Accessibility links

Шымкентте белсенді Сүйін Абулда сотталды


Белсенді Сүйін Абулда сот үкімін тыңдап тұр. Шымкент, 10 желтоқсан 2018 жыл.
Белсенді Сүйін Абулда сот үкімін тыңдап тұр. Шымкент, 10 желтоқсан 2018 жыл.

Желтоқсанның 10-ы күні Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Еркебұлан Төлешов азаматтық белсенді Сүйін Абулдаға 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Сот оны Қылмыстық кодекстің 420-бабымен ("Сарапшының, маманның көрінеу жалған айғақтары, қорытындылары немесе қате аударма") айыпты деп таныды.

Судья онымен бірге істі болған бұрынғы Шымкент қалалық тұрғын үй инспекциясының жетекшісі Марат Жұмановты Қылмыстық кодекстің 419-бабы ("Көрінеу жалған сөз жеткізу") және 420-бабы бойынша кінәлі деп танып, оған да бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Прокурор Бақытжан Ақәділов 7 желтоқсанда өткен жарыссөзде екі сотталушыны бес жылға соттауды сұраған еді.

Сот үкімімен соң Сүйін Абулда Азаттық тілшісіне сот үкімімен келіспейтінін, оның саяси астары барын айтты. Үкімге қатысты пікірін білдіріп жатқанда оны сот қызметкері сөзін аяқтатпай, залдан алып кетті. Анасы Бегайым Темірбекова ұлының кінәсіз екенін, сот үкіміне шағымданатынын айтты.

Азаматтық белсенді Сүйін Абулда алаяқтық ісі бойынша тергеушіге куәлік берген. Оның сөзінше, іс бір тергеушіден екіншісіне өткен кезде құжатқа "естідім" деген сөз "көрдім" болып жазылып, бұрмаланған.

2017 жылдың 8 желтоқсанында Әл-Фараби аудандық соты Сүйін Абулданы екі айға қамауға алу туралы санкция берген. Түркістан облыстық сотына апелляциялық шағым түсірген белсенді кепілмен қамаудан босатылған.

Сүйін Абулда Азаттыққа кепілмен қамаудан босаудың өзі "үлкен машақат болғанын", бұл істің "азаматтық белсенділігімен байланысты, саяси астары бар" деп білетінін айтқан.

Белсенді бұған дейін 2016 жылдың 18 мамыры күні жер мәселесі бойынша митинг өтуі мүмкін екені туралы хабар таратқаны үшін 15 тәулікке қамалған. Сол уақытта бірнеше қалада үкіметтің жер реформасына қарсы тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы ең ірі әлеуметтік толқу болған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG