Accessibility links

"ҚДТ-ны қолдаған" Ақбердиеваның сотында арызданушы сөйледі


Айгүл Ақбердиева (сол жақта) мен адвокаты Жанар Сүндетқалиева. Ақтау қаласы. 11 қаңтар 2019 жыл.

11 қаңтарда Ақтау қалалық сотында Қазақстанда тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) Telegram чатындағы жазбалары арқылы "билікті күштеп басып алуға шақырды" деп айыпталған 39 жастағы Айгүл Ақбердиеваның соты жалғасты.

Сотта Айгүл Ақбердиеваның күдікке ілінуіне негіз болған арыз иесі Әлия Ембергенова жауап берді. Оның айтуынша, белгісіз біреу оны "Роза" деген никпен "ДВК-Активист" Telegram чатына қосқан соң ондағы жазбалар мен аудиоларды көрген.

- Менің ойымша, чатта адамдар президенттің (Нұрсұлтан Назарбаевтың - ред.) жүргізіп отырған әлеуметтік-экономикалық саясатына қарсы болып, оның орнынан кетуін талап етіп, бейбіт митингіге шақырды. Бірақ мен 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасын есіме алып, соңы жақсылыққа апармас деп қорықтым. Сол себепті арыз жаздым,- деді ол соттағы сөзінде.

Адвокат Жанар Сүндетқалиева қосымша куәгер ретінде шақырған Маңғыстау облыстық полиция департаментінің тергеушілері Айдос Қадиев, Назарбай Жанбаев, ҰҚК департаменті қызметкері Ержан Бисенбаев келмегендіктен сот кейінге қалды.

Отырысқа айыптау тарабы куә ретінде шақырған полиция қызметкерлері Қасымбек Арыстанов, Олжас Үкібаев, Ыбырай Жолай да келмеді.

Судья Гүлнар Байтұрова келесі сот отырысының 17 қаңтарда жалғасатынын хабарлады.

39 жастағы Ақбердиеваға қатысты қылмыстық іс 2018 жылдың 24 қыркүйегінен бері жалғасып келеді. Сол жылы 20 қыркүйекте сот оның күйеуі 45 жастағы Абловас Жұмаевты да ҚДТ чатындағы жазбалары үшін "әлеуметтік алауыздық тудырды", "билікті күштеп құлатпақ болды" деп айыптап, үш жылғабас бостандығынан айырған еді.

Жұмаев айыбын мойындамай, апелляциялық шағым түсірген, бірақ 2018 жылы 5 желтоқсанда Маңғыстау облыстық апелляциялық соты алдыңғы үкімді өзгеріссіз қалдырған. Ерлі-зайыпты Жұмаев пен Ақбердиева өздеріне тағылған айыптың саяси астары бар деп санайды.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Жұмаевтың есімін былтыр саяси тұтқындар тізіміне енгізген. Бірақ билік елде саяси себеппен сотталған тұтқындар барын терістейді.

2018 жылғы 13 наурызда Астана соты бас прокуратураның арызымен шетелде тұратын бұрынғы банкир әрі биліктің сыншысы Мұхтар Әбілязов басқаратын ҚДТ қозғалысын "экстремистік" деп танып, Қазақстан аумағында тыйым салған. Содан бері осы қозғалыстың жақтастарына қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG