Accessibility links

ҰҚК Қазақстандағы терроризм қаупіне баға берді


ҰҚК-нің терроризмге қарсы арнайы операциясы (Көрнекі сурет).

Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков комитет Қазақстандағы экстремизм мен терроризм қаупін тым жоғары деп бағалайтынын мәлімдеді. Ол бұл туралы 29 қаңтарда парламент сенатында өткен жиында айтты. Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінде өткен жиында сенатор Дариға Назарбаева Нұрғали Білісбековтен Қазақстандағы терроризм және экстремизм қаупі қай деңгейде екенін сұрады.

Білісбеков Сирия, Ирак және Ауғанстандағы қақтығыс аймақтарын ескеріп, аймаққа белгілі бір қауіп-қатер төніп тұрғанын айтты. "Біз халықаралық террорлық ұйымдар қызығып отырған аймақта орналасқанбыз. Оған Алматыда қаңтардың басында ұсталған топ дәлел бола алады. Оларға шетелден Қазақстан аумағында теракт жасауға нұсқау берген" деді Білісбеков.

ҰҚК төрағасы орынбасарының сөзінше, қазір Сирия, Ирак және Ауғанстандағы қақтығыс аймақтарында 300-ден астам қазақстандық жүр, олардың 100 шақтысы - содырлар қатарында.

Қаңтардың 14-і күні ҰҚК Орталық Азия елінен шыққан бірнеше азаматты террорлық акт жасауға дайындалды деген күдікпен ұстағанын хабарлаған. Күдіктілер уақытша тұрып жатқан орындарды тінту кезінде "қуатты жарылғыш заттар жасауға арналған құрылғылар, қару-жарақ пен оқ-дәрілер тәркіленген".

Бұған дейін 9 қаңтарда президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның 47 азаматы Сириядан оралғанын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG