Accessibility links

Трамп пен демократтар "дуал дауында" келісімге келе алмады


АҚШ конгресі өкілдер палатасының спикері болып сайланған Нэнси Пелосиді (ортада) әріптестері құттықтап жатыр. Вашингтон, 3 қаңтар 2019 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп 4 қаңтарда Ақ үйде конгресс лидерлерімен кездескеннен кейін баспасөз мәслихатын өткізді.

Трамп елдің оңтүстігіндегі шекара арқылы келетін заңсыз иммиграция мәселесі көптеген жылдар бойы шешімін таппай келеді, бұл әсіресе АҚШ-тың шекара бойындағы штаттарында қылмыстың көбеюі, есірткі және адам саудасының ұлғаюы тәрізді қиындықтар тудырды деп мәлімдеді. Сондықтан, Трамптың пікірінше, Мексикамен шекарада дуал құрылысын салу – уақыт күттірмейтін қажеттілік.

Трамптан кейін сөйлеген вице-президент Майк Пенс конгрестің өкілдер палатасының жаңадан сайланған спикері демократ Нэнси Пелоси және сенаттағы демократтар лидері Чак Шумермен келіссөз "жемісті" болды деді.

Бірақ сол күні журналистердің сұрағына берген жауабында Нэнси Пелоси жұма күні Ақ үйде өткен "өткір" әрі күрделі әңгіменің дағдарысты шешуге көмектесетіндей нәтижелі болмағанын айтты. Чак Шумер президент Трамптың қазіргі үкімет жұмысының ішінара тоқтап тұруы ("шатдаун") "айларға, тіпті жылдарға" созылуы мүмкін деген сөзін атап өтті.

Оқи отырыңыз: "Дуал салуға қаржы бөлінбесе, үкімет жұмысы жанданбайды"

Кейінірек Ақ үйдің қасында журналистердің "шатдаун" қаншаға созылуы ықтимал деген сұрағына берген жауабында Трамп оның ұзаққа жалғасуы мүмкін екенін жоққа шығармайтынын айтқан. Бұған қоса президент екі партия өкілдерінен тұратын жұмысшы топтары құрылатынын жариялаған. Оның сөзінше, жұмысшы топтары осы аптаның демалыс күндері қазіргі қалыптасқан саяси дағдарыстан шығудың шешімін әзірлеумен айналысады.

Соңғы күндері Дональд Трамп Мексикамен шекарада дуал тұрғызуға мемлекеттік бюджеттен 5 миллиард доллар қаржы бөлу туралы талабына демократтар келісім бермейінше "шатдаун" жалғаса береді деп бірнеше мәрте мәлімдеген. Шекарада дуал тұрғызуды ол "ұлттық қауіпсіздікті нығайту мәселесі" деп атап, оның кезек күттірмейтін міндет екенін айтқан.


ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

AzatNews 18.01.2019
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:15:05 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG