Accessibility links

Ирландия парламенті абортты заңдастыруды мақұлдады


Дублиндегі үкімет үйі алдындағы Ирландия туы. (Көрнекі сурет.)
Дублиндегі үкімет үйі алдындағы Ирландия туы. (Көрнекі сурет.)

Ирландия парламенті елде абортты заңдастыру туралы заң жобасын қолдап дауыс берді. Енді президент қол қойғаннан кейін заң күшіне енбек.

Заң жобасы бойынша, Ирландияда жүктілік мерзімі 12 аптадан аспаған, ал егер анасының өміріне қауіп тудырған жағдайда немесе жатырдағы нәрестенің аса ауыр сырқат екені анықталған болса одан да жүктілік мерзімі ұлғайған әйелге аборт жасауға рұқсат беріледі. Ирландия премьер-министрі Лео Варадкар парламенттің шешімін "ирландиялық әйелдер үшін тарихи сәт" деп атаған.

Мамыр айында Ирландияда аборт мәселесі бойынша өткен бүкілхалықтық референдум қорытындысы бойынша, дауыс беруге қатысқан ел азаматтарының 66,4 пайыға жуығы абортты заңдастыруды қолдап, 33,6 пайызы оған қарсы болған. Референдумге Ирландия азаматтарының 64,1 пайызы қатысқан.


Ирландия Конституциясына 1983 жылы енгізілген түзету бойынша, жүкті әйел мен оның құрсағындағы нәрестеге бірдей өмір сүру құқығы берілген болатын. Енді жаңа заң күшіне енсе ол түзету жойылады.

Ирландияда осыған дейін қолданыстағы абортқа қарсы заң – әлем бойынша ең қатаң заңдардың бірі. Бұған қоса елде жүктіліктің алдын алу үшін пайдаланылатын таблеткалар сатуға да тыйым салынған. Ирландияның қазіргі заңы бойынша, жүктілік әйелдің денсаулығына қатер төндірген жағдайда ғана оған аборт жасатуға рұқсат етіледі. Өзге жағдайларда аборт жасатқан әйелге 14 жылға дейін түрме жазасын тағайындау қарастырылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG