Accessibility links

АҚШ Сенатының есебі Ресейдің сайлауға ықпалын сараптады


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

АҚШ Конгресінің жоғарғы палатасы 17 желтоқсан күні жариялаған екі зерттеу 2016 жылғы президент сайлауы кезінде ресейлік агенттердің америкалық дауыс берушілерге қалай ықпал еткенін сипаттайды.

Зерттеуді Сенаттың Барлау комитеті әзірлеген. Бұл комитет - екі жыл бұрынғы президент сайлауында Ресейдің қандай жолмен Дональд Трамптың жеңіп шығуына әсер еткенін тексеріп жатқан негізгі топтардың бірі.

Twitter, Facebook, Instagram мен YouTube желілерінде жарияланған миллиондаған пост, видео мен фотосуретті сүзіп шыққан есеп авторлары Ресейдің жоғарғы технология құралдарын пайдалану арқылы жалған ақпарат тарату әдістерін баяндаған.

18 желтоқсан күні Ресей президенті Владимир Путиннің өкілі бұл екі есепті "негізсіз" деп атады. Бірақ қарымта аргумент келтірмеді.

АҚШ-тың барлау органдары 2017 жылғы қаңтар айында жариялаған есепке сәйкес, Мәскеу сайлау кезінде республикашыл кандидат Дональд Трампты қолай көріп, оның демократ қарсыласы Хиллари Клинтонды жағымсыз кейіпте көрсетуге тырысқан. Кремль Клинтонның көмекшілері мен партия кеңсесінің компьютерлеріне хакерлік шабуыл жасап, әлеуметтік желіде кең ауқымды қаралау науқанын ұйымдастырды деген айыпқа ұшыраған.

Құжатқа сәйкес Санкт-Петербургте орналасқан "Интернетті зерттеу агенттігі" атты ұйым Facebook, Google мен Twitter әлеуметтік желілерінде көптеген жалған аккаунт ашып, америкалық сайлаушылардың арасында теріс ақпарат таратып, күдік-күмән ұялатып, Трампты қолдауға шақырып, Клинтонды кемсіте сынап отырған.

Сенат дүйсенбіде жариялаған екі есептің біреуінде ресейліктердің АҚШ сайлауына араласу әрекеті туралы жаңа ақпарат бар. Құжатқа сәйкес Санкт-Петербургте орналасқан "Интернетті зерттеу агенттігі" атты ұйым Facebook, Google мен Twitter әлеуметтік желілерінде көптеген жалған аккаунт ашып, америкалық сайлаушылардың арасында теріс ақпарат таратып, күдік-күмән ұялатып, Трампты қолдауға шақырып, Клинтонды кемсіте сынап отырған.

"Ресейдің тролльдер фабрикасы" деп аталып кеткен "Интернетті зерттеу агенттігін" Кремльмен байланысы күшті бизнесмен Евгений Пригожин қаржыландырады. Биыл ақпанда Пригожин мен тағы 12 ресейлікке арнайы уәкіл Роберт Мюллер басқаратын тексеру комиссиясы қаржылық алаяқтық жасады, жеке бас мәліметін ұрлады деген айып таққан.

The Washington Post газеті бірінші жариялаған Сенаттың есебінде: "Бір анық жайт - барлық мәтіндер Республикалық партияның, әсіресе Дональд Трамптың мүддесін көздеген" деген жолдар бар.

Бірінші зерттеуді жазуға Оксфорд университетінің "Компьютерлік пропаганда" жобасы мен Graphika атты әлеуметтік желіні сараптау компаниясы қатысқан.

Екі есеп Ресей қаржыландыратын тролльдердің америкалық консерваторлардың көші-қон мен қару иелену хақы сияқты мәселелерге қатысты ашу-ызасын қалай тудырғанына да назар аударған.

Екінші есепті әзірлеуге New Knowledge тобының, Колумбия университетінің және Canfield Research ұйымының сарапшылары қатысқан. Бұл құжат ресейлік агенттердің Демократиялық партияға іш тартатын афро-америкалықтардың көңіліне сайлау жүйесі туралы күдік-күмән салу және көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату әрекетін сипаттайды.

New Knowledge тобы әзірлеген құжатта: "[Ресейлік агенттердің жобасы] әлеуметтік жікшілдікті қоздыру, шындық пен жалғанның арасын бұлыңғырлату, ақпарат құралдарына, үкіметке, [азаматтардың] бір-біріне және демократияға деген сенімді азайту үшін жасалған" деген қорытынды бар.

"[Ресейлік агенттердің жобасы] әлеуметтік жікшілдікті қоздыру, шындық пен жалғанның арасын бұлыңғырлату, ақпарат құралдарына, үкіметке, [азаматтардың] бір-біріне және демократияға деген сенімді азайту үшін жасалған"

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтің сөзінше, бұл есептер АҚШ-тың ішкі әлеуметтік наразылығы үшін Ресейді кінәлау әрекетіне ұқсайды және Кремльдің сайлауға араласуына қатысты айғақ келтірмейді.

18 желтоқсан күні Песков журналистерге: "Тағы бір қайталаймын, келіспейміз, бұны мүлдем негізсіз деп санаймыз" деді.

Сенаттың екі есебі 2016 жыл мен 2017 жылдың жартысында болған сайлауға қатысты онлайн іс-әрекетті зерттеп шыққан. Бұл есепке АҚШ-та қарашада өткен аралық сайлау кірмеген. Ақ үй аралық сайлауға шетелдік агенттердің араласу ықтималдығын тексеру үшін арнайы есеп дайындауға пәрмен еткен. Ол құжат 21 желтоқсан күні жарияланады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG