстап әкеткен.

Саакашвилидің Facebook парақшасында жарияланған мәліметке сәйкес оны беті бүркелген адамдар алып кеткен. "Ұрлап әкетушілер ақ түсті үш Volkswagen минивэн көлігіне мінген" деп жазылған мәтінде.

Жарияланған қысқа видеода әскери киімді ер адамдар басқа бір адамды ресторан ішінде ұстауға тырысып жатыр. Қарулылар әлгі адамға қозғалмай жатуды бұйырады. Біреуі теуіп қалады.

Бір апта бұрын Украина соты Михаил Саакашвилидің экстрадициядан қорғау туралы өтінішін қанағаттандырмай тастаған.

Жақтастары бұл үкім саясаткердің Грузияға депортациялану ықтималдығын күшейте түсті деп алаңдаған еді. Тбилиси Саакашвилидің үстінен қылмыстық іс қозғаған. Соңғы жылдары Украина азаматтығын алып, Одесса облысын басқарып және оппозицияға өтіп үлгерген саясаткер Грузияда саяси себеппен қудаланып жатырмын деп санайды. Былтыр оны Украина билігі азаматтығынан айырған болатын.

Сакварелидзе жақтастарын грузин ресторанының маңына шақырып, Саакашвилиге араша түсуге шақырды. Ол Facebook постында сол тұсқа келген минивэндердің бірінің нөмірін жариялаған.

Ал "Жаңа күш" оппозициялық партиясы Саакашвилидің басына түскен жағдайды "бандиттердің адам ұрлауы" деп сипаттады.

Сакварелидзе Азаттыққа берген комментариінде Саакашвилидің нақты қайда әкетілгенін білмейтінін хабарлады. Бірақ Facebook парақшасында оны елден депортациялатпауға күш салу үшін Борисполь әуежайына бара жатқанын айтты.

Саакашвилидің ұсталғаны туралы хабар тарай сала "Украинская правда" атты ақпарат құралы аты-жөні аталмаған күш құрылымындағы дерек көзіне сілтеме жасап, саясаткердің Еуропаға депортациялатыны туралы ақпар таратты. TSN ақпарат агенттігі Саакашвили Польшаға жіберіледі деген мәлімет берді.

- [Порошенко] саяси бәсеке мәселесін осылай шешуге көшті. Ол украиналықтардың жаңа қозғалысты жақтайтынын, үкіметті өзгерткісі келетінін біледі, - деді Сакварелидзе Азаттыққа.

Украинаның қауіпсіздік қызметі Азаттыққа Саакашвилиді ұстамағанын мәлімдеді, ал полиция Reuters-ке бұл шараға өздерінің қатысы жоқ екенін айтқан.

2004-2013 жылдары Грузияны басқарған реформатор Саакашвили 2015 жылы Украина азаматтығын қабылдап, Грузия азаматтығынан айырылған. Сол кезде оған Украина президенті Петр Порошенко Одесса облысының губернаторы қызметін ұсынған еді. Бірақ Саакашвили 2016 жылғы қарашада үкіметті жемқорлықпен күресіне кедергі жасады деп айыптап, отставкаға кеткен. Содан кейін президентті қатты сынай бастаған.

2014 жылғы батысшыл Еуромайдан шеруінен кейін Ресейге қашқан Виктор Януковичтің орнына сайланған Петр Порошенко былтыр шілдеде шетелде жүрген Саакашвилиді Украина азаматтығынан айырған.

Қыркүйекте Саакашвили Польша жақтан Украинаға кіріп, Порошенкоға қарсы оппозициялық топтың жетекшісіне айналған және бірнеше рет сотқа тартылған. Украина билігі Саакашвилиді Януковичтің "қылмыстық тобына қатысы бар" және "Ресейдің Киевке қарсы арандату жоспарының бір бөлігі" деп айыптайды. Грузия президенті болып тұрған кезінде Ресеймен қарулы қақтығысты бастан өткерген Саакашвили бұл айыптауларды "абсурд" деп сипаттайды.

Көре отырыңыз: Саакашвилиді жақтаушылардың наразылығы туралы Азаттықтың Украин қызметінің Борисполь әуежайынан тікелей трансляциясы

XS
SM
MD
LG