Accessibility links

Қытайда құқық қорғаушы Ван Цюаньчжан сотталды


Қытай құқық қорғаушысы Ван Цюаньчжанның портретін ұстаған адам Гонконгте пикет өткізіп тұр. 13 шілде 2018 жыл.
Қытай құқық қорғаушысы Ван Цюаньчжанның портретін ұстаған адам Гонконгте пикет өткізіп тұр. 13 шілде 2018 жыл.

Қытай соты құқық қорғаушы Ван Цюаньчжанды төрт жарым жылға соттады. Тяньцзинь қалалық халықтық сотының 28 қаңтардағы мәлімдемесінде Ванның "мемлекет билігін құлатпақ болып, төрт жарым жылға сотталғаны және саяси құқықтарынан бес жылға айырылғаны" айтылады.

42 жастағы Ван Цюаньчжан - 2015 жылы Қытайдағы құқық қорғаушылар мен заңгерлерді жаппай қамау науқаны кезінде ұсталған 200-ден астам адвокат пен белсендінің бірі. Ван Қытайдағы Fengrui заң фирмасының мүшесі болған. Бұл фирма көптеген күрделі істерге қатысқан және Қытай коммунистік партиясын ашық сынайтындардың мүддесін қорғаған.

Ванның әйелі Ли Вензу қауіпсіздік қызметі өзін сот процесіне қатыстырмағанын айтады. Ли күйеуін босату кампаниясын үздіксіз жүргізген.

26 желтоқсан - сот процесі басталған күні Тяньцзиньдегі сотқа АҚШ, Швейцария, Ұлыбритания және Германия елшіліктерінің дипломаттары барған. Дипломаттар сот процесіне қатыстыру туралы өтініш білдірген, бірақ оларды сотқа қатыстырмаған.

Қытайда құқық қорғаушыларға қатысты сот процестері көбінесе Батыс елдерінің дипломаттары мен журналистері демалыста болатын Рождество мерекесі кезінде өткізіледі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG