Accessibility links

АҚШ-тың сұрауымен Тынық мұхиттағы аралда Ресей азаматын ұстаған


Сайпан аралы.
Сайпан аралы.

АҚШ федералдық тергеу бюросы (FBI) іздеу жариялаған Ресей азаматы Дмитрий Макаренконы Тынық мұхиттағы аралда ұстаған. Saipan Tribune басылымының хабарлауынша, Макаренконы өткен жылы 29 желтоқсанда Австралияның жанындағы Солтүстік Мариан аралдарына енетін Сайпан аралында тұтқындаған.

Басылымның жазуынша, экспортқа шығаруға тыйым салынған әскери техниканы Ресейге заңсыз жібермек болған және күмәнді ақшаны заңдастыруға қатысы бар деген күдікке іліккен Макаренконы тұтқындау туралы ордер 2017 жылы АҚШ-тың Флорида штатында берілген. Бұл іс бойынша айыпталған тағы бір адам Владимир Неведомый былтыр маусымда АҚШ сотының үкімімен 26 айға түрмеге қамалған.

Ресей сыртқы істер министрлігі таратқан ақпаратта Сайпан аралына әйелі, кәмелетке толмаған балалары және ата-анасымен бірге барған 1979 жылы туған ресейлік Дмитрий Макаренконы әуежайға түскен бетте ұстағаны жазылған. Министрлік Ресейдің Вашингтондағы елшілігі өз елінің азаматы ұсталғаны туралы АҚШ ресми орындарынан емес, Макаренконың туыстарынан естіп-білгендерін айтады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG