Accessibility links

Әкім орынбасарын "атқандардың" соты басталды


Аудан әкімінің орынбасарына шабуыл жасау ісі бойынша сот отырысы. 22 қаңтар 2019 жыл.
Аудан әкімінің орынбасарына шабуыл жасау ісі бойынша сот отырысы. 22 қаңтар 2019 жыл.

Түркістан облысы Төле би аудандық сотында аудан әкімінің орынбасары Рабиға Бейсебаеваны үйінің маңында атып кеткендерге қатысты сот басталды. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

22 қаңтардағы сот отырысына төрт айыпталушы, жәбірленуші Рабиға Бейсебаева және адвокаттар қатысты. Істі судья Жәнібек Сейітжаппаров қарап жатыр.

Сот айыпталушылар - Әлиxан Амалбаев пен Серік Бектановтың кепілмен босату туралы талап-тілегін қанағаттандырмады. Бұдан соң прокурор Алмаз Сағындықов айыптау актісін оқыды.

Айыптау актісіне сай, Бектанов әкім орынбасары Бейсебаевамен араздасып қалған және кек алу үшін қастандық жасауды Төребеков, Тазабеков және Амалбаевтарға тапсырған. Оларға 1 миллион 300 мың теңге беретінін айтқан. Тапсырысты орындаушылар Бейсебаеваны үйінің маңында сабап, атып кеткен. Әкім орынбасары жараланып, Ленгір қалалық ауруxанасына түскен.

Амалбаевқа Қылмыстық кодекстің "Бұзақылық" бабы, Төребеков, Тазабеков және Бектановқа "Бұзақылық" және "Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттар және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" баптары бойынша айып тағылған. Амалбаев айыпты мойындамады, қалғандары жартылай мойындады.

Бұған дейін облыстық полиция департаменті күдіктілерге қатысты Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіруге оқталу" бабымен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген еді.

Оқиға былтыр 23 қазанда болған. Түркістан облысының Төле би ауданы әкімінің орынбасары Рабиға Бейсенбаеваны үйінің жанында белгісіз біреулер атып, жаралап кеткен. Дәрігерлер Бейсебаеваның "жеңіл жараланғанын, оқ басын жанап өткенін, бас сүйегі аман екенін" айтқан. Күдіктілердің екеуі оқиғадан бір күн өткен соң Тараз қаласында ұсталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG