Accessibility links

Астанада Сирия келіссөзінің 11-кезеңі басталды


Астанадағы Сирия келіссөзі. 15 мамыр 2018 жыл (Көрнекі сурет)
Астанадағы Сирия келіссөзі. 15 мамыр 2018 жыл (Көрнекі сурет)

Астанада қарашаның 28-і күні Сирия бейбіт келіссөзінің он бірінші кезеңі басталды. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, келіссөзге оған қатысушы барлық тарап, оның ішінде Сирия қарулы оппозициясының делегациясы мен БҰҰ-ның Сирия бойынша елшісі Стаффан де Мистура келді. Ресей делегациясын президенттің Сирия бойынша арнайы өкілі Александр Лаврентьев, Түркия делегациясын сыртқы істер министрінің орынбасары Седат Онал, Иран делегациясын сыртқы істер министрінің саяси мәселелер бойынша көмекшісі Хусейн Джабери Ансари бастап келді.

Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов бұған дейін келіссөзде кепіл елдер - Ресей, Иран және Түркия Сирияның Идлиб провинциясындағы жағдайды, босқындарды еліне қайтаруға жағдай жасау және дағдарыстан кейінгі Сирияны қалпына келтіруге қатысты мәселелерді талқылайтынын хабарлаған.

Министр келіссөзге АҚШ бақылаушылары келмейтінін айтқан. Оның сөзінше, АҚШ террорлық топтармен, ең алдымен ИМ-мен күрес мәселесіне көбірек көңіл бөледі, ал келіссөздің күн тәртібіне "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымымен күрес мәселесі енгізілмеген.

Сирия келіссөзінің бұған дейінгі раунды Астанада 14-15 мамыр күндері өткен. Ол кездесу қорытындысында Иран, Ресей және Түркия жасаған ортақ мәлімдемеде Сирияның тәуелсіздігі, бірлігі мен аумақтық тұтастығын сақтаудың, 2017 жылдың 4 мамырында қабылданған деэскалация аймағын құру туралы меморандум және Астанадағы келіссөздер барысында келісілген өзге де құжаттарды жүзеге асырудың маңыздылығы айтылған. Бұл келіссөзден кейін Сочиде және Анкарада екі кездесу өткен.

Астанадағы Сирия келіссөзі 29 қараша күні де жалғасады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG