Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауыты таяу жылдары салынбайтынын және оған әзірге мұқтаждық жоғын мәлімдеді. Бұл туралы ол 26 желтоқсан күні өткен брифингте айтты.
"Төртінші мұнай өңдеу зауыты салЫнбайды. Себебі, "ҚазМұнайГаз" екі әлемдік компанияны тартып, талдау жасады. Біз оның қорытындысы бойынша, үкіметке модернизация арқасында зауыт салуды 2026-2027 жылдарға дейін ысыруға болатынын жеткіздік" деді Бозымбаев.
Оның сөзінше, егер қоғамдық көліктер мен басқа да көліктер газға көшіру жоспары орындалса, онда 400 мыңнан 500 мың тоннаға дейін дизель үнемдеуге болады, соның нәтижесінде тіпті 2030 жылға дейін зауыт салуға қажеттілік туындамайды.
Қазақстанда Атырау, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарынан өзге тағы бір мұнай өңдеу зауытын салуды биліктің сөз еткеніне он жылға таяды. 2009 жылы сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімов елге жаңа мұнай зауыты қажеттігін айтып, оның құрылысы шамамен 3,5 миллиард долларға түседі деп мәлімдеген. Кейін мұнай және газ министрлігі жаңа зауыттың құнын 6 миллиард долларға жеткізген.
Оқи отырыңыз: "Жаңа зауыт салғанмен, оған шикізат жетіспеуі мүмкін"
Жаңа зауыт салу қажеттігі жайлы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та 2013-2014 жылдары бірнеше рет мәлімдеп, құрылысын бастауды тапсырған. Бірақ зауыт құрылысы сол күйі басталған жоқ.
ПІКІРЛЕР