Accessibility links

БАҚ: Еуропа одағы Brexit-ті 2020 жылға қалдыруға дайын


Лондондағы Brexit-ке қарсылық акциясы. Қараша 2018 жыл (Көрнекі сурет).
Лондондағы Brexit-ке қарсылық акциясы. Қараша 2018 жыл (Көрнекі сурет).

Еуропа одағы (ЕО) Ұлыбританияның одақ құрамынан шығуы жөніндегі келісім шарттары анықталмай жатқанына байланысты Brexit-ті 2020 жылға қалдыруға дайын. Бұл туралы The Times газеті жазды. Бұған дейін жасалған келісім бойынша, Ұлыбритания ЕО-дан 2019 жылдың 29 наурызында шығады. ЕО елдері Brexit келісімін былтыр қарашада мақұлдаған. Бірақ құжат жобасын Ұлыбритания парламенті қолдамады.

Тереза Мэй ұсынған келісім жобасы парламенттен өтпей қалған соң оппозициялық Лейбористік партия жетекшісі Джереми Корбин парламентке үкіметке сенімсіздік білдіру мәселесін дауысқа салуды ұсынған. 16 қаңтарда Ұлыбритания парламенті депутаттары Тереза Мэйге сенім білдірген. Енді Мэй үкіметі парламентке балама келісім жобасын ұсынуы керек.

Егер құжат мақұлданбаса, Ұлыбритания үкіметі ЕО құрамынан 29 наурызда ешқандай келісімсіз шығып кетуді ойластырып отыр. Сарапшылар егер ЕО-мен арада қандай да бір келісім жасалмаса Ұлыбритания экономикасында бей-берекетсіздік орнайды деп ескертеді.

Тереза Мэйдің жоспарын сынайтындар, оның ішінде премьердің өз партиясынан сайланған депутаттар құжат Ұлыбританияны ЕО ережелеріне тәуелді қылып, дербес сауда саясатын жүргізе алмайтындай күйге түсіреді деп санайды. Ұлыбританияның ЕО құрамында қала беруін қолдайтындар Brexit іске асса, елдің ЕО-мен экономикалық қарым-қатынасы қазіргіден нашарлап кетеді деп қауіптенеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG