Accessibility links

Сот "терроризм" айыбымен сотталған әйелдің жазасын жеңілдетпеді


Жанна Өмірова жазасын жеңілдету өтініші қаралған сот процесінде отыр. Алматы облысы, 21 желтоқсан 2018 жыл.

Алматы облысы Іле аудандық сотының судьясы Ертарғын Сәдуақасов Қапшағайдың 36 жастағы тұрғыны Жанна Өмірованың жазасын жеңілдетуді сұраған өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. Өмірова бас бостандығынан айыру жазасының өтелмеген бөлігін бас еркіндігін шектеу жазасына алмастыруды сұраған. Ол жазасы жеңілдесе үйінде кәмелетке толмаған балаларымен бірге болуға мүмкіндік туады деп үміттенген.

Жанна Өмірова 2017 жылы 14 маусымда діни алауыздықты қоздырды және терроризмді насихаттады деген айыптармен бес жылға сотталып, жазасын Алматы облысындағы әйелдер түрмесінде өтеп жатыр. Оның түрме жазасы тұтқындалған 2017 жылдың қаңтарынан бастап есептеледі. Судья Сәдуақасов өзі шығарған сот қаулысы үстінен Алматы облыстық сотына шағымдануға болатынын айтты.

Жанан Өмірова отырған әйелдер түрмесі басшылығының өкілі оның бұған дейін 11 рет тәртіптік жазаға тартылғанын, ынталандыру алмағанын айтты. Дегенмен, түрме өкілі Өмірованы ынталандыру туралы рапорт қаралып жатқанын жеткізді.

Прокурор Сұңғат Сәтбаев Жанна Өмірова түрмеде тәртібі жақсы деген баға алмағандықтан өтінішін қанағаттандыруға қарсылық танытты.

Жанна Өмірованың адвокаты Айман Омарова заңда жазаның өтелмеген бөлігін жеңілдету үшін түрмедегі тәртібі оң болуы тиіс деген шарт жоғын айтып, прокурорға қарсылық білдірді. Адвокаттың айтуынша, сот материалдарынан сотталушының түзеле бастағанын аңғаруға болады. Адвокаттың сөзінше, Жанна Өмірованың кәмелет жасына толмаған екі баласы бар, оларды 66 жастағы науқас анасы қарап отыр. Айман Омарова сотталушының бас еркіндігін шектеу қылмыстық жазадан босату емесін, сондықтан Өмірованың өтініші қанағаттандырылған жағдайда оның бақылауда болатынын айтты.

Сотта сөйлеген Өмірова алғашқы сот инстанциясы өзіне тым қатаң жаза кескенін және түзелгенін айтып, өтінішін қанағаттандыруды сұрады.

Жанна Өмірованың күйеуі Жақшыбек Бимурзаев "терроризмді насихаттады" деген айыппен 25 жылға сотталған. Оның түрмеде жазасын өтеп жатқанына он жылдан асқан.

Оқи отырыңыз: «Терроризм» айыбымен сотталған азаматтың әйелі де түрмеге кетті

Тергеу болжамы бойынша, Жанна Өмірова тыйым салынған діни аудиодәрістерді әлеуметтік желілер арқылы таратумен айналысқан. Сарапшылар ол аудиодәрістер "Солтүстік Кавказда әрекет еткен террористік топтың өкілі Саид Бурятскийдің үндеулері" деген қорытынды жасаған. Алматының Алмалы аудандық қылмыстық істер соты оның ісін мамырдың 18-інде қарай бастаған.

Өмірова әлеуметтік желіде тыйым салынған діни материалдарды таратты деген айыппен сотқа тартылған. Ол былтыр сотта "Мой мир" әлеуметтік желісіндегі парақшасында Саид Бурятскийдің аудиодәрістерін (Ресей арнайы қызметінің Кавказдағы қарулы исламшыл астыртын топқа қарсы операциясы кезінде өлтірілген мұсылман уағызшысы) өзі ғана қолдану үшін жариялағанын, ешкіммен бөліспегенін және насихаттамағанын айтқан.

Мұндай сипаттағы өзге қылмыстық істердің көбі сияқты Жанна Өмірованың ісін де ҰҚК органдары тергеген. Кейінгі бірнеше жыл ішінде терроризм немесе терроризмді насихаттау айыбымен мұсылман азшылық өкілдерін құрайтын ондаған қазақстандық сотталды. Мұндай сот процестерінің көбі жабық режимде өтеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG