Accessibility links

Венесуэлада оппозиция басшысы өзін президент деп жариялады


Венесуэла парламентінің спикері, оппозиция жетекшісі Хуан Гуайдо наразылық шеруінде өзін президент деп жариялап тұр. Каракас, 23 қаңтар 2019 жыл.
Венесуэла парламентінің спикері, оппозиция жетекшісі Хуан Гуайдо наразылық шеруінде өзін президент деп жариялап тұр. Каракас, 23 қаңтар 2019 жыл.

Венесуэла оппозициясының жетекшісі әрі парламент спикері Хуан Гуайдо 23 қаңтарда елдегі жаппай наразылық кезінде өзін уақытша президентпін деп жариялады.

АҚШ президенті Дональд Трамп "Венесуэла халқы Николас Мадуро режиміне батыл қарсылық танытты" деп мәлімдеп, Гуайдоға қолдау білдірді.

Трамп ұлттық ассамблеяны Венесуэланың жалғыз легитимді билік органы деп танитынын айтты.

Мемлекеттік хатшы Майк Помпео Николас Мадуроны билікті өз еркімен Гуайдоға беруге шақырды.

23 қаңтарда Венесуэлада халық президент Николас Мадуроның екінші мерзімге президент болып сайлануына қарсылық танытып, жаппай көшеге шықты. Наразылық акциялары Венесуэланың бірнеше ірі қаласында өтті.

Кеше Венесуэла вице-президенті Дельси Родригес наразылық акцияларын "АҚШ билігі және елдегі олигархтар ұйымдастырғанын" мәлімдеді.

"Бүгін жергілікті олигархтар Америка империясынан бұйрық алды. Бірақ біз отанды қорғауға шықтық" деді вице-президент мемлекеттік телеарна арқылы.

Мадуро 2018 жылдың мамыр айында өткен сайлауда формальды түрде жеңіске жетіп, 10 қаңтарда ресми түрде қызметіне кіріскен. Бірақ Мадуроның жеңісін бақылаушылар мен оппозиция мойындамай, сайлауда заң бұзушылық көп болғанын мәлімдеген. Мадуроның өзі парламентте емес, өзін қолдаған Жоғарғы сотта ант берді. Венесуэла парламенті депутаттарының дені – оппозиция жақтастары.

22 қаңтарда АҚШ вице-президенті Майк Пенс Николас Мадуроны "диктатор" деп атап, испан тілінде венесуэльдықтарға "Демократия орнамайынша, сөз бостандығы қалпына келмейінше, біз сіздермен бірге боламыз" деп мәлімдеме жасаған.

Ал Мадуро мен оның жақтастары оппозиция лидерлерін "терроршылар" деп атап, өзін жақтайтын халықты да көшеге шығаратынын мәлімдеді.

Венесуэла революция қарсаңында тұр

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG