Accessibility links

Польша соты: Валенса Качиньскийден кешірім сұрасын


Лех Валенса, Польшаның бұрынғы президенті.
Лех Валенса, Польшаның бұрынғы президенті.

Польша президенті экс-президент, "Солидарность" қозғалысының бұрынғы жетекшісі Лех Валенсаны іс басындағы "Құқық және әділеттілік" партиясының басшысы Ярослав Качиньскийден кешірім сұрауға міндеттеді.

Валенса Качиньскийді 2010 жылы Смоленск түбіндегі ұшақ апатына жанама әсер еткен іс-қимыл жасады деп айыптаған. Ол ұшақ апатында Ярослав Качиньскийдің бауыры, Польшаның сол кездегі президенті Лех Качиньский қаза тапқан.

Гданьск соты Качиньскийдің ұшақ апатына кінәсі бары дәлелденбегенін айтып, Валенсаны оның абыройы мен ар-намысына тіл тигізді деп айыптады.

Валенса Facebook-тегі парақшасында Ярослав Качиньский апаттан бір сағат бұрын бауырына қоңырау шалып, оны Смоленск әуежайына қону қажеттігіне сендірмек болғанын жазған. Судья бұл пікірдің негізсіз екенін, себебі Ярослав Качиньскийдің бауырымен телефонмен сөйлескен жазбасы жоғын айтады.

Дегенмен, сот Валенсаны Качиньскийден "жүйкесі ауырады" деген сөзі үшін кешірім сұрауға және Качиньский талап еткен 7900 доллар көлеміндегі өтемақы төлеуге міндеттемеді.

2010 жылы 10 сәуірде Ресейдің Смоленск қаласының түбінде Польша үкіметінің ұшағы апатқа ұшырап, борттағы 95 адам түгел қаза тапқан. Құрбан болғандар арасында Лех Качиньскийден өзге парламент депутаттары, министрлер мен басқа да белгілі қоғам қайраткерлері бар.

Польша үкіметінің делегациясы Ресейге Катынь елді мекенінде совет билігінің нұсқауымен атылған поляк офицерлерін еске алу шарасына ұшып бара жатқан еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG